Түбінде ассамблея таратылуы мүмкін
Кеше елордада Қазақстан халқы ассамблеясының ғылыми-сараптамалық кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.
Ассамблеяның 30 жыл толуына орай ұйымдастырылған жиында ассамблея төрағасының орынбасары, Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Марат Әділханов баяндама жасады.
Біз төраға орынбасарының баяндамасынан кейбір үзінділерді сөзбе-сөз келтіріп отырмыз.
– Биыл Отанымыздың тәуелсіздігіне 30 жыл толып отыр. Тұңғыш президенттің саясатымен көпэтносты, көпконфессиялы Қазақстан татулық пен келісімде өмір сүру моделін таңдады. Тарихи тұрғыдан қысқа болып көрінсе де, жас мемлекет тарихы үшін мүлде маңызды кезеңде жасалған таңдау өзінің өміршеңдігін дәлелдеді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында президент барлық этностардың мүддесін қорғауға қабілетті қоғамдық институт құру туралы тапсырма бергені белгілі. Осылайша 1995 жылы Қазақстан халқы ассамблеясы құрылды. Ассамблея мен оның мүшелері еліміздің дамуы мен қалыптасуына үлкен үлес қосып отыр. Мемлекетіміздің бүгінгі жетістіктерін мақтан ете аламыз, – деді ассамблея төрағасының орынбасары Марат Әділханов.
Ақиқаты, ассамблея қандай да бір жиын өткізген сайын, көкейде жүретін сауалды тағы да қайталағың келіп тұрады. Қазынадан орасан зор қаржы жұмсалып отырған осындай іргелі ұйым бізге керек пе? Қайта осы сауалды қойған сайын, айрықша мәртебесі бар ұйым халықтың талап-тілегін ескерудің орнына өміршең болып бара жатқандай әсер қалдырады. Қазіргі уақытта «Қазақстанның Тұңғыш президентіне Қазақстан халқы ассамблеясын өмір бойына басқару құқығы әзірленіп жатыр» деген ақпарат шықты. Мамин үкіметі қазірдің өзінде осыған байланысты тиісті қаулы қабылдап үлгергенге ұқсайды. Нақты айтқанда, Қазақстан Республикасы президентінің 2011 жылғы 7 қыркүйектегі №149 жарлығымен бекітілген «Қазақстан халқы ассамблеясы туралы ережеге» сай, 5-бапқа «Қазақстан Республикасының президентіне ассамблеяны өмір бойы басқару құқығы тиесілі, ол одан бас тарта алады» деген 5-1 бап қосылайын деп отыр. Бұған қарсылығымыз жоқ. Қарсы да бола алмаймыз.
Бірақ 2007 жылғы мамырда Конституцияға өзгеріс енгізіліп, конституциялық мәртебе берілген бұл ұйым бүгін Қазақстандағы түрлі этностардың татулығына қызмет етіп отыр ма? Соңғы он жылда елде қазақ пен басқа этностардың арасында әртүрлі қақтығыстар орын алды. Билік бұған назар аудармауға тырысып, «экономикалық, әлеуметтік, тұрмыстық, тіпті қылмыстық сипаты бар» деп баға берді. Ал ассамблея татулықты ту етіп отыр ма? Ақиқатына келгенде, қазақ халқы дархан көңілі мен қонақжайлығының арқасында ассамблеясыз-ақ кез келген этноспен тату-тәтті өмір сүре алады. Осы тұрғыдан алғанда, мәжіліске тоғыз депутат сайлау құқын беріп отырған айрықша ұйымға орасан зор қаржы жұмсалып отырғанына еріксіз басыңды шайқайсың. Негізі, Алматы мен әр аймақта орналасқан «Достық» үйіндегі этнос өкілдерінің орталықтары арқылы ассамблеясыз-ақ жұмысты жандандыруға болады.
Қазіргі уақытта ассамблеяда ғылыми-сараптамалық кеңес деген бар. Ал оның жұмысы не? Ассамблея төрағасының орынбасары Марат Әділхановтың сөзіне сенсек, «ғылыми-сараптамалық кеңес түрлі зерттеулер жүргізеді, зерттеу материалының бәрі сұранысқа ие» көрінеді. Бірақ біз үшін түсініксіз бір нәрсе бар. Сол сұранысқа ие материалдар неге баспасөз бетінде жария етілмейді? Тіпті қазақ пен дүнген арасындағы Қордай қақтығысынан кейін сарапшылар сол жерге барып, зерттеу жұмыстарын жүргізгенінен де хабардармыз. Қақтығыстың себебі неде? Алдағы уақытта оның салдары қандай болады? Келешекте қақтығысты болдырмау үшін не істелінуі керек? Зерттеу жасалынды ма, ол БАҚ-та жариялануы қажет. Өкінішке қарай, біз қазіргі уақытта ғылыми-сараптамалық кеңестің зерттеу материалдарынан мүлде хабарсызбыз.
«Осындай ел мән берерлік зерттеулердің ашық болмауының салдарынан халықтың көкейінде ассамблея керек пе?» деген сауалдар туындай береді. Ассамблеяны елдегі тұрақтылықты сақтап отырған институт ретінде көрсеткісі келетін биліктің бұл әдіс-тәсілі барған сайын ескіріп барады. Халық сене бермейтін жағдайға жетті. Бір құрметті төрағасы, жаңадан сайланған тағы төрағасы және жақында тағайындалған орынбасары бар ұйымды ел керек етіп отыр ма? Дұрысы, алдымен халықтың пікірін сұрау керек. Рас, қазіргі жүйе өмір сүріп отырғанда ассамблеяны таратып жіберу мүмкін емес. Бірақ халықтың көкейіндегі мәселе он-он бес жылдан кейін, түптің түбінде орындалуы мүмкін. Оған бек сенейік.