Туған күніңмен, Конституция!

Қазақстанның негізгі заңы және құқықтық жүйесінің өзегі – Конституцияға 27 жыл толып отыр.
Халық пен құқық эволюциясы
Қазақ халқының тарихында өз дәуірінің саяси ой-пікірін көрсететін бірнеше дала заңдары сақталған. Қазақтың дәстүрлі әдет-ғұрыптары 16 ғасырдың басында хан Қасым қабылдаған «Қасым ханның қасқа жолында» өз орнын тапты. Құқық жүйесінің эволюциясы 17 ғасырдың «Есім ханның ескі жолы» дала заңдарының кодексін қабылдаған Есім хан тұсында жалғасты. 17 ғасырдың аяғы «Жеті жарғы» әзірлеген Тәуке хан тұсындағы елеулі өзгерістермен ерекшеленді.
1926 жылы ақпанда Қазақ АССР-нің бірінші Конституциясы қабылданды. Кейіннен автономиялық республиканың одақтық республикаға айналуына байланысты 1937 жылы наурызда Кеңестер съезі Қазақ КСР-нің бірінші Конституциясын қабылдады.
Қырық бір жылдан кейін Одақ пен кеңестік қоғам жаңа даму кезеңіне қадам басқан тұста еліміз Қазақ КСР-нің екінші Конституциясын қабылдады. Құжатта барлық азаматтардың заң алдында теңдігі қағидасы бекітілді.
Тәуелсіздік қанаты
Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Конституциясының мәтіні 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданды. Еліміздің негізгі құқықтық құжаты преамбуладан, төрт бөлімнен, 21 тараудан, 131 баптан тұрды.
1993 жылғы конституция парламенттік республика үлгісін заңмен бекітті. Алғаш рет халықтың таптық сипаты заңдық құжаттан алынып тасталды, яғни еңбекші интеллигенция, колхоздық шаруалар мен жұмысшы табы туралы сөз болған жоқ.
Мемлекеттің жалғыз заң шығарушы және жоғары өкілді органы Жоғарғы Кеңес болды. Жалпы заңның көптеген тұжырымдарында 1978 жылы қабылданған Қазақ КСР Конституциясының идеялары сақталған.
«1993 жыл Қазақстан түбегейлі өзгерістердің қарсаңында тұрған күрделі шешімдер жылы болды. Егеменді мемлекет ретіндегі ұстанымын түбегейлі анықтау қажет болды. Ұлттық валюта – теңгені қабылдау, шекараларды демаркациялау мен делимитациялауды талап ететін қоршаған кеңістікпен қарым-қатынас принциптерін қалыптастыру қажет болды. Бірақ тәжірибе көрсеткендей, посткеңестік қоғамның құнарлы аймағын құрайтын конституциялық парламентаризм тәжірибесі болмаған», – деді тарих ғылымының кандидаты Күләйша Ақтаева.
Маманның айтуынша, посткеңестік қоғамдағы ең қиын дағдарыс кезеңінде президенттік билік саяси жүйенің өзегіне айналғанын қосты. Бұл Қазақстан халқын жаңа Конституция қабылдауға итермеледі.
Қаламмен жазылған
Конституцияның жаңа мәтінін әзірлеуге жауапты жұмыс тобы Н.Назарбаевтың бастамасымен құрылған болатын. Жобаны талқылауға үш миллионнан астам азамат қатысып, 30 мыңнан астам ескертулер мен ұсыныстар айтылды. Қазіргі ҚР қолданысындағы Конституциясы 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданды.
2007 жылы ең маңызды өзгерістер енгізілді: бұдан былай парламенттің төменгі палатасы – мәжілістің депутаты бола алатын саяси партиялардың мүшелері ғана болды. Төрт жылдан кейін заң Нұрсұлтан Назарбаевқа кезектен тыс сайлауды тағайындау құқығын берді.
Маңызды түзетулер 2017 жылдың наурыз айында енгізілді. Ел президенті өз өкілеттіктерінің бір бөлігін үкімет пен парламентке берді, бірақ Қазақстан президенттік республика болып қалды.
2022 жылғы 5 маусымда ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша жалпыхалықтық дауыс беруге 7 миллион 985 мың 769 адам немесе референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың 68,05 пайызы қатысқан болатын. 27 жылда алғаш рет Конституцияға өзгертулер енгізу мәселесі парламентте емес, республикалық референдумда шешілді.
1993 және 1995 жылдардағы Конституциялардың жобаларын әзірлеуге қатысқан профессор Ғайрат Сапарғалиев Конституцияға жиі-жиі өзгертулер енгізу әрдайым орынды бола бермейді деп есептейді.
«Конституция тарихи маңызы бар акт болып табылады және маңызды мәдени құндылыққа ие. Ол белгілі бір уақытта, белгілі бір тарихи дәуірде халықтың, нақ осы дәуірдің саяси көшбасшыларының бірегей туындысы ретінде қабылданған қалпында сақталуы керек», – деп бөліседі Ғайрат Сапарғалиев «Конституциялық құқық» атты еңбегінде.
Қызықты фактілер
- Қазіргі Конституцияны жасамас бұрын Қазақстан президенті әлемнің әртүрлі елдерінің жиырмаға жуық негізгі заңдарын зерттеді.
- Қазақстан Конституциясы негізінен Америка Құрама Штаттарының мемлекеттік билікті құру саласындағы тәжірибесін қабылдады және кейбір тармақтары француз құқығының ережелеріне ұқсас. Мысалы, заңға бақылауды жүзеге асыратын Конституциялық кеңес тек Қазақстан мен Францияда ғана бар.
- Негізгі Заңның қазақ тіліндегі мәтіні орыс тіліндегі нұсқасынан 1500 сөзге жуық ұзын. 98 бап, тоғыз бөлімнен тұратын Конституцияда «республика» сөзі жиі кездеседі.
Тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы тәуелсіз әлем мен жаңа мыңжылдыққа теңдік пен келісімге, демократия мен пікірге ажырамас құқықтары туралы мәлімдемемен қадам басты. Азаттық мұратына опасыздық жасамауға ант берген жас елдің көк туы мақтанышпен желбірей берсін! Туған күніңмен, Конституция!