Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:00

Туған ұлтын жанындай сүйді

Ғалым Доскен
Фото: ашық дереккөз

Қазақтың ерекше біткен бір ұлы дүниеден көшті. Ғалым Доскенді мен ертеден танимын. оның ағасы, менің жақын досым Қиял Сабдалин Доскеннің туғаны боп келеді. Биыл, Ғалым аман болса, 65 жасқа келеді екен.

Талдықорған облысы Алакөл ауданында дүниеге келген еді. Өзім Аягөздікі болғанмен, менің де әпкем сол ауылда тұратын. Қолында бір-екі жыл оқып, балалық шағым сол жерде өтті. Ғалым Абай атындағы қазақ педагогикалық институтын тәмамдап, әр салада сан түрлі қызметтер атқарды. Ғалекең қазақ телевизиясына төраға боп келген жылдары ерекше жарқырап көрінді.

Ғалым қазақ телевизиясының бағытын тіпті басқа бағытқа бұрып, тың жаңалық, жаңаша көзқарас әкелді. Қандай жаңалық деңізші. Туған ұлтымызды бәріміз сүйеміз ғой, бірақ Ғалымның ұлт­қа махаббаты тіпті ерекше еді. Сол махаббаты қазақ телевизиясының дамуынан да айқын байқалып тұратын. Қазақ телевизиясының экранына кешегі сан мың жылдық тарихы бар Күлтегін жазбаларының үлгісімен жазуды осы Ғалым ойлап тапты. Міне, бұл бір ерекшелігі еді. Енді бір ғажабы, қазақтың небір жауһарын паш ететін талай телехабарлар жасады.

Мысалы, белгілі жазушы Жұмабай Шаштайұлы жүргізген «Үзеңгі жолдас» телебағдарламасында қоғам қайраткерлерінің, белгілі тұлғалардың болмысын ашып, өткір сұрақтарымен көрерменге жаңа қырынан таныта білді. Ғалым Доскен қолға алған, ұйымдастырған қай хабарды алып қарасаң да, қазақтың исі шығып тұратын. Қазір тәуелсіздік алғанымызға 35 жылға аяқ басып қалдық. Осы жылдың ішінде тек қазақ тілінде хабар тарататын жалғыз телеарнамыз бар, оның өзіне біресе анау, біресе мынау кеп, әлі күнге бір бағы ашылмай келеді. Бастықтары қанша ауысып жатса да, еш жаңалық жоқ.

Таңертең ерте тұрып кейде «Таңшолпан» бағдарламасын қараймын. Сол бұрынғы жүргізушілер әлі ауыспаған, баяғы тақырыптардан айналшықтап шыға алмай жүр. Өзім де қазақ телевизиясында талай хабар жасаған ардагер ретінде айтарым – қазақ телевизиясын Ғалымдай түрлендіріп, Ғалымжандай биікке көтерген адам жоқ. Қоғамды толғандырып жүрген мәселелерді ашық талқылап, сапалы телебағдарламалардың санын көбейтті. Түрлі пікір қайшылықтарынан қорықпай, көрерменге ашық бола білді. Мені бір кездері Ғалым Доскен телевизияға жұмысқа да шақырған, бірақ ол кезде Алматы қалалық әкімдігінде қызметте жүрдім. Содан қызметімнен босатпай, бара алмай қалдым. Бірақ негізгі қызметімнен тыс Ғалым Доскеннің қолдауымен таңғы бағдарлама «Таңшолпан» үшін аптасына бірнеше мәрте ақпарат жасап беріп отырдым. 

Ғалымның білімінің тереңдігі мен эрудициясына ешкімнің таласы болмас. Қай тақырып болмасын, түбін түсіріп айтатын, бәрі оның ізденісіне, сөзіне риза болатын. Қазақтың небір дарыны мен таланттарын жан-жағына жинай алды. Ғалымның білмейтіні жоқ. Сан саладан хабары бар, тым терең адам еді. Қазақ тарихы, түркі тарихы, тіпті әлемдік тарих болмасын, бәрін бес саусағындай білді. Мен барша түркітілдестердің ортақ ұлы тұлғалары туралы, әрқайсысы 30 минуттан тұратын «Түрік даналары» атты 40-қа жуық телебағдарлама жасап жүрген шағымда маған бағдарлама үшін тың идеялар, ойлар айтатын. Бір жолы Атилла туралы үш хабар дайындадым, сол кезде «Атилланың жерленген жері Мажарстанда оның қылышы қалған екен, соны түсірсең қайтеді» деп ой тастаған. Бұл Ғалым туралы айтылар сөздің бір парасы ғана. Ғалекең туралы сан түрлі естеліктер айтып, таңды таңға жалғауға болады. 

Ең бастысы, туған ұлтын жанындай сүйді. Қандай мәселе, жағдай болмасын, бәріне ұлттық көзқараспен баға беретін. Кейбіреулер «билікке жақпай қаламын ба» деп қорқып, ұлт мәселесіне келгенде жалтарып қалатыны бар. Ал Ғалым сол кездің өзінде ешкімнен, ештеңеден сескенбей, турасын айтты. Үнемі «мемлекеттік тілді алтын тұғырына қоймай, ел болмаймыз» деп отыратын. Міне, 35 жылға таяды, ал тілдің мәртебесі сол қалпы өзгермей тұр. Үнемі орыс жазған тарихты оқуды тоқтатыңдар деп ескертуші еді. Бір өзі жатқан бір энцик­лопедия деуге болар. Жасыратын несі бар, білмеген көп дүниені осы Ғалымнан сұрап алып жүрдім. Мен Ғалымның ағасымын, соған қарамастан, оның пікірімен үнемі санасатынмын. Тым ерте кетті. Қазақ телевизиясын әлі басқарып отырса, қазір гүлденіп кетер ме еді деп ойлаймын. Қазаққа керек азамат еді.

Жұмаш Кенебай

Тегтер: