Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:50, 24 Желтоқсан 2021

Тұғыры жоқ ескерткіш

None
None

Ұлт жанашыры Өзбекәлі  Жәнібековке жараса ма?

Өзбекәлі Жәнібеков – аса көрнекті қоғам қайраткері. Өзағаң туралы әңгіме қозғағанда алдымен оның азаматтық, адамгершілік келбеті, ұлтқа  деген жанашырлығы, қазақтың рухани мұрасын жаңғыртқан, бір сөзбен айтқанда, халыққа еңбегі сіңген болмысы еске түседі. Мен ұзақ жылдық еңбек жолымда Өзағаңмен бірге қызмет еттім. Қазақтың осындай біртуар ұлымен уақтысында дәмдес, қызметтес болғанымды мақтан тұтамын.

Өзбекәлі Жәнібеков  кезінде Шымкент облысы Келес ауданында мектеп мұғалімі, оқу ісінің меңгерушісі, Келес аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін атқарған. Кейіннен Шымкент облыстық комсомол комитетінің, одан кейінгі жылдары Қазақстан комсомол комитетінің бірінші хатшысы, Торғай облысында хатшы, мәдениет министрі, Қазақстан орталық комитетінің хатшысы болды.  Оның өмір жолы өнегелі істерге толы.  Сонау 30-жылдардан бері Ленинградтағы Эрмитажда тұрған тайқазанды Түркістанға қайтарды. Әзірет Сұлтан кесенесін қалпына келтіру жұмыстарында Өзағаңның сіңірген еңбегі зор. Алаш арыстарының ақталуына мұрындық болды. Мұндай тау тұлғалы азаматты қалай ардақтасақ та, қандай құрмет көрсетсек те жарасады.

Өзбекәлі Жәнібековке бір кездері өзі қызмет еткен Шымкент қаласында ескерткіш орнату жөнінде талайдан бері ұсыныс айтып жүрген едім. Осы бастама биыл Өзағаңның 90 жылдығында іске асады деген үмітіміз  болған. Бүгінде сол үміттің ақталғанын не ақталмағанын біле алмай отырған жайымыз бар.

«Шымкент қалалық әкімдігі Ө.Жәнібековтің ескерткішіне конкурс жариялапты» деген жағымды жаңалықты бұған дейін құлағымыз шалған еді. Жуырда «осы ескерткіш ат төбеліндей топтың қатысуымен ашылыпты» деген хабар жетті. Ескерткішті көру үшін орталық саябаққа арнайы бардым.

Шынымды айтсам, ескерткіш көңілімнен мүлдем шыққан жоқ. Біріншіден, автор Өзағаңның түр-тұлғасын  оншалықты келістіре алмаған.  Екіншіден, ескерткіш тастақтаның үстіне тұғырсыз қойыла салған. Тұғыры жоқ ескерткіш Жәнібековтей тұлғаға жараса ма?! Оның аты-жөнін жерге жазып қойыпты. Туған, қайтыс болған жылдары көрсетілмеген.  Жалпы, мен көп жылдан бері қалада бір кездері жекеменшік қолға өтіп, ту-талақайы шыққан Фосфоршылар мәдениет сарайын жөндеуден өткізіп, оған Жәнібековтің есімін беруді, сарай алдынан оған ескерткіш қоюды жазып жүрген едім. Өзағаңа ескерткіш қою кезінде осы ұсыныстардың ескерілмегені өкінішті. Жәнібековке ескерткішті теміржол вокзалының алдына қойса да жарасып кетер еді ғой.   

Жалпы, ескерткіштің көптің көңілінен шыққаны дұрыс емес пе? Жоғарыдағылар осы жағын ұмытып кеткен сияқты.

P.S. Ақсақалдың «Жас Алашқа» жолдаған хатын жариялай отырып, өз тарапымыздан да пікір білдіргенді жөн көрдік. Жалпы, соңғы жылдары елімізде ескерткіш қоюдың ешқандай ережесі жасалмағаны байқалып қалды. Кезінде өңірлерде ру көсемдеріне, батырларына талғамсыз жасалған, арзан әрі ортаңқол ескерткіштердің көптеп қойылып кеткені рас. Енді осы «дәстүр» қазақтың біртуар тұлғаларына да жеткен сияқты.

Шымкент қалалық мәдениет басқармасының таратқан мәліметтеріне қарағанда, Жәнібековтің ескерткіші (ақпаратта «сәулет мүсіні» деп жазылған)  Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен және Шымкент қаласы әкімінің ықпалымен жасалған. Мақсат жаңа ұрпақты тәрбиелеуде Ө.Жәнібековтің биік тұлғасын дәріптеу екен. Бірақ басқарма бұл туындыға қанша қаражат жұмсалғанын және оның авторының кім екенін көрсетпеген.

Ал Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары, мегаполистегі мәдениет саласына жауапты басшы Шыңғыс Мұқанның 6 қазанда фейсбукте жариялаған постына қарағанда, Жәнібековке ескерткішті (ол «ескерткіш» деп жазған) тұғырсыз және адам көп баратын саябаққа қою идеясын оның ұлы Бауыржан ұсынған. Ол тіпті белгілі мүсінші Тілеуберді Бинашовқа ескерткіштің бір нұсқасын алдын ала жасатып та қойған көрінеді (осыдан кейін әкімдіктің конкурс өткізіп, өзге мүсіншілерді несіне әуре-сарсаңға салғанына таңғаласың).

«Еңселі ескерткіштерді тұғырда немесе иә тақ, иә ат үстінде көріп, үйреніп қалған санамыз жаңа көзқарасты ә дегеннен қабылдай қоймады. Ертең барып Өзағаңның ескерткішін жүргінші жолдағы өрнектастың үстіне қоя салсақ, біразға дейін гу-гуге арқау болуы мүмкін. Бірақ күн өткен соң, жаңалық қабылданып, ерекшеленіп тұрмақ. Өзбекәлі Жәнібековтің ескерткіші сонысымен құнды болмақ деп ойлаймын», – деп жазыпты Шыңғыс Мұқан.

        Айта кетері, Тілеуберді Бинашов – биыл елорда күнінде Түркістанда ашылған Назарбаев ескерткішінің авторы.

Жәнібековтің «құнды» әрі «ерекше» ескерткіші әлеуметтік желіде әлі қызу талқыланып жатыр. Көпшілік тұғырсыз ескерткішке көңіл толмаушылық білдірген. Осындайда биыл елорданың төрінен биік тұғырлы Жұмабек Тәшеновтің ескерткіші қойылғаны еске түсті. Шіркін-ай, ұлылықты, тұлғалықты, ірілікті паш етіп тұр ғой. Ескерткіш қойсаң, солай қой!

Тегтер: