Тұғырынан түспеген Назарбаев
Осыдан дәл екі жыл бұрын, Назарбаевтың туған күні қарсаңында Түркістанда, облыстық әкімдіктің алдына оның ескерткіші қойылған.
Тұңғыш президенттің тұлғасы қарт Қаратаудың қасында, айналасына күлімсірей қараған, жасарған кейіпте бейнеленген.
Екі жыл бұрынғы оқиғаны еске түсіріп көрсек. Алдымен «Тұңғыш президентке Түркістанда ескерткіш қою керек» деген ұсыныс Халықаралық қазақ-түрік университетінде өткен онлайн конференцияда «ТҮРІКСОЙ-дың бас хатшысы Билал Чакыджи деген азаматтың аузымен айтылды. Кейінірек әлеуметтік желіде «Ақ жол» партиясының жетекшісі Азат Перуашевтің, осы партияның белсендісі, мәжіліс депутаты Қазыбек Исаның Елбасы ескерткішінің фонында түскен суреті жарияланды. Ақыр аяғында ескерткіш қою идеясының авторы, бизнесмен, облыс әкімінің бұрынғы орынбасары, ақпарат құралдарында «батыр бала Болатбек» атанып жүрген Болатбек Әлиевтің әлеуметтік желіде жазбасы пайда болды. Бизнесмен Назарбаевпен мақтанатынын алға тартып, Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюповқа ескерткіш қоюда батылырақ қимылдауға кеңес берді. Айтпақшы, сол кездері Назарбаевтың баспасөз хатшысы Айдос Үкібай ескерткіш қою идеясының тұңғыш президентке ұнамайтынын жария еткен болатын.
Ұнаса да, ұнамаса да 2021 жылдың шілдесінде Назарбаев ескерткіші Түркістанның төрінде, облыстық әкімдіктің алдында салтанатты жағдайда ашылды. Облыс әкімдігі алдын ала жүргізілген сауалнама қорытындысы бойынша ескерткішті қою идеясын халықтың 98 пайызының қолдағанын жария етті.
Содан бергі аралықта не өзгерді? Облыс басшысы, ескерткіш қою ісінің басы-қасында жүрген Өмірзақ Шөкеев былтыр тамызда отставкіге кетті. Түркістан қаласының әкімі болған Рашид Аюпов былтыр ауыр айыптармен қамауға алынып, қазір оның соты Астанада өтіп жатыр. Ескерткіш қою бастамасын көтерген Болатбек Әлиев биыл наурызда өткен сайлауда Шымкент қаласынан мәжіліс депутаты болып сайланып кетті. Қазір Жаңа Қазақстанды құруға белсене атсалысып жүр (оның арасында өзінің өткен-кеткен өмірін қазбалап жүрген қоғам белсенділерімен соттасып қоюды да ұмытпайды). Ал ескерткіш сол баяғы тұғырында, мызғымаған күйде. Қаңтар оқиғасы да, назарбаевсыздандыру науқаны да оны орнынан ала алған жоқ.
Бұған жергілікті азаматтар не дейді? Қайбір жолы біз осы жөнінде Түркістан облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергеновпен сөйлескен болатынбыз. Ол Назарбаевтың Түркістанды түлетуге көп еңбек сіңіргенін атап өтті. Назарбаевтың бастамасымен тоқсаныншы жылдардың басында Түркістанда университет ашылған, 2018 жылы облыс орталығы, одан кейін Түркі әлемінің рухани астанасы мәртебесін алған.
— Бірақ тірі адамға ескерткіш қоймау керек еді. Заң бойынша адамның аты нысанға ол өлген соң бес жылдан кейін беріледі. Сондықтан заңға қайшы қойылған Назарбаевтың ескерткішін алып тастау керек. Оны қайтып қою-қоймауды келер ұрпақ өзі шешеді, – дейді ақсақал.
Түркістандағы Назарбаев ескерткішінің ендігі тағдыры туралы атқамінерлердің өздері не дейді? Бұл туралы қандай да бір идея, ұсыныс, бастама бар ма? Біз осы сауалды кешегі күні Түркістан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаевқа қойған болатынбыз. Басқарма басшысының айтуынша, Назарбаев ескерткішіне қатысты жаңалық жоқ. Жақын арада ешқандай өзгеріс те болмайтынға ұқсайды.
Назарбаевтың тұғырынан түспеген ескерткіші нені білдіреді? Әлде бұл ескерткіш Назарбаевты Ганди, Ататүрік, Вашингтонға теңеген, оның жеке басына табынған заманның ерте ме, кеш пе қайтып оралатынын айғақтап тұр ма? Сіз қалай ойлайсыз?