"Туыстарымызды жазықсыз қудаламасын". Қытай консулдығы алдында наразылық өтті
Бүгін, 8 ақпанда бір топ адам Қытай билігі туыстарын жазықсыз қудалап жатқанын айтып, Алматыдағы Қытай консулдығы алдына жиналды. Биыл олардың наразылық білдіріп келе жатқанына үш жыл толды. Оқиға орнына Jas Alash порталының тілшілері де барды.
Туыстарымыз Қытайдың саяси үйрену лагерлерінде, үй қамақта жазықсыз қамауда отыр" деген оларды қытай консулдығы алдында бейбіт митинг өткізуге полиция өкілдері рұқсат бермеді. Бірақ наразылық білдірушілер 20-30 метрдей жерде бейбіт митингін жалғастырды. Әкімдіктен келген арнайы өкіл олардың заңға қайшы әркет жасап жатқанын айтып, тарауын сұрады.
“Бейбіт митингіні өткізу туралы заң талаптарына сәйкес жергілікті органдарға хабарландыру берулеріңіз керек еді. Сіздердің тараптарыңыздан ондай хабарлама түспенгендіктен қазіргі іс-әрекеттеріңіз заңға қайшы. Заңға қайшы әрекет еткен адамдар әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын ескертемін”, - деді әкімдік өкілі.
Гаухар Құрманалиева Қазақстанда туған. Бұл жерге інісі Асқар Азатбекті іздеп келген. Інісі де Қазақстанның азаматы. Ұлты қазақ. Қытайда туып өскенімен, елімізге қоныс аударып азаматтық алған. Гаухардың айтуынша, 2017 жылы Қорғастан Қазақстан аумағынан, заңсыз шекараны бұзып інісін алып кеткен.
“Ініме тыңшысың деп айып тағыпты. Іле қазақтары туралы інім Қазақстанға мәлімет берген деп айтылады. Егер інім Іледегі қазақтар туралы ақпарат берген болса батыр деп есептеймін. Бірақ қытайлар жала жаба береді ғой. 2023 жылы Қытайдағы елшіміз Диас Айменов барып інімнен қолхат алып шықты. Інімің қу жаны қалған. Бар талабым оны Қазақстанға ауыстыру ғана. 2021 жылы ғана інімнің Қазақстан азаматы екенін паспортын көрсетіп жүріп әрең дәлелдедім”, - дейді ол.
Гаухар Құрманалиева екі ел арасында келісімшарт барын, Қытай тарабы ешқандай нотаға жауап бермей отырғанын айтады.
"Міне, 3 жылдан бері бірде-бір адам шығып жауап берген жоқ. Осы уақытқа дейін қысы-жазы осыншама адам елшілік алдына не үшін жүр? деп бір адам шығуы керек еді. Әлі ешкім жауап бермеді. Қытай елшілігінің алдына кіргім келеді. Асқар Азатбекті іздегеніме алты жылдан асты. Біз Қазақстан азамытын алып кеткені үшін ресми нота жолдағанбыз. Қытай билігі әлі оған да жауап бермей отыр”, - дейді Гаухар Құрманалиева.
Қытай билігі Халида Ақытқанның үш ұлын түрмеге қамаған. Жетпіске келген кейуана “бармаған жерім, баспаған тауым қалмады, көмек беріңдер” деп ашынып отыр.
“Менің балаларымнан ешқандай хабар жоқ. Алты жылдан асты. Келіндерімнен де хабар ала алмаймын. Консулдың алдына кіргім келеді. Ұлдарымның бір дерегін есіте алмай ауырып, қартайып өлетін болдым. Өтініш сендерден, мені қытай консулының алдына жіберіңдер. Өлсем де ішімдегі шерімді тарқатып өлейін. Сатыбалды Рахымберді, Оразалы Рахымберді, Ахметжан Рахымбердіні төрт ай оқысын деп алдап апарып, қамап тастады. Екеуіне 20 жылдан, біріне 10 жыл жаза кесті. Балаларым ешқандай заң бұзған емес. Жұмаға барып намаз оқитын еді. Намаз оқыдың деп, ұрып-соғып соттап отыр. Балаларымды босатпаса қытай консулдығы алдынан кетпеймін. Дәм-тұзым таусылғанша іздей беремін” деген Халида боздап қоя берді.
Ақиқат Қалиоллаұлы 2015 жылы Қазақстанға қоныс аударған. Әке-шешесі екі інісі Қытайда. Әкесі заңгер болғандықтан қытайлар қазақтарды қамап жатқанда наразылық хатын жазған. Содан кейін Ақиқаттың әкесін, шешесін және екі інісі де қамауға алған. Әкесі түрмеде қаза тапқан. Ал отбасының басқа мүшелерінен 7 жылдан бері хабар ала алмай жүр.
“Біз туысымызды іздесек қылмыс екен, олар біздің әйелдерді қорласа, қазақтарды қырса ешқандай қылмыс емес екен. Қытай нағыз фашист, нағыз жауыз. Бізге жала жауып отыр. Біз Қазақстан Республикасы үкіметінен, президент Тоқаевтан көмек сұрап келдік. Отбасымызды қайтарсын. БҰҰ, АҚШ, Еуропадан көмек сұраймыз. 7 жылдан бері жүрміз, уақыт керек деп айтады. Уақыт дей берсе олар түрмеде шіріп кетеді. Қытайға айтарымыз 3 жыл емес 30 жыл болса да тоқтамаймыз. Менің әкем өлді. Шешем мен екі інім түрмеде жатыр. Олардың қаншалықты жаны қалды, денсаулығы қалай әлі сыр. Бүгінге дейін шешеммен көріспегеніме 7 жыл болды, екі інімді де соншама уақыттан бері көрмедім. Ал әкемді мәңгі көре алмаймын. Біздің шыдаудан басқа амалымыз жоқ. Бойымдағы жаным, рухым барда тоқтамаймын. Геноцид әлі жүріп жатыр. Бұрын ашық болса, қазір жабық түрде жүреді. Қытай қазақ ұлтына геноцид жасап жатыр. Ал Қытайдың өз жеріндегі “қазақтардың жағдайы жақсы” дегені өтірік. Оны бәрі біледі. Қытайда заң деген жоқ. Заң оларда өздерін ақтауға, қазақ ұлтын қаралауға ғана жұмыс істейді. Бүкіл әлем Қытайға сенбейді. Қытайға сенген мына мен ғой. Не боп жатқанын көріп жатырсыздар. Коммунистік партияға сенудің қажеті жоқ”,- дейді Ақиқат.
Тағы бір анаға баласының Қытайда жазасын өтеп жатыр деген сарында хат жіберген.
“Айболатұлы Азамат баламның жазығы жоқ. Өз дінін қолданған адам қылмыс істеген болып есептеле ме? Әр ұлттың өз діні, салты болады. 19 жасында ұстап алып кеткен еді. Баламды босатуын сұраймын”, - дейді ол.
Гүлпия Қазыбек, 2019 жылы Қазақстанға отбасымен қоныс аударған. Барлық туысы Қытайдағы Дөңмазар қалашығында тұрады. Әкесі мал шаруашылығы саласында жұмыс істеген. Шешесі үй жұмысымен айналысқан. Гүлпияның айтуынша, шешесін тойда отырған жерінен 2017 жылы “намаз оқып, қоғам тыныштығын бұздың” деп 6 жылға соттаған.
“Менің анам Анархан Қанатбекті 2017 жылы тойда отырған жерінен алып кетті. 6 жыл түрмеде отырып шықты. Жақында, екі ай бұрын шықты. Қазір мені олар анаммен сөйлестірмейді, бауырларыммен хабарласа алмаймын. Ініме “сендер үш ұрпаққа шейін Қазақстанға шықпайсыңдар. Сендер үлкен мектептерде, лауазымды қызметтерде жұмыс істей алмайсыңдар” деп қол қойғызған. Қазір Қытайдағы отбасымды бопсалап отыр. Анама намаз оқыды, қоғам тыныштығын бұзды” деген ресми айып таққан. Енді сол үшін кейінгі үш ұрпағын жазалайын деп отыр. Қытай заңында мұндай тыйым жоқ. Заңсыз құқықтарын шектеді. Қазір туыстарым Үрімжіге бару үшін де жергілікті органнан рұқсат алуы керек. Емделу үшін де рұқсат керек. Бұл не?”, - дейді Гүлпия Қазыбек.
Гүлпия өзі Қытайға бара алмайды я болмаса туыстары Қазақстанға қыдырып келе алмайды. Былтыр інісі Қазақстандағы әпкеме барғым келеді деп өтініш берген. Бірақ рұқсат ала алмаған.
“Інімді шақырып үш сағат тергеген. “Анаң сотталған, сондықтан Қазақстанға бара алмайсың” деп паспортын, телефонын тартып алған. Әлі қайтып бермеді. Оларға қоңырау шала алмаймын. Тек қана хал жағдайын біліп отырамын. Өзім де бара алмаймын. Қазақстанға келгенім төрт жыл болса да Қытайдағы тіркеуімді өшірте алмай жүрмін. Әдейі өшірмейді. Меннен бөлек күйеуім мен екі баламның да тіркеуін өшірмеді. Себебін сұрасақ жауап бермейді”, - дейді Гүлпия Қазыбек.
2011 жылы Қазақстан азаматтығын алған Мырзат Ермекбайқызы да туыстарымен хат-хабар ала алмай отырғандардың бірі. Әке-шешесі, туыстары Қытайда тұрады. Ағасы бір мешітте 20 жыл имам болып қызмет атқарған.
“Қытай үкіметі өзі оқытып, өзі қызмет беріп енді өзі соттап отыр. 13 жылға қамалды. Ресми айыбы – "қоғам тыныштығын бұзды" деп айыптаған. Басқа айып жоқ. Ағам тек Қытай заңымен ғана жүрді. Бала оқытпады, уағыз айтпады. 6 жылдан бері хабар-ошар жоқ. Телефон арқылы Қытайдағы туыстарыммен сөйлесті деп естимін. Бірақ туыстарыммен сөйлесе алмағандықтан нақтысын білмеймін. Себебі Қытай үкіметі ағам қамалғасын, менімен туыстарымның сөйлесуін шектеп отыр”, - дейді Мырзат Ермекбайқызы.
Гүлбәран Өмірәліні 1995 жылы туған інісін де 2018 жылы ұстап, қамаған. Содан бері хабар ала алмаған.
“Інім жазғы демалыста молдадан сабақ алған екен. Намаз оқыматын еді. Молда ұсталғанда қысымға шыдамай оқытқан балаларының тізімін берген екен. Соның ішінде інім де кетті. 6 жылдан бері арызданып жүрмін. Бір үйдің асыраушысы еді. Өзім 2009 жылы Қазақстанға қоныс аудардым. Бауырларымның Қазақтанға шығуын шектеп отыр. Халықаралық заңда туысты туыстан ажыратпайды делінген. Қытайдың өз заңында да бар. Бұлар өз заңына қарсы шығып отыр. Ит екеш ит те бір-бірін іздейді. Ит құрлы жоқпыз ба? Бауырым түрмеден шықпайынша тоқтамаймын.”, - дейді ол.
Арадан біраз уақыт өтіп жедел-жәрдем қызметкері көлігінен түсіп, Халида Ақытқанның жағдайын атты.
“Қазір ол бұл жерде тұра алмайды. Бір-екі сағат дәрігерлер бақылауында болғаны дұрыс. Сондықтан емханаға алып кетеміз”, - деді жедел жәрдем қызметкерлері.
Наразылыққа жиналғандар "мұнымен тоқтамаймыз" дейді. Егер талаптары орындалмаса 3 жыл емес, 30 жыл болса да БҰҰ-дан көмек сұрамақшы.