Түймебаевтың шатқалы, Шөкеевтің павлониясы
Қураған көшеттер, құрдымға кеткен жобалар
Түркістан облысында соңғы тәуліктерде ауаның температурасы 40 градусқа жақындады. Қарғаның миын қайнатар шілденің басталуына бірер күн қалды. Оңтүстікте температураның 40-43 градусқа дейін көтерілуі, жаз бойы жерге бір тамшы ылғалдың түспеуі қалыпты жағдай. Биыл бұған шаңды жел қосылып тұр. Бұл алдағы жазда құрғақшылықтың қысатынын білдіретін сияқты.
Осындай қапырық, қатты ыстықта Жетісай ауданында егілген тал-теректер қурап жатыр. Мұны жуырда әлеуметтік желідегі парақшасында журналист Аман Жайымбетов жазды.
«Дабыл қақпасақ болмады. Жетісайда ағаштар қурап жатыр. Көктемде көшет егуден рекорд жаңартқан жетісайлық шенеуніктер қаржы шығындап еккен сол ағаштарын аптап ыстықта азаптан құтқарып, «аузына» су тамызса қайтеді екен?!» – дейді журналист Facebook-тегі жазбасында.
Жалпы, ауа райы қаталдау Оңтүстікте көктемде жаппай көшет егіп, оны жазда қуратып жіберу атқамінерлер үшін әдеттен тыс жағдай емес. Абаттандыру, көгалдандыруды кейбір аудан басшылары науқанға айналдырып алған. Оның үстіне күнгейдің шенеуніктері соңғы жылдары қысы-жазы жасыл болып тұратын қылқан жапырақты ағаштарға, экзотикалық көшеттерге тым құмартып кеткен. Ал бұл көшет жергілікті жердің топырағына, ауа райын жерсіне ме? Бұл жағына басшылар онша бас ауырта бермейді. Біз хабарласқан Жетісай ауданында көгалдандыруға жауапты «Жетісай қызмет» кәсіпорнының директоры Нұрбол Байтілесов те осындай кемшіліктің барын жасырған жоқ.
— Біздің ауданда 20 мың қылқан жапырақты ағаш бар. Соның 2 мыңға жуығы эльдар қарағайы деп аталады. Біз оны еккен кезде білмеген екенбіз. Сөйтсек, бұл ағаш жаздың ыстығына шыдамды болғанымен, қысқы суыққа төзімсіз болып шықты.
–20 градуста үсіп кетеді екен. Ал биыл қаңтарда –30 градусқа дейін аяз болды. Әдеттен тыс қалың қар жауды. Осы кезде эльдар қарағайларын суық ұрып кетті. Яғни журналист жазғандай, бұл ағаштар су ішпегеннен емес, суықтан өлген. Сараптама жұмыстары жүргізілген. Үсіп кеткен тек эльдар қарағайлары. Ал одан басқа қылқан жапырақты ағаштар өсіп тұр. Рас, кейбір ағаштар қартаяды. Кейде тұрғындар аурухана аумағындағы ағаштардың қурап кеткенін жазады. Алайда қазір ауруханалар аудан әкімдігіне қарамайды. Тұрғындар осындай мәселелерді ескеруі керек, – деді Н.Байтілесов.
Директордың айтқанын түсінгеніміз, соңғы кездері аудандарға егілетін көшеттер тікелей облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы тарапынан беріледі. Осы кездері жергілікті климаттық жағдай ескеріле бермейді екен. Соның салдарынан егілген көшеттердің біразы қурап кетеді.
— Терек, қаратал, жиде сияқты жергілікті ағаштарды ексек, оның 80 пайызы тамыр алып кетеді. Ал қылқан жапырақты көшеттердің көгеріп кетуі қиындау. Кейде елу пайызға дейінгісі өнбей қалады, – дейді директор.
Дегенмен кейде шенеуніктердің шалағайлығынан егілген көшеттердің 90-95 пайызға дейінгісі өнбей қалады. Айталық, осыдан 4 жыл бұрын, 2019 жылдың мамырында ақпарат құралдарында Жетісай ауданында 1 гектар жері бар тұқымбаққа субтропикалық аймақтарда өсетін павлония ағашының көшеттерін өсіру қолға алынғаны хабарланған.
«Жетісай ауданының әкімі Жамантай Бейсенбаевтың бастамасымен өңірдегі аудандық, облыстық, республикалық маңызы бар көше бойларына және қала, кент, ауылдық округтерде 40 мыңнан астам көшет егілді. Соның 1 мыңға жуығы павлония көшеті», – делінген хабарламада.
Павлония ағашына аңсары ауған шенеуніктің бірі сол кездегі облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев болатын. Атқамінерлер сол жолы аталған ағаштың өте биік әрі тез өсетінін алға тартып, оны оңтүстіктің жылы табиғатына тез жерсінетінін айтып еді. Алайда тағы да қателескен болып шықты.
— Павлония ағашының дәнін біз Өзбекстаннан әкеліп ектік. Қыстың күні жылыжайда дәннен көшет өсіріп шығардық. Үш мыңдай көшетті кейін 1 гектар алқапқа отырғыздық. Алайда кейін байқасақ, павлония жер таңдайды екен. Біздің Жетісайда жер асты сулары жақын. Сол себепті топырақ тұзданған. Ал павлония сорланған жерге өсе бермейді екен, – деген Н.Байтілесов қазіргі уақытта егілген павлония көшеттерінің 10 пайыздайы ғана көгеріп тұрғанын мәлім етті.
Сол 2019 жылдың көктемінде Түркістан облыстық әкімдігі «жылына 5 метрге дейін өсетін» павлония көшетінің 10 мың түбін Түркістанның кіреберіс аумағына отырғызу қолға алынғанын хабарлаған. Түркістандық тұрғындардың айтуынша, егілген көшеттердің көбі бүгінде қурап кеткен. Мұның себебін енді атқамінерлер суықтан көре ме, әлде ыстықтан іздей ме?
Облыста көгалдандыруға жауапты Түркістан облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына хабарласып, біраз сауалдарды алға тартқанымызбен, көңіл көншітерлік жауап ала алмадық. Басқарма басшысы Қайрат Әбдуәлиев нақты сауалдарымызға жалпылама жауаптар жіберіпті. Оның бізге жолдаған жазбаша мәліметінше, егілген көшеттердің орташа шығымдылығы 65-75 пайызды құрайды екен. Көшеттердің қурап кетуіне көбіне аптап ыстық, қатты жел, жауын-шашынның аз түсуі, құрғақшылық әсер етеді екен. Бұған топырақтың құнарсыздығы мен табиғи жолмен қурауын да қосыңыз. Бүгінгі таңда, аудан, қала әкімдіктеріне берілген көшеттердің талапқа сай егілуі және күтіп баптау жұмыстарының барысы басқармаға қарасты орман шаруашылығы мекемелерінің жауапты қызметкерлері мен аудан, қалалардың жауапты мамандарымен бірлесіп тұрақты бақыланады екен.
Көп сауалдар жауапсыз қалды. Суыққа, ыстыққа төзімсіз, Оңтүстіктің климатына жерсінбейтін ағаштар неге егіледі? Уақтысында бүкіл жұртшылықтан сүйінші сұрап, ашылған Жетісайдағы павлония тұқымбағы неге күткен үмітті ақтамады? Түркістанға егілген 10 мың түп павлонияның қазір қаншасы көктеп тұр? Басқарма басшысының осы сауалдарды айналып өткені көкейдегі күдік-күмәннің бұлтын одан бетер қоюлатып жіберді.
Облыста көшеттердің қайсысының жерсініп, қайсысының топырақ таңдайтынын анықтап отыратын ғылыми орталық атымен жоққа ұқсайды. Шенеуніктер көшеттерді әкеліп еге береді, еге береді. Ал оның өну-өнбеуін бір Аллаға тапсыратын сияқты. Қазір бір қылқан жапырақты көшеттің бағасы 3-5 мың теңге шамасында. Желге ұшқан шығынды есептеп жатқан кім бар?
Осы жерде Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі болған жылдары Жансейіт Түймебаевтың Шымкенттің сай-саласына асарлатып көшет отырғызып, «Шатқал» деп аталатын жобаны қолға алғаны еске түсіп отыр. Бірақ кейін Түймебаев кеткен соң көшеттердің бәрі қараусыз қалып, қурап кетті. Мұны басқа білмесе де, сол кезде Түймебаевтың орынбасары болған қазіргі облыс басшысы Дархан Сатыбалды жақсы білсе керек.
Енді Шөкеевтің кезінде алаулатып, жалаулатып егілген көшеттер қурап қалса, ертең оның обал-сауабын кімнен сұраймыз?..