Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:00

Тұлғатанудағы тың олжа

Ыбырай Алтынсарин
Фото: ашық дереккөз

Тарихтың қатпарлы қалтарыстарында отандық деректанудың жоғалтқаны көп еді. Кейінгі кезеңде арғы замандар, «күні кешегі» ХІХ ғасырдың өзі қилы бағыттағы дерекнамалық-танымдық еңбектерде ғұмыры жабық қалуы мүмкін тұстарында ашылып, айғақталуда.

ХІХ ғасырдағы Қазақстаннан қажылыққа барған адамдар туралы сынды танымдық «тосынсыйлар» көптеп жарық көруде. Ұлттық кітапхананың сирек қолжазбалар мен сирек кітаптар бөлімінде қаншама дүние көздің жауын алып оқушысын күтеді. Кейінде араб жазуынан, латын қарпінен қазіргі жазуға көшірілген кітаптардың да қарасы көбейіп келеді.

Телжан Шонановтың оқу-әдістемелік көлемді жинағы ХХ ғасырдың екпінді бір тұсында қазақ тілінде жарық көрген оқулық, оқу құралдары, ондағы мазмұн, әдістеме туралы ойлантады. Мұраны игерудің игілігі шалқар. Қазіргі жедел, суыт уақыттың асығыстығында осындай «өнімсіз» шаруаға қарайлап, басқалар үшін «басын ауыртып» еңбек жасайтын жанкешті зерттеушілерге мың алғыс дейсің.

Жақында Н.И.Ильминскийдің «Воспоминания об И.А.Алтынсарине» атты, патша заманында жарық көрген (1891) естеліктер кітабы қайта шықты. Отандық тұлғатану бойынша да, педагогика тарихында да, жалпы саяси тарихта да дерекнамалық маңызы даусыз кітап. Ыбырай Алтынсарин қайтыс болғаннан кейін нақты құжаттар негізінде жазылып, баспа жүзін көрген Ильминский «Естелігі».

Толып жатқан құжат-деректің түпқайнары сынды «Естелік» жинақты жан-жақты түгендеп, тұтастандырып баспаға әзірлеген филология ғылымдарының докторы, профессор Алмасбек Әбсадық. «Естелікті» жаңа баспасына дайындаған Алмасбек Әбсадықтың алғы сөзінде қамтылған елеулі танымдық ақпарат, ғылыми мазмұн маңызды.

Н.И.Ильминскийдің «Естелігі» Ыбырай Алтынсарин сынды замана ырқында ғұмыр кешкен тұлға болмысын тарихи, қайраткерлік тұғырында, кісілік қалпында маңыздандыруымен өзекті. А.Әбсадық бұл еңбектің жанрлық айрықшалығында түзілген шалқар дерекнамалық, танымдық, рухани мазмұнға ден қояды.

«Кітаптың мазмұндық-құрылымдық тұтастығы мемуарлық жанрдың шеңберінен шығып естелікке арқау болып отырған басты кейіпкер өмір сүрген заманның шындығынан, тыныс-тіршілігінен хабар беретін тарихи жазбалар (ережелер мен жарғылар, қызметтік хаттар мен жазбалар, бұйрықтар мен өкімдер, есептер мен іс жүргізу құжаттары) тіркелген, тұлғаның эпистолярлық мұрасы жарияланған, соның нәтижесінде баяндаушылық сарынға тән жалпылық сипаттан айрылып, тарих керуені бойында зерттеушілік мән-маңызы бар танымды жинақ туындыға айналған. Басқаша айтқанда, «Естеліктің» мемуарлық сипатымен қатар тарихи деректік маңызы зор. Сондықтан қазақ жұртының әлеуметтік тарихын (педагогика тарихы осының құрамында) зерттеушілер Н.Ильминскийдің жинақ кітабын аттап кете алмасы анық» [аталған жинақ, 5-б.].

Н.И.Ильминский «Естеліктеріне» мазмұндық құрылымында кең тоқталған А.Әбсадық Ыбырай Алтынсариннің оқудағы, ағарту ісіндегі ғұмырбаяндық деректерін кең шолып, белгілі бір аймақтағы ел өмірінің оқу-ағарту бағытындағы елеулі маңызын сабақтастыра саралайды.

Тұтас бір губерниядағы білім беру жүйесі, осындағы түбегейлі мақсат, тынбай жүргізілген ұйымдастыру жұмыстары Ильминский «Естеліктеріндегі» ауқымды мазмұнды айқындай түскен. А.Әбсадық Ильминский жинағындағы құжаттық-дерекнамалық қорға тұтас бір өлкенің азаматтық, елдік тарихындағы ықпалды кезеңнің бұлтартпас айғағы, идеологиялық қыспақтарда іркіліп қалған ақиқаты мәнінде ден қойған.

Ы.Алтынсариннің тұлғалық бітімін тану бағыттарындағы әлі күнге айтылып жүретін қилы алыпқашпа әңгімелер бойынша Н.И.Ильминский «Естеліктері» ашатын сыр, айтар ақиқаттар бар.

Қазақ балалары үшін ашылған мектептердің білім Ережелеріндегі ізгі ниет, империялық түпкі мүдде туралы оқушыны тарихи-танымдық ақпаратпен, екеуара доспейіл, халықтар, діни таным тұрғысында «күні кеше», ХІХ ғасырдың ІІ жартысында нақтылы бір әкімшілік аймақтағы ел өмірінің қилы күйі бейжай қалдырмайды. Кітаптағы ондаған, жүздеген адам есімдері; шешімді, кесімді оқиғалар; білім, мектеп туралы ақпараттар алтынсаринтану бойынша зерттеулерді дамыту өзектілігінде қызығушылық туғызып отырады.

Н.Ильминскийдің миссионерлік бағыттағы белсенді, үздіксіз жұмысының бір арнасы қазақ балаларын оқыту ісіндегі түпмақсат әрекеттері болғандығы белгілі. Ізгі ниет, шын пейіл, іштартқан ілтипатына разы етеді, империялық мүддедегі тастай берік «қаттылығы» біртүрлі сескендіреді. Н.Ильминский – Ресей патша үкіметінің империя қоластындағы жұрттарды шоқындыру саясатының ықпалды өкілі.

«Естеліктерде» мәселенің мән-жайын жаңа бір өлшем, кеңістіктерде зерделеу өзектілігінде айналымға түсуі тиіс саяси ақпараттар аз емес. «Естеліктерде» Ильминский қазақ тілін татар ықпалынан арылту үшін араб әліпбиінің орнына кирилл жазуын енгізу қажеттілігін күн тәртібіне қойғандығын, осында ойлағаны қазақтың қамы болғандығын жазады. Бұл бетбұрыстың, қазақтар, жалпы Ресей түріктері жүздеген жылдар бойы қолданып келген ортақ жазу түрін бұзу пиғылы, тұтас әлемдік саяси беталыстар «қазақты татар ықпалынан құтқару» миссиясында бой тасалап қалады. Бұл тұрғыда әлде де түбінен қазып зерттеуді күтіп жатқан тарихи бағдарлар бар. Жәдитшілдіктің тарихи маңызы тұрғысында да әлі де біржақты бағалауларды місе тұтып келе жатқандаймыз.

Әліпби өзгертудің опатты зардабын әлі де толық аңғармайтын сияқтымыз. Әліппе байланған құпия құдірет. Сөздің өлуі, өшуі сынды бейдауа қалып. Зардабы. Залалы. Бұл жөнде де қазақ жұрты қайта-қайта ауыр соққы алған. Мың жылдан аса жасап, мызғымай, мұрты бұзылмай бүгінгіге де қызмет қылып отырған армян алфавиті ойда тұрады осындайда.

«Для наибольшего отдаления киргизов от татарского языка, не нужна и татарская грамота, а непременно русская. Как лингвист, отчасти я могу заверить, помимо отечественных соображений, что татарский, т.е. арабский алфавит, весьма неудобен для киргизского языка, скрадывая его существенные фонетические черты, редко отличающая его от татарского языка; через русский алфавит киргизский язык будет совершенно огражден от татаризации» [аталған жинақ, 23-б.].

А.Әбсадық қайта баспадан шығарған Н.И.Ильминский жинағының құрылымдық-мазмұндық жаңа сапасы Ыбырай Алтынсариннің осы, қазақ жазуын ауыстыру мәселесіндегі екі оттың ортасында жүріп атқарған еңбегінің қайсыбір қалтарыс, кеңестік жүйе ашық айтылуын мақсатты түрде қаға беріс қалдырған, қаламаған жөндеріне қарайлататын дерекнамалық оңтайлы база қалыптаған.

Жинақтың жаңа басылымындағы Ы.Алтынсариннің
Н.И.Ильминскийге, В.В.Катаринскийге жазған хаттарын қосымша кестемен, хронологиялық жүйеде таныстыру, әр хаттың түйінді өзегін атап көрсетіп отыру Ы.Алтынсариннің жазу, қаріп өзгерту мәселесіндегі басым ұстанымына арнайы ден қою міндетіндегі оңтайлы әдістемесімен өтімді көрінді.

А.Әбсадық Ы.Алтынсариннің хаттарын жазылу мақсатына, баяндау жөніне қарай 3 топқа жүйелеген.

Ы.Алтынсариннің эпистолярлық мұрасының кеңес дәуірінде күзеліп, түзеліп берілгендігін, бұл мәнде Н.И.Ильминский жинағының түпнұсқалық мәртебесін, кеңес дәуіріндегі басылымдармен салыстыра зерделеу өзектілігін құлаққағыс еткен.

Ы.Алтынсарин 1860 жылдың шілде айының 22-нен 1889 жылдың наурызына Н.И.Ильминскийге шейін жазған хаттары түзілген кестеде алфавит ауыстыруға қатысты 31.08.1871, 20.03.1873, 12.09.1882, 13.01.1883 жылдарда екпін түсіре жазылған хаттарымен түпнұсқасында танысуға ендігіде кедергі жоқ.

Н.И.Ильминскийге жазылған хаттардың ішке бүккен сырлары не дейді? Түпнұсқаның аты – түпнұсқа. 1891 жылы басылым көрген Н.И.Ильминский Естелігінде бірінші хатқа берілген Н.И.Ильминский өз қолымен түсірген ескертпе-сілтеме назар аударды.

1 В письмах 1860 годов соблюдены не совсем правильный язык и не совсем твердая орфография подлинников. К 1870 годам Алтынсарин писал по-русски уже совершенно правильно» [аталған жинақ, 160-б.].

Осы елеусіздеу ескертпе – Ыбырай Алтынсариннің ғұмыр бойғы еңбегінің және бір дәлелі.

Ы.Алтынсарин мен Н.И.Ильминский хаттарында баян тапқан қос тарапты ілтипатты мазмұн іш жылытады.

«На другой уже день распечатаю конверт и Боже, какое диво – вижу Ваш почерк и первое бросились в глаза начальные слова: «душа моя, Ибраш» [сонда, 161-б.].

Бұл хаттардың түпнұсқасы кеңестік кезең тұлғатануындағы идеализациялау үдерісін; жеке тұлғаның шынайы ғұмырбаяндық фактілерде танылу «шеңберін» тарылту мұраттарында мәнді.

Николай Ивановичке Ыбырай Алтынсары баласының ен даладағы күйзеліс күйін ақтарыла жазатыны, айнала ортаның жұтаң күйіне көңіл толмаушылығын айтып тауыса алмастай күйзелетіні алтынсаринтануда айтылған жайлар. Үй-ішілік, тұрмыстық ахуалы да шет жағалап таныс.

Не дегенде де, түпнұсқа хаттардың астарында әлі де көп «қызық» жатыр.

Н.И. Ильминскийге 30.08.1861 ж. жазған мына хаттағы таусылып сөйлеу жеке бас білім деңгейіне көңіл толмаушылық қана ма?

«Напала-же на меня страсть, чтобы научиться русскому языку и потом и т.д. – но и назначиться учителем, когда я сам чуть-чуть знаю русский язык и теперь, какую-же я наконец сделаю добро своим соотчиам, когда нет никакого средства к учению, а без разных руководителей я сам не знаю в какую сторону идти. Пренебрегая всеми недостатками, самому, своим знанием все делать не по моей голове» [сонда, 162-б.].

Жас Ыбырай жиырмаға толар-толмас шағында профессор
Н.И.Ильминскиймен кеңқұлаш хат арқылы терезесі тең қалыпта кеңеседі. Оған өзін мінеген болып отырып, сырғақтатып қазақ баласын оқытудың түбегейлі білім беру міндеттерін, педагогикалық-психологиялық негізін, тарихи маңызын жайып салады. Осы бір 30.08.1861 ж. жазылған хаттың өзінде ұлан-ғайыр білім Бағдарламасы мазмұн түзген. Мектеп нені көздеп, қандай мақсатта жұмыс істеуі керек? Оның жабдығы, жарақталуы, оқытушысының кәсіби білігі, иман-шарты, оқушысының ішер тамақ, киер киім, жатар орын, жай күйі. Ыбырай жүрдім-бардым алған білімнің қай тарапты да көгертпейтіні, қазақтың көксеп отырғаны мансап екені, бұл істің мемлекеттік маңыздылығы, жөнімен алып жүрмеудің зардаптары туралы таусылып, сарқып жазады.

Хат кіріспесінде отбасылық тұрмыс күйлері, өзінің шаруаға қырсыздығы, мойнына жүктеген міндетке жауапкершілікпен қарамағанының кесірі туралы айтатын. Бекер қыстырма әңгіме емес екен. Әдіспен кіріктірген өмірдәйек екен.

«Есть-ли какой-либо существенной цели, цена важной для того, чтобы решиться за нею оставить на волю судьбы даже свое семейство, отказаться от исполнения самых главных, самых неотступных долгов своих, по человечеству на меня лежащих?» [сонда, 165-б.].

Ыбырай Алтынсариннің 1862 жылғы келесі хатында мұраны жинауға, қазақ тілін үйретуге қатысты Ильминский еңбегіне «Ер Тарғын» жырының таза қазақ тілінде баспа жүзін көруіне орай айтылған маңызды пікірлері берілген. Қазақ әдебиеті тарихын, қазақ кітаптарының тарихын зерттеу бойынша ғылыми айналымға түскен ақпараттар болғанымен, түпнұсқа хаттарда сақталған ақиқат күші, әлде де кең, кешенді зерттеулерге тартылатын дерекнамалық әлеуеті мығым, маңызды.

«Дорогой Николай Иванович!

Ваше сочинение Материал* (сілтеме – *) Материалы к изучению киргизского наречия – Қ.М.) мною прочитаны. По моему мнению и по мнению самих ординцев он составлен отлично. Ошибок разительных не мог найти ни в переводе, ни в самых выражениях слов. Если и встречались малые крошечные ошибочки, то на них укажу Вам тогда, когда, дасть Господь, к Августу месяцу приеду в Казань. Мой товарищ и ученик Дауренбек с особенною любовью смотрит на Таргинский Мир и все проговаривался по-русски: как отлично напечатано! На киргизском языке никогда ни какая книжка еще не выходила в свет печатанною; потому-то и странно и приятно стало киргизам, когда первый раз увидели свое наречие печатанным [сонда, 166-б.].

Ыбырай Алтынсарин, жиырмадан асар-аспас жас күнінде туған халқының мұқтажы мен мұңын жалпыадамзаттық құқықтық ауқымда күн тәртібіне шығарған.

Қазақ туралы жөн сөйлеп отырғаныңызға тәнтімін дейді Ильминскийге іштегі шемен боп жатқан шерін жеткізіп. Қазақ жабайы дей бергенше, оның жағдайын ойлау керек. Ел қатарына қосатын қам жасау керек. Жас Ыбырай, расымен де, Ильминскийдің әр әрекетінен бір жылу, жарық сәуленің нышанын сезінді ме, әлде отаршылдықтың пәрменіне орай жұмсарта, жадағайлап көзге шұқу тәсілі ме? Не дегенде де, «айтпаса, сөздің атасы өледі» батылдығы айқын.

«Видя Ваши, как видно из письма, хлопоты о киргизах, у меня душа радуется. Хлопочите Николай Иванович, хлопочите ради добра, ради белизны сакалов нашей страны и жас кокрек жас тлеуов боз-бала» [сонда, 166-б.].

Өзінің Николай Ивановичпен көп нәрседе мүдделес екендігін қуанып айтады. Қолында өкімет бар адамның құлағына құйып, қазақтардың тұрмыс күйі, рухани игіліктері туралы тоқтамай жазатын Ыбырай Алтынсариннің эпистолярлық мұрасы алтынсаринтануда арнайы зерттелген бе екен деген ой келді Н.И.Ильминскийдің «Естеліктер» жинағын оқу үстінде.

Бұл тұста жаһандық деңгейде жүріп жатқан қилы саяси қақтығыстар Ресейді де, оның қолтығында күн кешіп жатқан түркі тілдес халықтарды да шарпыды. Бұл жөнде, ХІХ ғасырдағы қазақ ағартушылығының мән-жайында қазірде жазылған жекелеген еңбектер бар.

ХІХ ғасырдағы Ресей түркілерін өзара жіктеп, ажыратуға бетбұрыс, осыған ынталы саяси күштер, осындағы түп мүдде тұрғысында ХХ ғасыр басында пантюркизм, панисламизм деп айыпталған ағымдар ақиқатымен сабақтас өрістер тұрғысында, сонда да болса, айтылуын күтіп келе жатқан түйткілдер туралы маманданған зерттеушілердің тың пайым-тоқтамдарына қажеттілік бар.

Ыбырай Алтынсариннің хаттарын түпнұсқадан оқу (орыс тілінде жазылған – Қ.М.), тұтас мәтінімен оқу барысында қаумалаған он-сан ой туралы тұтас бір кітап жазуға болар еді. Н.И.Ильминский «Естеліктерінің» түпнұсқада қайта басылым көргенін ақпараттандыру мақсатында жазылып отырған бұл мақала шеңберіне сыймайтыны – мәселе. Ал әрбір фактінің ізіне түсіп, оны сол дәуірдің тарихи айрықшалығымен астастыра отырып, жеке тұлға ғұмырбаянының тұтас елдік мұраттардағы тұғырларымен маңыздандыра жазу үшін арнайы зерттеулер жүргізілуі – мәселенің мәселесі. «Естеліктердің» мәтіндік-құжаттық мазмұнында Ыбырай Алтынсариннің ілгеріде жарық көрген шығармалар жинақтарындағы мәтіндік тұғырмен салыстыра саралау арнайы текстологиялық жұмыстар жүргізуге мүмкіндік туғызып отыр.

Мұраны дерекнамалық, құжаттық, түпнұсқалық негізде игеру бағытында жаңаша форматты құрылым, аса мәнді, өзекті мазмұндық маңыздағы жаңа бір басылым айналымға шықты.

Н.И.Ильминскийге 03.12.1876 жылғы жазылған хатта «Кел, балалар, оқылық» мәтіні берілген екен.

«Бр Кудайга сыйнуб,

Кель, балалар оклыкъ

Окыганды кунульге

Иклас бен токлыкъ.

Истинг болар каиры

Бастасангиз алдалаб.

Окымаган журеди

Карангины кармалабъ» [сонда, 177-б.].

Әрі қарай «Кел, балалар, оқылықтың» баршаға таныс мәтіні жалғасады. Хатта қазақ балаларына арнап бастауыш оқу кітабын жазып бастағанын, кітапты «Кел, балалар, оқылық» тақпақ-өлеңінен ашқанын айтады. Кітап мазмұнын егжей-тегжейлі баяндауында Ыбырай Алтынсарыұлы төселген әдіскер-педагог.

Кітапта Алтынсариннің ғұмырбаян деректерінде қилы тарапта айтылып келе жатқан «қайтыс болғанда үйінен бір сандық крест шығыпты; Ыбырайдың зираты айдалада оқшау тұр», т.б. алыпқашпа әңгіменің де нүктесі бар.

«Последние же три дня Иван Алексеевич совсем лишился сознания, не видел, не слышал и ничего не говорил, и 17 июля в 11 часов дня скончался. На другой день его похоронили недалеко от зимовки, рядом с его отцом, на берегу реки Тобола. При похоронах было до 900 киргиз и татар, в том числе до 100 мулл, преимущественно из татар. В последние три дня жизни к больному уже никого из русских не допускали: около него сидели муллы и читали коран. А.В.Т., А.И.К. и я еще приезжали на зимовку, чтобы в последний раз проститься с любимым человеком, но не смотря на нашу просьбу, были не допущены и уехали не с чем. Грустно было, тяжело чувствовалось на душе! При похоронах никого из русских не было, кроме нас учителей, и мы должны были находиться в отделении: ...» Н.И.Ильминскийге Ф.Д.Соколовтың 09.08.1889 жылы Ыбырай Алтынсарин қайтыс болғаннан кейін жазған хатынан [сонда, 251-б.].

Ыбырай Алтынсарин туралы Н.И.Ильминский «Естеліктерінде» 1879 жылы «Қазақ хрестоматиясымен» қатарласа шығаруға дайындалғанымен, 1884 жылы араб қарпінде шыққан «Шариат-ул исламның» баспа жүзін көру шырғалаңына қатысты да бірнеше құжаттық деректер бар.

Бұл «Естеліктермен» толық мәтінінде танысу – ұрпақ парызы.

Қанипаш МӘДІБАЕВА,

М.О.Әуезов атындағы

ӘОИ бас ғылыми қызметкері,

ф.ғ.д., профессор;

Ақмарал ҚАРТАБАЕВА,

гуманитарлық ғылымдар магистрі