Түнде шыққан үкім немесе алқа бидің әлегі
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы 16 наурызда жариялаған жолдауында елімізде сот төрелігін жүзеге асыруға қоғам өкілдерін кеңінен қатыстырып, сот жүйесінің әділдігіне қоғамның сенімін арттыру керек деген.
Биыл көктемде алқа билердің қатысуымен өткен «Бишімбаев ісінің» тікелей эфирден көрсетілгені де алқа билерге деген сенімді күшейте түсуді көздегендік болар.
Статистикалық мәліметтер алқа билер қараған істе ақтау жағының көбейе түскенін көрсетіп отыр. Республикалық «Айқын» газеті сайтында жарияланған Жоғарғы соттың Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Әбдірашид Жүкеновтің мәліметіне қарағанда, алқа билер қараған сот ісінің 10 пайызында ақтау үкімін шығарады екен, ал судьялар 1,5 пайызын ғана ақтайды. Неге?
Алғашқы алқа билер неге таратылды?
– Өйткені «қылмыскерді» ұстаған, бірнеше айға қамауға санкция берген, оның заңдылығын қадағалаған ішкі істер органдары, сот пен прокуратура олардың ақталғанына аса мүдделі емес. Ақталса, еңбектері еш кетпей ме? – дейді алқа биге жүгінген біз сөйлескен адамдар.
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының шешімімен келіспейміз деген бір топ ата-ананың әуелгі сөзі «бізді ешкім тыңдағысы да, естігісі де келмейді» деген сөз болды. «Есірткі таратты» деген айыппен әрқайсысының балалары 10 жылға сотталған ата-аналардың жүздерінен шаршау, торығу, шарасыздық айқын сезіледі.
Қақпаған есігі қалмаған оларға «есірткі» деген сөзден кейін-ақ есік жабыла береді. Әділдікке жетеміз деп соңғы үмітін алқа билерге артқан ата-аналар одан да әділдік көре алмағанын айтады, полиция, сот, прокуратура және судья үштігі алқа билерді өз қалауынша пайдаланып отыр деп санайды.
Олардың құрамына полиция мен прокуратура айыпталушының ақталуына жол бермеу үшін өздерінің сөзін сөйлейтін кандидаттарды енгізу мүмкіндігі туралы күдіктерін де жасырмайды.
Ата-аналардың бірі Серік Күзембаевтың ұлын Астана қаласының Нұра аудандық полициясы «2 келідей есірткі сақтап, таратқан» деген күдікпен ұстаған. Таяуда алқа билердің қатысуымен өткен сот аяқталып, ұлы Ислам Күзембаев 10 жылға сотталған.
Серік Күзембаевтың сөзінше, есірткіні аса ірі көлемде сақтап, таратқан деген айып дәлелденбеген. Тергеу кезіндегі түрлі дактилоскопиялық сараптамалар ұсталғандардың қолынан есірткінің ізі де табылмағанын көрсеткен. Есірткінің бір бөлігі мұздатқыштан алынды десе де, ондағы саусақ таңбаларында ұсталған балалардың саусақ іздері жоқ.
Осыған байланысты ата-аналар «күдіктілерді» ұстауға барған полицейлердің саусақ таңбасын алып, сараптама жасау туралы ұсыныстарын қайтарып тастаған.
Серік Күзембаев:
– Нұра ауданының прокуроры К.Ақылбектің соттағы айыптау актісі мен Астана қаласы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Алмат Исахан оқыған үкімнің көшірмесін және адвокаттарының апелляциялық шағымдарын қолымызға ұстатты. Бәрін қарап шықтық. Олардың қылмысы қаншалықты дәлелденгені – өз алдына әңгіме. Бізді таңғалдырғаны – алқа билер мәселесі болды, – дейді.
Күзембаевтың айтуынша, тергеу барысында көптеген заңбұзушылық болған соң істі халық көрсін деген оймен алқа билердің қарауына жіберуді сұраған. Тергеу барысында көптеген заңбұзушылық байқалған соң алқа билерге салайық, халыққа көрсетейік деген.
2023 жылы желтоқсан айында алқа билер іріктеліп, оған ата-аналар да қатысқан. Алқа билерге кандидат 79 адамнан судьяның қатысуымен 12 адам іріктелген. Іріктеу кезінде судья Саят Тәшімбай «мемлекеттік қызметте, құқық қорғау органдарында өздеріңіз немесе туыстарыңыз жұмыс істей ме, бұрын істеген бе» деген міндетті сұрақты қойған. Ондайлар да, қылмыстық жауапқа тартылғандар да алқа биге алынбайтынын ескерткен.
Осылайша, 12 би іріктеліп, соттың 11 отырысы өткен. Айыпталушыларды ұстаған полицейлер де, учаскелік полицей де, тергеушілер де сот процесінде жауап берген, бірақ әрқайсының сөзі әртүрлі шығып, уәждерінен шатасқан.
Қызықтың көкесі сот соңына жақындағанда шыққан.
– Алқа билермен бір залда отырдық. Кішкентай бөлмеде судья да, прокурор да, біз де олардың сыбыр-күбіріне дейін анық естіп отырмыз. Түрлері де көрініп тұр. «Полиция арандатқан» деген сипаттағы сөздері көбейген соң алқа билердің біздің балаларымызды ақтайтыны прокурорға да, судьяға да түсінікті бола бастады. Бізде үміт пайда болды. Алайда тура шешім шығарар алдында алқа билерді таратып жіберіп, бәрімізді таңғалдырды, – дейді ол.
Күзембаевтың сөзіне қарағанда, сотталушылардың бірінің ата-анасы лифтіден шыққан кезде алдында тұрған бір топ алқа биді көріп, бірауыз сәлемдескен де кідірместен әрі қарай өтіп кеткен. Дәл осы сәтті прокурор видеоға түсіріп алып, алқа билерді таратуды ұсынған.
Судья Саят Тәшімбай прокурордың ұсынысынан кейін, видеоны көріп келген. Алқа билермен амандасқан ата-ана «небәрі 4 секунд кідірген, алқа билермен сөйлеспеген» деген қорытындысын оқып берген.
Күзембаевтың ойынша, прокурордың 4 секунд, яғни қас-қағым сәтті видеоға түсіріп үлгергені таңғаларлық жағдай. Демек, ол «әдейі аңдыған, әйтпесе, дәл сол сәтті қалай түсіріп үлгереді, алқа билердің ақтайтынын сезген прокурор ілік іздеген» дейді ол.
Тергеу соты аяқталған соң, судья 31 мамырда жарыссөз басталатынын хабарлаған. Алайда жарыссөз өтер күні судья Саят Тәшімбайдың науқастанғаны, сот отырысын жүргізе алмайтыны белгілі болған.
Серік Күзембаевтың сөзінше, судья Саят Тәшімбай есірткі тасымалына байланысты сол уақытта басқа істі де қатар алып жүргені байқалған. Ал ол сот отырыстарында алқа билер жарыссөзде сотталушыларды ақтап шыққан. Бірақ Саят Тәшімбай сот үкімін жарияламай, олардан да түрлі себеппен бас тартқан. Сөйтіп, Саят Тәшімбай «денсаулығына байланысты сот отырысын жүргізе алмайды» деген ақпарат берген. Алайда оның небәрі екі күннен кейін басқа сот процесінде жүргенін өзге ата-аналар көрген.
– Тәшімбайдың басқа сот процесінде жүргенін мен де көрдім. Екі күнде денсаулығы түзеліп кетсе, онда неге біздің сот процесімізден кете қалды? – дейді сотталушының әкесі Серік Күзембаев. Яғни бұл жайт айыптаушы жақ – полиция мен прокуратураның өз мақсатына жету үшін сотқа заңсыз ықпал жасап отыр деген күдікті қоюлата түседі.
Қайта іріктелген алқа би
Сөйтіп, судья Саят Тәшімбайдың орнына Алмат Исахан келіп, судья ауысса, алқа билер де ауысады деп мәлімдеген. Бұл жолы 46 адамның ішінен тағы да 12 алқа би іріктеген. Судья Алмат Исахан мемлекеттік қызметте істейтіндер мен жауапқа тартылғандар бар-жоғын анықтайтын дәстүрлі сұрағын қойған.
Бірінші алқа билер құрамын жасақтағанда судья Тәшімбай 76 кандидаттың тізімін берген және сотталушылардың адвокаттарына таңдалған үш кандидатты алып тастауларына болатынын ескерткен. Ал судья Алмат Исахан «заңда көрсетілмеген» деп кандидаттардың тізімін де бермеген.
Сөйтіп алқа билерді іріктеу шарттарын бір судья олай, бір судья былай түсіндірген.
Бірінші алқа билердің таратылғанынан күдіктенген адвокаттар алқа билердің кім екенін интернеттегі ашық мәліметтер арқылы тексеріп шығып, жаға ұстаған.
Қайта тағайындалған 12 алқа бидің бірі бұрын Астана қалалық полиция департаментінде жұмыс істеген, бірақ онысын айтпаған. Тағы бірі, бұрын алаяқтық бабымен жауапқа тартылған. Ол да жасырып қалған. Оған қоса тағы бір кандидат қазақшаның жартысына жуығын түсінбеймін деген. Заң бойынша сот өтетін тілді толық білмейтін адам алқа биге алынбайды. Бірақ соған қарамастан, судья оған аудармашы беретін болған, алдыңғы екі кандидатты да алқа билерге өткізген.
Адвокаттар алқабилердің кім екенін өз бетінше анықтағанша біраз уақыт өткен. Адвокаттардың қарсылығынан кейін ғана бұрын құқық қорғау органында істеген адам өз еркімен алқа биден шығып кеткен. Ал тағы бірі – сот тергеуі аяқталып, жарыссөз басталарда ғана билер құрамынан өз еркімен кеткен.
– Оларды әу баста қоспауға тиіс болатын. Жарыссөзге дейін олар өзге алқа билердің ой-пікіріне ықпал етті. Өз еріктерімен кетсе алқа билер таратылмайды екен. Сөйтіп күмәнді адамдардың қатысуымен алқа билер соты өтті, – дейді Серік Күзембаев.
Серік Күзембаевтың сөзінше, қайта тағайындалған алқа билер сот процесінде өте селқос отырған, маңызды сұрақтарды қоймаған. Тіпті сотталушыларды ұстау процесін видеомен көрсеткенде де қызығушылық танытпаған. Ал ол видеода заң талабының бұзылғаны көрініп тұр. Оның үстіне судья Тәшімбаевтың кезінде қаралған маңызды дискінің бірі іс материалдарынан жоғалып кеткен.
Ұзаққа созылған сот процесі әдеттегідей жұмыс уақытында өтіп, кешкі 18-30-да тоқтап жүрген. Алайда айыптау қорытындысын шығарар күні алқа билерді бөлек залға ертіп кеткен судья Алмат Исахан үкімді түнгі 23-20-да жариялаған. – Өзі де селқос қатысып жүрген алқа билерді түннің бір уағына дейін ұстауға қандай қажеттілік болды? Күні бойы сот залында отырып титықтаған алқа билер үкімді ертеңге қалдыруды сұрады. Бірақ оларды түнгі 11-ге дейін ұстап, үкім шығартты, – дейді Серік Күзембаев.
Журналистік қызметпен бірнеше жыл бойы ондаған сотқа қатыссам да сот үкімінің түннің бір уағында шыққанын көрмеппін. Қандай күрделі іс болса да, тіпті сот аяқталып, үкімді жариялау ғана қалса да судья оны келесі күнге белгілейтін еді. Бұл жолы неге асықты?
«Алқа биге айтуға болмайтын әңгіме»
Сотталушының әкесі Серік Күзембаевтың сөзінше, тергеу кезінде күдіктілерге қысым көрсетілгені, ұрып-соққаны мәлім болған. Осыған байланысты полицияның үстінен Астана қаласының Нұра аудандық прокуратурасына арыз түсірген. Алайда Нұра аудандық прокуратурасы іс ашқанымен, «қылмыс дәлелденбеді, соққы іздері спортпен айналысқаннан болған» деп қайта жауып тастаған. «Балаларымыз спортпен айналысқан емес» деген Серік Күзембаев пен жанындағы ата-ана оған тоқтамай, бас прокуратураға арызданған.
Бас прокуратура қылмыстық істі қайта ашқызғаны туралы хабар алған ата-аналардың үміті бір күннен аспаған. Тура ертеңіне Нұра аудандық прокуратурасы «дәлелденбегендіктен қылмыстық істің түпкілікті тоқтатылғанын» хабарлаған. Осынша жылдамдыққа не себеп деген күмән туа ма, тумай ма?
Алайда бұл мәселені алқа билер қатысқан сотта айтуға болмайды екен. «Тергеу кезінде қысым жасалды» деп айта бастағанда судья айыпталушылардың сөзін дереу бөліп, алқа билерді залдан бірнеше рет шығарып жіберген. Осылайша, сот отырысы қайта-қайта үзіліп, алқа билер қандай іс қарап жатқанын өздері де ұмытуға айналған.
«Ұрып-соққаны туралы сөзімізді алқа билерге неге тыңдатпайсыз» деген сұрақ қойған айыпталушының бірін судья залдан шығарып, сот процесін сотталушының қатысуынсыз да өткізген.
Серік Күзембаев ашына айтқан тағы бір мәселе бар. Оның сөзінше жарыссөз кезінде прокурор айыпталушылардың телефонынан алқа билерге есірткінің алуан түрін көрсетіп, оларға әсер етуге тырысқан.
– Ондай сурет интернетте толып тұр. Іздесеңіз қазір-ақ тауып аласыз. Датасын өзгертіп, телефонға жүктей салу да оңай. Түсініп отырсыз ба? Бұл – алқа билерді жетелеу, бағыттау, – дейді ол.
Мінеки, біз сөйлескен Серік Күзембаевтың алқа биден көңілі осылай қалған. Олар «полиция да, прокурор да, судья да сотталушының ақталғанына емес, сотталғанына мүдделі» деп санайды. Өйткені полиция ұстайды, соттың санкциясымен қамауға алынады, прокурор соның заңдылығын қадағалайды.
– Балаларымыздың қамауда отырғанына он айдан асты. Алқа билер оны ақтап шығарса, полицияны да, прокурорды да, сотты да, жазықсыз адамды он ай қамағаны үшін маңдайынан ешкім сипамайтыны анық. Сол себепті қалайда жаза кесуді көздейді, – дейді ол.
Себеппен емес, салдармен күрес
Серік Күзембаевпен бірге сөйлескен ата-аналардың бірі Анар Әлиеваның баласы да «есірткі таратты» деген айыппен былтыр 10 жылға бас бостандығынан айырылған. Ол да баласын жазықсыз сотталды деп есептейді. Құқық қорғау органдарының есігін қағып жүріп, өзі сияқты көптеген ата-аналармен танысқан. Ақыры 297-баппен отырғандардың ата-аналары бірігіп, уатсапта «Күш –бірлікте» дейтін чат ашқан.
– Біз есірткі сатқандардың емес, бір жерден екінші жерге апарып тастады, «таратты» деп сотталғандардың ата-анасымыз. Чатқа бүкіл Қазақстан бойынша мұңы бір ата-аналар жиналды, қазір екі чаттың әрқайсысында мыңнан астам ата-ана бар, – дейді.
Оның сөзінше, есірткі сатушылар мен таратушылардың айырмасы өте көп. Телеграм, инстаграм, OLX секілді әлеуметтік желіде курьер жұмысына шақырған жарнама толып тұр. Соған ілінген жастар өздерінің есірткі таратушыға қалай айналғанын білмей де қалады.
– Балаңыз курьер болады, бір затты екінші жерге ішінде не барын білместен апарып береді. Барған жерінде полиция ұстап, 10 жылға сотталып кететін жағдайға бүгінде мүлде таңғалмайтын болдық. Менің балам БАД (биологические активные добавки. – Ред.) тасыған. Оның БАД емес екенін біліп, бас тартқан кезде кураторлар отбасыңды құртамыз деп қорқытқан, – дейді.
Уатсапта чат ашқан ата-аналар «есірткі таратты» деген айыппен ұсталғандардың өте көп екенін ішкі істер министрлігінің өзі де мойындап отырғанын айтады.
– Бұл мәселені әркім басына түскенде бір-ақ біледі. Есірткі сатушылардың қолына түсу оңай екенін кеңінен насихаттау керек. Көшеге билборд іле ме, жарнама жасай ма, бір амалын таппаса, мұнан кейін де жастар топ-тобымен 10 жылға соттала беретін болады, – дейді ол.
Чаттағы ата-аналар «есірткі таратушыларға» байланысты жаза мерзімін азайтуды сұрайды. Алданып қалған жастарды тым қатаң жазалау – олардың тағдырына балта шапқанмен тең деп санайды. Олардың ойынша, жазаның тым қатаң болғаны – есірткіні сатқандардан гөрі, таратқан жастарды ұстауды оңай көретін құқық қорғау органдарының кейбір бармақ басты, көз қысты әрекеттеріне де (ірі көлемде пара сұрау) түрткі болатыны байқалады.
Сонымен осы тұста есірткімен күрес бағытында полиция мен прокуратура үшін жеңіл жолмен жұмыс көрсеткішін көтеруге және басқа да заңсыз әрекеттерге қолайлы жағдайдың бар екендігін көріп отырмыз.
Асылхан МАМАШҰЛЫ
Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты