Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:31, 12 Шілде 2022

«Тұңғыш президент туралы заңға» қол қойған депутаттар жазадан сытылып кете ме?

None
None

«Батпандап кірген ауру мысқалдап шығады». Отыз жыл бойы жемқорлыққа жол беріп, Қазақстанды тонаған ескі жүйе бір күнде құлай салмасы анық.

Бірақ сол отыз жылғы заңсыздыққа жол бергендердің бәрі жазасыз қалмауы керек!

«Жаңа Қазақстанның» миссиясы – Сатыбалды, Құлыбаев, Боранбаевтармен шектелмесін» деген халық талабы да бар. Бірақ біз Назарбаев билігін нығайтуға заңды құқықтарын пайдаланған тағы бір топ адамды ұмытып бара жатқан жоқпыз ба? Олар кімдер?

Қазақстанның тұңғыш президентіне шексіз мәртебе берген, оның отбасы мүшелеріне мол мүмкіндіктер сыйлаған, экс-елбасын және бала-шағасын қылмыстық жауапкершілікке тартқызбайтын ерекше заңға қол қойған, заң шығару күші мен құқыққа ие бір топ адам бар әлі. «Жаңа Қазақстанның» оты мен сотынан солар да шет қалмауы керек! Олар кімдер?

Депутаттар туралы айтып отырғанымызды іштей сезген боларсыздар! Заң шығарушылар екі бастан осы көкелер екені анық. Отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын аңыз-ертегінің кейіпкерлері болушы еді ғой. Қазақстанның мәжілісі мен сенатындағы депутаттар тура сол аңыз кейіпкерлері сияқты өмір сүрді. Отыз жыл бойы Назарбаев құрған жүйенің «жүрдек» пойызына бір мініп алды да, түскен жоқ. Назарбаевтың идеологтары шығарған заңдарға бас шұлғып қол қойды да, отырды. Тізімге бір еніп алған соң, оқшау мінез көрсетпесе, аяқ астынан шала бүлініп, оппозиция бола қалмаса, Назарбаев не істесін? Сөйтіп, парламент әлгі депутаттарға шынымен жұмақ болды. Мәу деп жағасынан басын шығармады. Ұйықтап келіп, ұйықтап қайтатын қаншама депутат әлі көз алдымызда. Тіпті, депутат деген атаудың өзі халықтың түсінігінде жатыпішер жалқаудың, етінен ет кесіп алсаң да мыңқ етпейтін иіс алмастың, намысы мен жігер жоқ ездің бейнесінде қалыптасты.

Назарбаевтың биліктегі ғұмырының ұзаруына, ат төбеліндей, аз адамның Қазақстанды емін-еркін тонауына, Ата заңның қолжаулыққа айналуына осы депутаттар өшпес үлес қосты. Әрі-беріден соң, олар жағымпаздықтың ерекше үлгісін көрсетіп, Назарбаевтың атын Конституцияға енгізіп тастаған жоқ па? Ол аз десеңіз, Тұңғыш президент туралы заңға адам ақылы жетпейтін баптар ойлап тауып, Назарбаевтың өзін және бала-шағасын қылмыстық, тағы да басқа жауапкершіліктерден мәңгі құтқаратын ерекше мәртебе беруге депутат біткен түгел атсалысты. Демек, Жаңа Қазақстан билігі Назарбаевқа қатысты қандайда бір заңсыздықтың шетін шығарса, оған жауап беретін адамдардың сапында депутаттар да болуы керек! Онсыз Қазақстанда тарихи әділдік орнамайды. Әркім қолымен істеген ісіне жауап беруі керек!

Ата заң дегеніміз  – «Тұңғыш президент туралы заңға» қол қойғандар құтылып, сол заңнан зардап шеккен қарапайым адамдар сотталатын әділетсіз құжат болмауы керек! Кезінде Нұрсұлтан Әбішұлына қатысты заңдарды қабылдайтын кезде, Бекболат Тілеухандар «төрт аяқтап» тұрып қызмет көрсетті. Депутаттар ғана емес, Қазақстанда жеке басқа табынуды заңға сыйдырып, Конституцияға шегелеп, бекіткен Назарбаевтың кейбір кеңесшілері мен идеологтары да бұл жауапкершіліктен құтылып кетпеуі керек! Нұрсұлтан Әбішұлын әулиеге теңеп, ұрпақ санасына жағымпаздықтың уытын жайған мырзатайлар мен сұлтановтарға тарих алдында ақталып, жауап беретін уақыт келді…    

Қазақстанның дамуына, экономикамыздың артып, ғылым мен білімнің, денсаулық пен әскери саламыздың нығаюына отыз жыл бойы кедергі келтіріп келгендер, көзге көрінбесе де осы депутаттар екенін бұдан артық дәлелдеп айтудың қажеті жоқ. Олардың көбі әлі мәжіліс пен сенатта отыр. Ай сайын халықтың салыққа берген ақшасынан миллиондап айлық алып, атақ-абыройларын пайдаланып, бала-шағасын шетелде оқытып, бизнестерін жүргізуде. Ал зейнетке шығып кеткендері өздерінің тарих алдындағы жауапкершілігін, қылмысын сезінуі тиіс! Жаңа Қазақстан билігінде: үкімет пен парламентте Назарбаев жүйесіне қызмет еткендер, «Тұңғыш президент туралы заңға» қол қойып, бір адамның шексіз билігіне үлес қосқан азаматтар болмауы керек!

Тегтер: