Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:48, 19 Шілде 2022

«Тұңғыш» қазақтың тілін қалай құрта жаздады?

None
None

«Кейде қазаққа қатысты ұлтсыздану процесі әдейі жүргізілді ме»? деген де ой келеді.

Неге біз бұл сауалды  бүгінқойып отырмыз?

Жалпы қазақ тіліне қатысты бұған дейінгі билік жүргізген бастамалар мен реформасымақтарға назар аударсақ, солай деп ой түюге болады. Қазақ тілінің дамуына  осы уақытқа дейін екі нәрсе көп кедергісін келтірді. Бірі –Қазақстан халқы Ассамблеясы. Екіншісі –2019 жылға дейін жасалған тілге қатысты жасалынған «Тұңғыштың» керексіз жолдаулары. Өйткені Ассамблеяға жағымды, бірақ мемлекетқұрушы ұлтқа тиімсіз бастамалар дәл осы іргелі ұйым Ассамблея мінберінде жасалды. Сөзіміз құр болмас үшін дерекке назар аударайық.

Елдің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда қазақ, орыс, ағылшын тілін енгізу туралы ойын ең алғаш рет 2006 жылы Қазақстан халқының Ассамблеясында жария етті. Ал 2007 жылы Назарбаев «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» жолдауында «Тілдердің үш тұғырлығы» – «Триединство языков» мәдени жобасын қолға алуды ұсынды. Бұдан кейін 2008 жылғы ақпандағы Қазақстан халқына жолдауында: «Үкімет «Тілдердің үш тұғырлығы» мәдени жобасын іске асыруды жеделдетуі тиіс. Бүкіл қоғамымызды топтастырып отырған мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін оқыту сапасын арттыру қажеттігіне ерекше назар аударғым келеді», – деді. Бұл сөзінде ол қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қарым-қатынас тілі және ағылшын тілі – әлемдік экономикаға, әлемдік қауымдастыққа кірігуімізге қызмет етеді» деп атап көрсетті. Бұл ғана емес, Тұңғыш президент өзінің 2011 жылғы «Болашақтың іргесін бірігіп қалаймыз!» атты Қазақстан халқына жолдауында үш тұғырлы тіл мәселесін тағы да сөз етті. «Мен қазіргі заманғы қазақстандық үшін үш тілді білу – әркімнің дербес табыстылығының міндетті шарты екендігін әрдайым айтып келемін. Біздің міндетіміз – 2020 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтар санын 95 пайызға дейін жеткізу. 2020 жылға қарай ағылшын тілін білетін тұрғындар саны кемінде 20 пайызды құрауы тиіс деп есептеймін», – деді. «Тұңғыш» мұнымен тоқтап қалған жоқ. 2015 жылы өткен Қазақстан Халқы Ассамблеясының XXII сессиясында да осы мәселеге тағы да кеңінен тоқталды.

 «Әлемде Қазақстан халқы үш тілді білетін, жоғары білімді ел ретінде танылуы керек. Қазақстандықтар мемлекеттік тілді одан әрі дамытып, орыс тіліне қолдау білдіріп, ағылшын тілін меңгерулері керек», – деді.

Н.Назарбаев Білім және ғылым министрлігі мен Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесіп, «Үш тілде білім беруді дамыту жол картасын» дайындауды тапсырды. Онда Мемлекет басшысы «үш тілді білу ойдан шығарылған дүние емес, бұл – қажеттілік», – деп атап көрсетті.

Қазақстандықтардың 20 пайызы ағылшын тілін меңгеріп үлгерген, яғни үштілділік – бұл өмірге жолдама, бұл – жетістік қағидасы. Бұл – жетістік адам өмірінің қағидасы», – деп мәлімдеді Н.Назарбаев.

2006 жылдан 2019 жылдарға дейінгі бұқаралық ақпарат құралдарында негізінен «Тұңғыштың» бастамаларын баянды ету тұрғысында орасан зор насихат жұмыстары жүргізілді. «Үш тілде білім беру бағдарламасы – қажеттілік. Қазақ және орыс тілдері – бұлар біздің өміріміздің бір бөлшегі. Ағылшын тілі – ғылымның тілі. Бұл– уақыт талабы» дейтін жағымпаз пікірлерден баспасөз беті аяқ алып жүргісіз болды. Сонда ойлап қараңыз, 2006 жылдан бастап, бақандай 15 жыл бойы осы үштілділік бағдарламасын халықтың санасына сіңдіріп, ұғындыру биліктің алдына биік мақсат етіп қойылды. Дәл осы үштілділік бағдарламасын Білім және ғылым министрі болған Аслан Сәрінжіпов пен Ерлан Сағадиевтер өте белсенді жүргізді. Әсіресе соңғысының үштілділікті қазақ қоғамына енгізу жолындағы еңбегі ерекше болды. Тіпті Ерлан Сағадиевтің министрлігі елдегі мектептердің барлығын 2019 жылдан бастап үш тілде оқыту жүйесіне көшіруді мақсат етті. Бұл қазақ ұлты мен тілінің дамуына жасалған қиянат болды. Неге? Ал «Тұңғыштың» тілге қатысты бастамалары мен Ерлан Сағадиев жүргізген үштілділік «жол картасынан» кейін өзге ұлт өкілдерінің қазақ сыныптарына балаларын бере бастауы кілт тоқтады. Біз Сағадиев жүргізген реформалардың зардабын дәл қазір қатты тартып отырмыз.

Ерлан Сағадиев өзі басқарған үш жылдың ішінде үштілділікті өрістетті. Ол қазақты «Әліппе» мен «Ана тілінен» айырды. Орнына «Сауат ашу» пәнін енгізді. Сөйтіп 1913 жылдан бастап, бір ғасырдан астам уақыт «Әліппемен» сауатын ашқан қазақ баласы Сағадиевтің сансыз және сапасыз реформасын қабылдауға мәжбүр болды. Әрине «үштілділікке қарсы шыққан зиялылар да болды. Бірақ оны елең қылған билік жоқ. Үштілділіктің зардабы ата-аналардың санасына да қатты ықпал етті. Бір ғана мысал,  2021-2022 оқу жылында Елордадағы  1-сыныпқа 25349 бала қабылданды. Олардың ішінде қазақ сыныпқа барғаны  — 13 092 (52%), орысша сыныпқа келгені — 12 257 (48 %). Шындығында баласын орыс сыныбына оқыту науқаны 2017 жылдан бастап, кәдімгідей күш алды. Мұның барлығы да Тұңғыш президент Назарбаевтың және орындаушы министрлер  Сәрінжіпов пен Сағадиевтің үш тілділік реформасының тікелей нәтижесі десек болады. Оның үстіне латын қарпіне көшу де ата-аналардың балаларын орыс мектебіне апаруына әсер етті. Сол бір жылдары Тұңғыш президенттің «орыс мектебіне латын алфавитінің қатысы жоқ. Олар орыс тілінде кириллица қарпімен білімін жалғастыра береді» деген сөзі де қазақ ұлтының дамуына арналмаған пікірдің бірі болды. Мұны естіген көптеген ата-аналар балаларын қайтадан орысша  оқытуға көшті. Ал Ерлан Сағадиевті билік басына әкелген кім еді? Дариға Назарбаева премьер-министрдің орынбасары болып отырған уақытта ол қолынан жетектеп әкеп, Сағадиевті Білім және ғылым министрі етті. Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің вице-министрі,  Инвестициялар және даму бойынша вице-министрі болған Ерлан Сағадиев Дариғаның жетектеуімен осылай білім саласына келді. Бұл салада  кім министр болмады дейсіз, 30 жылда 16 министр келіп кетті. Тіпті білім саласын Школьник те басқарды ғой.

Бұл ғана емес, Ерлан Сағадиев, 2019 жылдан бастап, 10 мен 11-сыныптарда, химия, физика, биология, информатика сабақтары ағылшын тілінде оқытылатынын да айтты-ау. Өзінің анасының тілінде сөйлей алмайтын «Тұңғыштың» шабарман-шенеуніктері осылайша, қазақты ұлттылығынан айыра жаздады. Кейбір мәліметтерге қарағанда, «2017-2020 жылдар аралығында үш тілділікті оқытуға шамамен 30 миллиард теңге жұмсау жоспарланды» деседі.  Жалпы орыс насихатының жетегінде кеткен сол кездегі Назарбаев жүйесі осылайша қазақ халқының тарихында ұлт үшін зардабы орасан үлкен қателік жасады.

Негізі тәуелсіздік алған ел «бір ұлт – бір мемлекет» қағидасымен өмір сүруі керек қой. Енді сол кездегі үкімет басшысы Асқар Мамин қол қойған Үкіметтің 2019 жылғы 31 желтосандағы №1045 қаулысына назар салып көрейік.

«Қазіргі уақытта Қазақстанда мынадай тілдік құзыреттіліктер бар:

-қазақтілділер;

— қазақ-орыс қостілділер;

— орыстілділер;

-этникалық-қазақша, этникалық-орысша қостілділер немесе этникалық-орысша-қазақша үштілділік;

 -қазақ-орыс-ағылшын үштілділік» деп бір мемлекеттің халқын үкімет қаулысында осылай бірнеше топқа бөліп көрсетеді.

Негізі бір елдің халқын осылай топқа жіктеп, ресми қаулы-құжатта бөліп көрсету қаншалықты қисынды? Жалпы Назарбаев жүйесі мен Мамин үкіметі қазақты, қазақ тілінің мәртебесін көтеруді ойлаған жоқ, қажет қылмады десе де болады. Тіпті Дариға Назарбаеваның өзі «төртінші етіп, қытай тілін оқыту керек»  деп айды аспанға бір-ақ шығарды емес пе? «Үш жылда орыс мектебіндегі 500 мың баланы қазақша сөйлетемін» деген Ерлан Сағадиевтің де жалынды ұраны адыра қалды.

Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ сессиясында «Үш тілді меңгеру, білу  –  бұл жаһандық әлемге жолдама деген сөз. Бұл – адамның өмірдегі табыстылық, жетістік принципі. Жаһандық әлемде біздің балаларымыз «Планета азаматы» болады. Сондықтан да олар әлемнің кез келген өңірінде жұмыс істеп, күнін көре алады. Бүгінгі күрделі әлемде біздің балаларымыз өздерін «судағы балықтай» сезінуі керек, біз соған жағдай жасап жатырмыз», –  деген Н.Назарбаевтың сөзінен кейін жағдай өзгерді ме? Қазақ «планета адамы» бола алды ма? Ұлттың адамы бола алмай тұрып, біз қалай ғаламдық тұлғаға айнала аламыз? «2020 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтар санын 95 пайызға дейін жеткізіп, 2020 жылға қарай ағылшын тілін білетін тұрғындар саны кемінде 20 пайызды құрауы тиіс» деген «Тұңғыштың» арман-мақсаты да орындалған жоқ. Мұның бәрі популистік ұран, құр пафостық сезім болып шықты. Осылай бос ұранға малданып жүре берер ме едік?

...Ұлтқа ұтымды болмаған жүйесіз жобадан, ретсіз реформадан қазақты қанды қаңтар ғана құтқарды.

Тегтер: