Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:39, 03 Сәуір 2023

Тұңғыш роман, алғашқы әсер

None
None

Неге екенін қайдам «қазақ романы» деген сөз өзіме сондай ыстық сезіледі. Бейне бір нұрланып, сәулеленіп тұрған сөз іспетті.

Зайыры, бұл сөз әдебиетке жақын, қолына қалам ұстаған адамның бәрінің жүрегіне жылы тиетін шығар. Әлдебір сәтте жазушының көңіл түкпірінде жылт етіп оянып, кейіндеп қоздап жанып, ақыр аяғында жанына тыным бермей жарық дүниеге келетін «алғашқы романның» әсері тіпті ғажап!

Бүгін біз осы «алғашқы роман» төңірегінде сөз қозғағанды жөн көрдік. Қаламгердің ішкі көңіл күйі, жазуға деген ынтасы, ақ қағаз, қара сия алдындағы ширыққан көңіл күйі, жазудың мехнаты мен ляззаты турасында жазушылармен пікір алмастық, ой бөлістік.

Дөңгелек үстелдің қатысушылары: Арман Әлменбет, Абай Аймағамбетов және Әлішер Рахат.

Жақсылық Қазымұрат: Жігіттер, қош келдіңіздер. Әңгімемізді ой ширату есебінде мынадай бір қарапайым сұрақтан бастайық. Көрнекті қаламгерлердің (М.Мағауин, Қ.Жұмаділов, Ә.Кекілбайұлы, Д.Исабеков, т.б.)  алғашқы романын оқығаныңыз есіңізде ме, қандай әсер алып едіңіз? Мысалы, менің «Ботагөз» романын оқығаным күні кешегідей әлі есімде. Шығармаға құныққаным соншалық кетпектей, кітапты бар жоғы бір жарым күнде тауыстым. С.Мұқановтың тіліне, романның сюжетіне таңдайымның дәмін алып тамсандым. Итбайды өлердей жек көрдім, осыдан соң іздеп, тауып «Мөлдір махаббатты» оқыдым, сіздерде қалай болды?

Арман Әлменбет. Ол кезде қайсы алғашқы романы екен деп зерттеп алып оқымайсың, қолыңа түскеніне қарай оқи бересің ғой. Жалпы, жақсы әңгіме жазатын жазушының бәрі жақсы роман жазбайды. Кейбір жазушылардың қолы – повесть. Сол секілді жақсы роман жазатындар жақсы әңгіме жаза алмай жататын кездері де болады. Аты аталған кісілерді де осылай әртүрлі топқа жатқызуға болатын секілді.

Ж.Қ. Арманның ойын сабақтай кетейін, әдебиет тарихында шығармашылығын роман жазудан бастаған да қаламгерлер бар, мысалы, түрік жаушысы Орхан Памук осы уақытқа шейін тек роман жазып келеді. Бұл енді жазушының стиліне, ішкі ұстанымына байланысты дүние сияқты.

Әңгімемізді жалғастыра берейік.

Абай Аймағамбетов. Әдебиетіміздің алтын кезеңі деп бағалайтын бұл тұлғалардың тырнақалды туындыларын оқыдым және әсерім қалыпты деңгейде болды. Ол кезде қыз-қыз қайнаған әдеби процесс жүріп жатты. Қабдеш ағамыз «Таңғажайып дүние» ғұмырбаяндық романында «Көкейкесті» шыққан кезде тіпті зауыттардан, шалғайдағы ауылдардан хаттар легі толассыз келіп жатты дейді. Соған қарап, ол кездегі әдеби туындылардың қаншалықты бағаланғанын білуге болатындай. Әрине, «Көкейкестіні» қалай десек те жазушының кейінгі сом дүниелерімен салыстыра алмаймыз. Бірақ кім-кім де әдепкі деңгейді басып өтеді. Ал оларға көрсетілген қолдау-қолпаш, шынайы бағалау – шығармашылық иелерін қанаттандырғаны, тиісінше, олардың кейінгі ірі шығармаларына бастау болғаны сөзсіз. Дулат атамыздың «Бекеті» мен Қабдеш атамыздың «Көкейкестісі» көңілімнен шықты. Бірақ аңыз жазушыларымыздың кейінгі шыққан романдарын оқып алып, содан кейін барып алғашқы дүниелеріне бас қоюым себепті, сәл-пәл қоңылтақсу болған сияқты.

Әлішер Рахат. Дәл қазір есімеДулат Исабековтің «Қарғын» романын оқығаным түсіп отыр. Алматыдағы сол заманғы көріністер, кейіпкерлері Бағила мен Жасынның таным-түйсігі, сол заманға елітіп алып кеткен. Оның үстіне қаладағы оқиғаны баяндаған соң ба, өзіме жақын болып еді. Әрі бозбала едім, махаббат тақырыбы қызықтырмай қоймайды. Есімде қалғаны, Жасынды бір шетінен өзіме жақын тартатынмын, жазушы болған соң, сонымен қатар жақтырмағаным есімде. Автордың финалындағы шешімі солай әсер етсе керек.

Ж.Р. Арман жиырма жастың ар жақ бер жағында «Мимырт» деген роман жаздың, Әлішер сен де жиырма беске жетер жетпесте екі романның авторы атандың. Ал Абай да жақыннан бері өзін үстелге шегелеп, роман жазып жатыр. Жалпы Роман жазуыңызға не түрткі болды? Қанша уақыт дайындалдыңыз, қанша уақытта жазып біттіңіз?

А.Ә. Жиырма жастың о жақ-бұ жағында ғой, бір оқиғаны естіп алдым да, ойлана бердім. Оған қосалқы кейіпкерлер қосылып, олардың «линиясы» дамып, сөйтіп, ойымдағы шығарма күрделеніп кетті. Содан кейін тәуекел деп, 22 жасқа келгенде кірісіп кеттім. Тоғыз айдай жаздым. Ол кезде енді шағын ғана дүние ғой, соның өзі оңай болмағаны есімде.

А.А. Жиған азды-көпті тәжірибе мен маза бермей жүрген ой, қиял түрткі болған шығар. Әуелі біраз уақыт іштей кейінге ысырып жүрдім де, ақыры бүкіл идея құйылып тұрған соң былтыр бастап кеттім. Қазір жазып жатырмын. Жыл соңына дейін бітіріп, жарияға ұсынсам деген ойым бар. Айтпақшы, аяқтаған соң арнайы мамандарға ұсынамын қолжазбаны. Олар қарастырып, өздеріне қатысты тұсының оң-терісін айтып береміз деп дайын отыр. Ал екінші романның материалдарын жинап қойдым десем болады. Осыны тәмамдаған соң, сол жинаған материалдармен танысу, қорыту кезеңі басталады. Ол дайындық кезеңінің қанша уақытқа созылатынын білмеймін.

Ә.Р. Роман жазуыма заманауи романдардың жоқтығы себеп болды. Классикалық әдебиетті оқып тауысуға шақ қалғанда, өз замандастарым, ағаларым не жазып жүргенін оқығым келді. Әсіресе қазіргі қоғам туралы көзқарастарын, бүгіннің геройы әдебиетте кім екенін білгім келді. Содан кітап дүкендерін аралағанымда бірді-екілі ғана кітап көзіме ілінді. Т.Сәукетаевтың «Мен жындымын» романы, Т.Нұрмағамбетовтың «Періштелердің өлімі» кітабы. Т.Нұрмағамбетовтың шығармасында 90-жылдардың атмосфера бар еді. Ауылдардан қалаға жұмыс іздеп ағылған қазақ. Т.Сәукетаевтың «Мен жындымын» романы 2000 жылдарды суреттейді. Кітап дүкендерінің сөрелерінен басқа заманауи әдебиетті байқамадым. Ал мен 2010-2019 жыл аралығындағы оқиғаларды суреттейтін, әлеуметтік желілерді қолданатын герой туралы жазамын деп шештім.

Ә.Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» романы сұранысқа ие екенін көріп жүрдім және әсіресе жастар кітапты сатып алып оқитынын байқадым. Содан өзім жаза алатын шығармын, бәлкім, босқа Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында оқымаған болармын, Д.Исабеков, С.Балғабаев, Ш.Құсайын, С.Елубай ағайларымнан бекер тәлім алмаған болармын деген ойға бекіп, нар тәуекел деп, «Махаббатым – constant» романын бастап кеттім. Бұл романның атауы менің ойымда 2014 жылдан бері жүрген еді. Екі рет әңгіме қылып жаздым, бірде повесть қылып бастадым, бірақ соңына жете алмағанмын. Сөйтіп романның атауын таңдап алып, жаза бастадым. Бірінші нұсқасының елуге жуық бетін бітіргенімде, кенет айнып, түгел өшіріп, қайта бастадым. Менің жазу стилімді өзгерткен де осы романым еді. Алғашқы романымды жазып бастағанда ғана әрбір метафора авторлық болуы керек екенін, оның ешкімге ұқсамауы керек екенін ұқтым десем болады. Жазуға бір жыл уақытым кетті. Өзім жұмыс істемеген адаммын, сол кезде де бәрін ысырып қойып, күні-түні романымды шұқылаумен өткіздім.

Ж.Қ.Шығарманың соңғы нүктесін қойған соң іштей желпініп, жеңілдеп қалатынымыз анық. Сіздерде қандай әсер болды, нендей ой түйдіңіздер?

А.Ә.«Мимырт» деген шағын романымда композиция тұрғысынан ойлағанымды іске асыра алдым деп есептеймін. Ол кезде өзіме қызық болғаны да сол нәрсе еді. Ал енді айта алмаған дүнием көп қой. Ол кезде ішімде не бар, сол ғана шықты. Ішімде жоқ нәрсені айтуым мүмкін де емес еді. Романды жазып болған соң қатырдым деп ойладым.

А.А. Оны аяқтаған соң айтайын. Анығында, оқырмандардың айтқаны абзал болатын сияқты. Қазір жазу процесі жалғасып жатыр, соның өзінде роман жазудың оңай шаруа емес екеніне көзім жетті. Бірақ біз роман жазуымыз керек. Соны анық түсіндім.

Ә.Р. Менің осыған дейінгі шығармашылығымның негізгі тақырыбы отбасы жайлы ғой. Махаббат туралы роман болса да адамның бар болашағына балалық шағы әсер етеді деген ойдың аясында жазылды. Оны қалай жеткізгенімді оқырман қауым айтар. Бірақ мен алғашқы романымда көп нәрсені айта алдым дей алмаймын. Сол үшін де екінші романымның да тақырыбы махаббат болды. Реванш секілді. Айта алмаған нәрселердің есесін қайтару.

Шынымды айтсам, жазып біткеннен кейін, романымды өңдеп отырып, жарыққа шығарғым келген жоқ. Өйткені біраз роман оқығанмын, талғам бар дегендей, оның үстіне өңкей мықты авторлардың шығармалары. Солардың жанында өзімді «новичок» сезіндім. Қатты қысылдым. Десе де ақыры «туған» соң, өмір сүрсін деп, өзімді зорға көндіріп, кітап қылып бастым.

Ж.Қ. Швед академиясы Нобель сыйлығын алған қаламгерлерді «белгілі бір тақырыпты ашқаны үшін» немесе «мынадай бір өзекті мәселені жазғаны үшін» деп түсіндіреді. Сіздің жазудағы нақты мақсатыңыз не?

А.Ә. Бір рет оқуды жаңа бітірген түлектермен кездестім. Тұп-тура он адам: қыздар мен жігіттер. Жазушының мақсаты не дейді. Мақтану дедім. Кез келген талантты адамның ең түпкі мақсаты өзінің сол талантын көрсету. Басқа мақсаттың бәрі содан кейін тұрады.

А.А. Осыған дейінгі әңгімелерімде де пәлендей ой айтайын деген ниет болмады. Ең басты мақсатым – қызық жазу, оқырманды тартатындай етіп жазу. Романда да солай болды. Ал түп негізде жазушы жазу арқылы танылуы керек, баюы керек, атақ-абырой жиюы керек деп есептеймін.

Ә.Р. Меніңше, барлық кәсіби жазушы осы екі нәрсені негізге алатын сияқты. Өйткені шығармашылық адамы тыңнан түрен салғанды, ешкім айтпаған, ашпаған нәрсені дөп тапқысы келетін тәрізді.

Ж.Р. Роман немесе қаламгер жауап беруге тиісті сұрақтар бар деп ойлайсыздар ма? Мысалы, қоғамдық-әлеуметтік мәселе, ұлттық болмыс, саяси оқиғалар деген сияқты.

А.Ә.  Бұрын олай ойламайтын едім, бірақ есейген сайын, кітап оқып, кино көрген сайын, ойланған сайын, көп оқыған, көп ойланатын адамдармен сөйлескен сайын ондай нәрселердің бар екеніне көзім жетті. Бұның бәрі, әлбетте, публицистикадағыдай ашық айтылмайды, бірақ жазушының шеберлігі арқылы оқырманға жетеді. Оқырман дегеніңіз – бүгінгі оқырман ғана емес, ертеңге, жүз жылдан кейін де оқитын адамдар екенін ескеру керек. Бірақ оның бәрін ойлап отырып істей алмайсыз, шығармашылық қуат арқылы, оның ішінде машығыңыз бар, түйсігіңіз бар, көргеніңіз бар, мінеки, осының бәрі тоғысуы арқылы ғана бұйыратын болса керек.

А.А. Егер қандай да бір ұлттық құндылықтар мәселесін, елдегі саяси түйткілдерді көркем шығарма аясына сыйғызып бере алып жатса құба-құп. Қазір бізде жазылуға сұранып тұрған тақырып саясатта да, жалпы қоғамда да, мәдениетте де, әдебиетте де, ғылымда да көп. Бірақ соның ретін, тәсілін табу оңайға түспейді.

Ә.Р. Жақсы роман – ондай талапсыз-ақ жауап береді. Он жылдықтарды, жүз жылдықтарды қамти алады. Өйткені роман көлем жағынан прозадағы ең үлкені. Сондай көлемдегі жақсы мәтін – кемінде он жылдықтарды қамтиды деп ойлаймын.

Ж.Қ.Бұрындары қаламгерлер бір-біріне әлде редакторларға қолжазба оқытатын, пікір алмасатын, қазір сол үрдіс негізінен жоғалды, сіз қолжазбаңызды біреуге оқытасыз ба, онан соң өзгерістер кіргізесіз бе?

А.Ә. Қазір екінші романымды жазып жатырмын. Бес айдай болды. Соны жақын көретін адамыма оқытып алдым. Ол кісі талдап берді. Ұрсатын жерінде ұрысты. Енді сол ескертпелерге сүйене отырып, бір қарап шығуым керек. Оған дейін де өзім үш-төрт рет өзгерткен едім. Тұтастай болмаса да жекелеген тұстарын. Енді толық бітірген соң, басқа бір ағама оқытып алып, бірінші оқытқан адамыма тағы оқытамын деп ойлап отырмын. Осылайша, қолжазбаға маңдай терімді әбден сіңіріп барып шығаруды жөн көріп отырмын. Он жыл бұрын олай жұмыс істеуге болатынын білген де жоқ едім.

Ал енді қазіргі романымнан кейін жазсам ба деп отырған дүниемді тіпті екі-үш жыл жазуым мүмкін секілді. Ол мынадан да күрделі болғалы тұр. Құдай бұйыртса, әрине.

Қысқасы, шығарманы алдымен ойша әбден пісіріп, керек жерін зерттеп, одан кейін жазуға отырғанда да асықпай, үздіксіз еңбек етіп, одан кейін оны суытып алып қайта қарап, сенімді адамдарға да оқытып, әбден пісіру керек екен.

А.А.  Қолжазбаларды оқытып, қаратып алатын 2-3 адам бар. Қисынға келсе, өзгерісін қабыл аламын. Бірақ көбіне өз нұсқаммен қалдырамын. Ал жалпы бұл үрдіс негізінен жоғалған. Оны қойып, әдеби қозғалыс жоққа тән. Иә, әдебиетті жеке тұлғалар жасайды. Бірақ пікір алысу, көзқарас білдіру, ақылдасу қажет. Онсыз болмайды. Қазір біз әрқайсымыз өз әлемімізде, өз шаңырағымызда үздіксіз жазумен айналысып жатырмыз. Кім біледі, бұл ғасырдың әдебиеті бәлкім, осылай да өте керемет жасалатын болар.

Ж.Р.Абайдың ойын мен де құптаймын, әдебиеттегі пікір алмасу, ой бөлісу деген үрдіс жоғалып барады. Қолжазбаны талқылау деген жоқтың қасы. Негізі осының бір қолайлы, ыңғайлы әдісін тауып, қайта жандандырсақ жақсы болар еді.

Ә.Р. Бұл үдерісті мүлде жоқ деуге де болмас. Мысалы, менің жазу тәсілім сондай. Фокус-группа дейді ғой. Ақын, жазушы, журналист, аудармашы достарыма оқытып, содан өңдеп отырамын. «Махаббатым – constant-тың» екі-үш бетін жазған сайын оқытып, өзгертіп отыратынмын. Нашар десе, түгел өшіріп, қайта жазатынмын.

Ж.Р.Романдағы ұлттың жаны, ұлттың психикасы дегенді қалай түсіндірер едіңіздер, әлде ондай ұғым жоқ па?

А.Ә. Ұлт дегеніміз – маған ұқсайтын, мен жақсы көргенді жақсы көретін, мен ұнатпайтынды ұнатпайтын, менімен ортақ тарихы бар, ортақ салты бар адамдардың жиынтығы ғой. Адамның болмысы сүтқоректілерден гөрі жыртқыштарға жақын екенін ескерсек, ұлт дегеніміз біздің бірігіп қорғанатын үйіріміз, бір жағы. Сондықтан бұл нәрсені басқа ұлттарды жек көру үшін емес, өз табиғатымызды сақтау үшін және тұтасу үшін керек нәрсе деп қарауымыз керек. Қазір бұған қарсы әңгімелер көп айтылып жатқанын білемін. Бірақ оның бәрі уақытша деп ойлаймын. Өйткені қазір көп нәрсені жоққа шығару процесі жүріп жатқанымен, оның бәрінің орнына ешкім ештеңе ұсынып жатқан жоқ. Ұсынғандары ұзаққа шыдайтын дүниелер емес.

Яғни өнерде де біздің ұлттық болмысымыз өзінен-өзі көрініп жатуы заңды дүние. Одан қашпасаңыз болды, бойыңызда бар екені рас болса, өзі-ақ көрінеді. Оны тұншықтырып, ұлттық болмысы жоғалғандардыңжазғанына еліктеп жазсаң, әрі кетсе соларға ұқсайтын нәрсе тудырасың.

А.А. Қазақ жазушысы бәрібір қазақтың психикасын, қазақтың дүниетанымын жақсы береді. Ол мүмкін жазып отырып, ұлттық мінез-құлықты беру жағын ойламайтын шығар, бірақ қалам, яғни түпкі сана ол шаруаны өзі-ақ тындыра береді. Мәселе, бұл жағын кімнің жақсырақ аша алатындығында.

Ә.Р. Бұл сұраққа келесі романыммен жауап берейін.

Ж.Қ.Қазір «елдегі саяси оқиғалар неге жазылмайды?» деген сұрақ жиі айтылып жүр, сіз не деп жауап бересіз?

А.Ә. Қазір тек саяси оқиғалар ғана емес, өте көп дүние жазылып жатқан жоқ. Тарихымыз да, тарихымыз болғанда соңғы елу жылдық тарихымызды алсақ та, қаншама тақырып қамтылмай қалды. Халқы аз, жазушылары әлсіз, өз болмысынан өзі адасып қалған, сондай халықпыз енді.

А.А. Саяси оқиғалардың қазір жазылуы міндет емес деп ойлаймын. Бәлкім, жазып жатқан да шығар.

Ә.Р. Енді біздің қандай ел екенімізді, қайдан шыққанымызды ұмытпауымыз керек қой. Кешегі НКВД-ның үрейінен енді шыққанымызда диктатураға ендік. Десе де Назарбаев дәуірінде сұмдық цензура болды дей алмаймыз, бірақ сонда да қорыққан сияқтымыз. Үш-төрт жыл бұрын Ырысбек Дәбей Жаңаөзен оқиғасын жазып шықты. Оқиға бола салысымен жазылатын журналистика емес қой, әдебиет деген. Оның себеп-салдары, оған дейін не болғаны жіті зерттеліп барып, жазылады деп ойлаймын.

Ж.Р.Өзің құралыптас қаламгерлердің алғашқы романдарын оқыдыңыз ба, қандай ой түйдіңіз?

А.Ә. Оқыған жоқпын сол.

А.А. Арман Әлменбеттің «Мимырт» романы он жыл бұрын шыққан болса да, жақында ғана оқыдым және Арманның жазу стилі, оқиғаларды шебер құрауы тәнті етті. Одан кейін Әлішер Рахаттың екі романын оқыдым және жақсы деп бағаладым іштей. Әсіресе «Параллельдегі» әкесіз өскен жігіт образының суреттелуі ұнады. Қазіргі жастар арасындағы қарым-қатынас, олардың ойлайтын ойы, диалогтары, отбасылық стереотиптер сәтті берілген.

Ә.Р. Б.Батанның «Өліктердің уысында ериді» деген романы мен Т.Қылышбектің «Ай қызы» романын оқып шықтым. Екеуіне де өзімнің алғашқы романымда жіберген қателіктер тән. Алғашқы 20-30-бетте автор толық ашыла алмайды. Одан кейін барып, жолына түседі. Б.Батанның романының идеясын алғаш таныстырғанда өзіме ұнап, «мен жазайын» деп қолқа салғанмын. Ол гонорар сұрады. Сатып-ақ алар едім, қалтам көтермеді. Екеуміздің алғашқы романымыз қатар жазылды. Оқып, пікір білдіріп жүрдік. «Өліктердің уысында еридінің» тақырып аясы кең. Идеясы жақсы. Ал Т.Қылышбектің романын оқығанда өзімнің алғашқы романымды оқығандай әсер алдым. Бәлкім, тақырыбымыз махаббат болғаннан шығар. Оның ұтымды тұстары көп болды, десе де дәл өзім жіберген қателіктерді де байқадым. Әсіресе кульминация мен финалға жақындағанда автордың қуаты кеми береді. Дегенмен өз аудиториясын табатын туынды.

Ж.Р. Роман, қаламгер оқырман арасында тағы қандай айтылмай келе жатқан түйткілдер бар?

А.Ә. Бұл енді баспаның немесе Жазушылар одағы сияқты ұйымның шаруасы. Бұл туралы арнайы әңгімелесу керек шығар.

А.А. Қазіргі оқырмандар романды қабылдай алады. Соған көзім жетті. Біз роман жазуымыз керек және өте көп жазуымыз керек. Егер біз, яғни жастар жылына оншақты роман бере алсақ, онда бұл сөзсіз үлкен қозғалыстың бастауы болады. Ертең ол белсенді сатыла бастайды, өзге тілдерге аударыла бастайды, театрлар инсценировка жасай бастайды, кинорежиссерлер құда түсуге көшеді. Міне, осы процестерден кейін жазушының да материалдық жағдайы жақсарады.

Түйін: Әңгімені осы арадан тұжырдық. Ең бастысы, жол үстіндегі жазушылардың тынымсыз еңбектеніп, кідіріссіз жазып жатқаны қуантады. Қалғанын уақыт пен оқырман еншісіне қалдырдық.

Тегтер: