Тұңғышбай ЖАМАНҚҰЛОВ: Тақымы таққа жабысқан шенеуніктерден театрға қаржы бөлдіру – ерлік

Оқырман «Бұл кісі не айтты екен, не дейді екен?» деп күтетін азаматтар болады. Олардың айтқан сөзі өтімді, ойы салмақты.
Қазақстанның халық артисі Тұңғышбай Жаманқұлов сондай сойлардың сапынан. Тұқаңның тұщытып айтатыны соншалық – кесіп алған бармағыңды тұз сепкендей ашытып, нысанаға дәл тигізеді. Бұл жолғы әңгіме-сұхбатымызда да ағамыз біраз көсілді.
– Тұңғышбай аға, өткен аптада «Бөрте» спектаклі қойылды. «Түркістан музыкалық драма театры» «Бөртені» сахналау үшін 246 млн 750 мың теңге шығындапты. Ресми ақпарат көздерінде осылай жазылуда. Бір спектакльге осынша көп ақша жұмсау қисынға сыя ма? Театрды бір кісідей білетін азамат ретінде айтыңызшы, бұрын өзіңіз қойған спектекілдерге осындай қаржы кететін бе еді
– Түсімізге де кірмеген… Бұл – біздің мемлекеттің бір жылға, еліміздегі қараусыз қараң қалып, ортақ астаудан сарқыт та бұйырмаған, барлық шығармашылық одақтарға міндет қылып, айғай салып бөлген, содан соң игере алмады, құжаттарын «пісенттемеді» деп қайтарып алған қаражатымен барабар. Жалпы өнерін ұлықтаған, өркениетке жеткен, өздерін мемлекетпіз деп есептейтін есті елдер руханиятқа жұмсаған ақшасын санамаған, аямаған, шөміштен қыспаған. Түркістанды төрткүл дүние таң қалардай түрлендірмек ниеттен туындаған, жаңа өнер ордасына қомақты көрімдік ретінде бөлінген қаржыны көп көріп, қызғаныштың қызыл итін қыңсылатудың жөні жоқ деп білем… Дегенмен жақсы нышан. Енді қазақ өнеріне бұдан былай мемлекет осы тақылеттес қаржы бөліп тұруға керек деген құлаққағыс болса игі… Анығын айтсақ, аз да емес, көп те емес… Оның үстіне өз ауылымыздың алтыншы сортты аузы сасық режиссері емес, мұхиттың аржағынан шақырылған адамның нәпақасына атан түйе атамасаң, ұят-ты… Жат жұртқа жыртылатын қазақпыз… Қалай болғанда да мұндай қаржы жалғыз сол «Бөрте» қойылымына ғана кетпеген шығар, басқа қалалардан шақырылған актерлар бар, жаңа театрдың шымылдығын ашу, оны бүкіл елге сауын айтып жарнамалап, мерекелік шара ұйымдастыру, т.с. жұмыстар жасалған болу керек. Сол қуанышқа біз де арнайы шақырылдық, әттең уақыт болмай, тойға қатыса алмадық. Іскер қарындасымыз Айнұр Көпбасарованың осы мемлекеттік мәні бар шараны халықаралық деңгейде ұйымдастыра білгені құптарлық жай. «Ойбай, өлдім» десең де қара су татыруды он жыл талдайтын тақымдары таққа жабысып қалған шенеуніктерден «қусаң құмалақ түспейтін» заманда мұндай қаржыны бір театрға бөлдіре білу – ерлік жасаумен пара-пар… Ерлік демекші, соңғы жылдары елең еткізген екі жағдайды білем. Ол – атағы бүкіл мұсылман еліне мәшһүр, қасиетті Түркістанның «тіріліп», кішігірім Венецияға айналғандай боп бой түзегені, екіншісі – көне Тараздың екінші Самарқан боп сұлулануы, Тектұрмас әулиенің төңірегі, ықылым заманалар бойы жеті қат жер астынан бүгінгі мәңгүрттенген ұрпаққа ышқына атой салатын теңдессіз тарихи-этнографиялық кешенге айналуы! Ал тырнақ астынан кір іздеп, бұрынғы міністірдей бәле қууға құмар қараниеттерден құтылу керек! Әйтпесе Иосиф Сталин айтқандай: «Лишь бы был человек, а статья найдется..», – деген арамзалар, қанқұйлы 37-нің сарқыншақ шабармандары арамызда әлі жүр!
– Биыл Қазақстан тәуелсіздігін қайта алғанына – 30 жыл. Отыз жылда қазақ театры мен кино өнеріне өлшеусіз үлес қостыңыз. Мемлекет тарапынан әлдеқандай марапат, сыйлықтың «сыбысы» шығып жатқан жоқ па?
– Сыбыс та, дыбыс та жоқ. Еңбегімізді сатуды, міндет қылуды кәсіп қылмадық… Үміт пен күбірден де аулақтамыз… Бұл мәселе «бальшооой секретпен» жасалатын науқан ғой… Шүкір, азын-аулақ еңбегіміздің арқасында марапат пен сыйлықтың біразын бір кісідей алғанбыз кезінде. Бұрынғы міністірдің «заманында» анау-мынау жетістікке қарамай-ақ, қолы ұзын, сөзі жылмың, сол бастықтың ық жағын жағалаған қалтасы қалыңдар талай атақтарды сатып та, бөркімен қағып та алып жататын. Кім болса соның қанжығасында кеткен ол атақтың да қадірі азайып, жар астында жатқан жәутіктер де, сарыауыз «салагалар» да қарпып үлгірген-ді.
– Жетпіс жасыңыз отпен, сотпен атаусыз өтіп кетті. Одан бері де үш-төрт жыл аунап үлгеріпті. Жалпы соңғы он-он бес жыл сіз үшін ауыр өтіп жатқандай: кинода жарқыраған рөлдеріңізді байқамадық, театрдың да есігі жабылғандай. Жолыңызды кімдер жапты, олардың қай «егініне» түсіп едіңіз?
– Оныңыз рас. Атаусыз деп атақ-даңқты меңзесеңіз, ол үшін басым ауырған жоқ. Қолыңды қатырма қағазға, кеудеңді салпыншаққа толтыру мақсатымен ауырған емеспін. Шүкір, бұйырғандары мені өздері іздеп тапқан-ды. Алда да өмір бар ғой, үмітсіз шайтан ғана… Ал жетпісімді жүз жиырмадан асып жығылатын шәкірттерім бес жүздей менің парқымды білетін, бағалайтын әріптестер мен дос-жаран, ағайын-туысқа аста-төк дастархан жайып, дүркіретіп той жасаған. Үкімет адамдарынан: Дариға Назарбаева, сол кездің сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев, президент әкімшілігінен Аида Балаева, вице-премьер Бердібек Сапарбаев, барлық шығармашылық одақтардың басшылары, тіпті алыс-жақын шет елдердің театр қайраткерлері, одақтары, өз еліміздің барлық театр ұжымдары құттықтау хаттарын жолдады. Атау деген осы емес пе? Осылардан кейін тышқанбек деген «ұлының» тыс қалған назарының мен үшін көк тиындық та құны болған жоқ. Ол кетті, мен қалдым ғой ел назарында. Ол жазған тағынан кете салысымен кинода да, театрда да, БАҚ теле-хабарларынан шақыру алып, қыруар жұмысқа кірісіп кеттім. Сол екі-үш жылда екі-үш киноға түсіп үлгердім, облыстық театрларға, Таразда А.Тоқпанов атындағы театрға Ш.Мұртазаның «Тұрар. Сталинге хат» реквиеміне, Қостанайда І.Омаров атындағы театрға Қ.Ысқақ пен Шахимарденнің «Қазақтар» трагедиясына, үш спектакльге режисерлік еттім, төл театрымда екі үлкен қойылымда орталық рөльде көріндім. Жолымды жаппақ болған, тіпті мені нахақ соттамаққа битін салған міністірдің харам ниетінің күл-талқаны шықты. Шүкір, оған да тықыр таянды, тайраң арманы әшкереленіп, арамнан жиған байлығы тәркіленіп, маған қазған орына өзі түсер уақыты жақын қалды, мұны бүкіл ел күтуде.
– Театрды басқарған кезіңізде сіздің де біреулерге ызғарыңыз өтіп, тісіңіз батқан жоқ па? Мұны сұрағаным: әлгібір «дауыл» соққан уақытта театр артистерінің ішінен сізді қолдап, қасқайып қарсы тұрғандар аз болды. Неге?
– Керісінше, ол кезде қаншама актер үйлі болды, атақтар алды, сыйланды-сыймықтанды. Өзге театрлар ол кездерде уақтылы айлығын да ала алмай, ашқұрсақ жүргенінде бір күн кешіктірмей, қаржы министрінің басын қатырып жүріп, жалақыларын бергіздіріп тұрдым. Жылдар бойы жөндеусіз ұмыт қалған, әшекей мәрмәрлері көрермен басына түспеуі үшін сетка-рабицамен қоршаулы тұрған театр ғимаратын әкім Г.Құлмахановтың миын жеп, шығынын қала бюджетіне артып, Германиядан ерекше желім алдыртып жасаттым, жауын жауса: сахна мен көрермен залына сарылдап су ағатын шұрқ тесік шатырын қайта жаптырттым, ілдә-ілдәлап жүріп ішкі бөлмелерін де соларға сылаттым. Ол – кеңес үкіметі құрдымға кетіп, жарық астау алдында қалған елімізде театрға соқыр тиын да бөлінбейтін тоқсаныншы жылдар еді… Сонда да болса, аш жүріп-ақ театр жаңа спектакльдер қоюды тоқтатқан жоқ, ескі-құсқы декорациялар мен тозығы жеткен киімдерді жамап-жасқап, кейде жылына 11 қойылым қойған кезіміз де болған. Театрды ұмыта бастаған, аласөмке көтеріп қаңғырып кеткен көрерменнің көңілін суытқамыз жоқ, екі бірдей залымыз толы болмаса да, бос қалған кезі болған жоқ. Пушкинше мақтансам, «Ай да – Пушкин, Ай да – сукин сын» демекші, осындай оңай емес істердің қолымнан келгеніне өзіме-өзім риза болғам! Бұл жайлы ұжымның бәрі біледі, талай мәрте айтылып-жазылған. Бірді-екілі енжарға, тайраңы асқан тәрсіздерге тіземіз батқан шығар, жасырмаймын...
Алайда дауылды күндері дәті мен пәтігі жетпегендер мен бұғып қалғандарды кінәламаймын. Бұрынғы міністрдің екпіні мен тепкісінен қорқып, іштен тынып, ышқына алмаған шығар. Бірді-екілі Саят Мерекеұлы сынды батылдары бас көтерген. Өзім де оларды сабырға шақырып, даурықпаңдар деп өтініш жасадым. Оның үстіне сол кезде театрға шалағай басшы болған бастығының артына кірердей болған шәкіртім соның бұйрығын орындауда, ұстазы тұрмақ, ата-бабасының моласын да сатуға дайын күйде, түнгі он екіде ұжымды жинап алып: «Қыбыр етпеңдер, атақтан, рөльден құр қаласыңдар, театрдан қуыласыңдар», – деп жас ет жегендей жалмаңдап, қатаң тапсырма берген. Қалай болғанда да, бүкіл ұжым мен жайындағы бұл дақпырттың жала, жалған екенін анық білгендіктен, сабыр сақтап, түбі қайыр болатынына сенгендіктен де шығар...
– Өзіңіз туралы биографиялық кітап жаздыңыз. Сол кітапта үстіңізден арыз жазған, жолыңызға көлденең тұрған өнердегі біраз адамның аты-жөнін атап айтыпсыз. Құпия болмаса соған қысқаша тоқтала кетіңізші. Олар кімдер, қандай арыз, қандай шағым?
– Сол кітапта бәрі жазылған. Қайталаудың қажеті бола қоймас. Абай хакімнің сөзі бар ғой «жұрт айтса – болды, көп айтса – көнді, әдеті надан адамның» деген… Менде осындай «әдеттің» жоқтығынан «атышулымын». Бәріне мақұл дей бермеймін… «Қойшы, неғылайын» дейтін анда-санда болатын қопалдыққа зармын… Бәлкім қаталдау шығармын, дей тұрғанмен, шындық деген шырылымды бүкіл қазақ біледі… Біразға дейін шыдаймын да, ол таусылғанда, «барды – бардай, жоқты – жоқтай» айтып салып қарап отырамын. Көріп тұрып көрмегендей бола алмай-ақ қойдым. Білесіз, өнер жолы – тайғанақ, бағалауға тәнті, сондықтан да тәуелділікке толы. Арқадан қағатын мықтыға, мақтау естуге мәжбүрлік қасиеттер неше түрлі майдалық пен сұрқиялыққа дейін апаратын мінездер көптеп кездесіп қалады. Конфуцийдің бе екен, қытайлардың қарғысы бар ғой: «чтобы ты жил во время перестройки», – деген… Мен сол қайта құру кезеңінде театрға басшы болдым. Қиюы кетіп, бүкіл қоғамның алқам-салқамы шыққан заманы еді дедім ғой… Ұлтым мен үкіметтен жиған барлық абырой-атағымды төл театрымның жыртығын жамауға бел шешіп кіріскем. Ол мақсатымды орындадым да. Актерлық өренің, режисураның қалып-ауқымын, репертуар саясатын ұлттық реңкке, қазақы қанға, заман талабына сай болуын талап етіп, сол мақсатта жанымды салып шапқыладым. Сол жылдары Атилла, Томирис, Абылайхан, Әбілқайыр, Үкілі Ыбырай, Ақан серілер, Ұзақ-Жәмеңкелер, т.б. тарихтың ақтаңдағында, орыси талғамның табанында қалған саңлақтар сахнаға шықты! Сонан соң театрда талғам өзгеруіне сай ұрпақ ауысу сынды сырқат басталды. Ауысқысы келмеген, кешегісін бұлдап, бүгіннің биігін менсінбеген ағалар қашаннан қанымызға сіңген арыз-құрызға қайта басты… Ол айқас тоғыз жылға ұласты, ақыры театрдың жаңару процесі тоқтады! Содан бері сол «стансада» тұрмыз… Ауызды қу шөппен сүртпейін, ара-тұра «паровозымыз» ышқынып, орнынан қозғалып қояды, рас… Бірақ, тым баяу...
– Сізді сыртыңыздан қарап: көп ішінде жалғыз қалған, досы жау, жақыны жат болған жандай елестетеміз. Абай: «Моласындай бақсының, жалғыз қалдым тап шыным», – деп күйінген. Ал сіздің жалғыздығыңыз не?
– Кешіріңіз, қателесіз… Елесіңіз дұрыс елес емес. Қазақстанның театр қайраткерлері одағының төрағасы ретінде республикамыздың 60-қа тарта театрларындағы әріптес аға-інілерімнің бәрімен де доспын, жоқшысымын, жанашыр ағасымын. Жалғыз емеспін. 120-дан аса шәкірттерім бар, солардың 70 пайызы өнерде жүр. Дұрысы, мен жайында Абай хәкімнің: «Жартасқа бардым, Күнде айғай салдым… Одан да шықты жаңғырық...», – дегенін қосып айтсаңыз… Қазақ өнерінің қамымен жоғарыға салған «айғайым» жете бермейтіні рас. Бір қуанышты хабар айтайын: «жаңғырығымызды» депутат Қазыбек Иса мен министр Ақтоты Райымқұлованың жарғақ құлақтары естіп, тиісті жұмыстар жасалына бастапты, жақында үкіметіміз жеті-сегіз шығармашылық өнер одақтарының статусын «мемлекетіміздің стратегиялық серіктестері» деңгейіне көтермекке шешім қабылдамақ. «Бақсының моласындай жалғыз» жататын мен емес, өмір мен өнердің көкпарындағы қан-сорпа додасының ортасындамын.
– Бұрын көрермен театрға тазару үшін баратын еді. Ол кездегі қойылымдардан адам шынымен рухани байып қайтатын. Қазіргі қойылымдар көңіліңізден шыға ма? Бүгінгі спектакльдердің көбі адамды рухани тазартатын тақырыптардан гөрі оттың басы, ошақтың қасынан шыға алмай қалғандай...
– Топшыңның жөні бар… Рас, адуын келін, қарттар үйінің қажыған қариясы, енеңнің етегін ашатын нәрсіз, орынсыз ыржаң, бойы бұлғаң комедиялар да жетерлік, «классика ғой» деп, орыстың ойсыз, саяз комедия мен драмаларын қайта жаңғыртқан далбаса қойылымдар да бар… Бес саусақ бірдей емес-ті, тәуір дүниелер де кездесіп қалады. Қара шаңыраққа барып, Абай хәкімнің қарасөздерін тыңдаңыз, «Қара» қойылымын көріңіз. «Таяқ жейсіз» әрі тазарасыз! Театр тірі организм болғанда оның шөлдеуі, ауру-тұмауы болып тұрады… Оған ұлтжандылықпен, білімірлікпен, түсіністікпен қарау керек. Өзгенің қаңсығын таңсық көріп, қағынан жеріген құланның күйін кешпейік!
– Театр артистерінің әлеуметтік мәселесіне тоқтала кетіңізші. Олардың еңбекақысы пәтер жалдап, бала-шағасын асырауға жете ме? Ал қоюшы режиссерлер мен драматургтердің қаламақысы ше? Сіздің еңбекақыңыз алған атағыңыз бен жеткен жетістігіңізге, қазақ өнеріне сіңірген еңбегіңізге қарап төленетін шығар, әлде?..
– Тілімді қышыта бердің ғой… Әрине жағдайымыз мәз емес. Екі жыл бұрын мемлекет басшысы, президент Қасым-Жомарт Кемелұлының қабылдауында болғанымды білетін шығарсыз. Өз жайымды ол кісі онсыз да жақсы білетіндіктен, оған назар аударғам жоқ, өнерпаздардың мұңын шақтым. Үш ай өтпей, театрларда жалақы көбейді. Әрине әлі де аз. Айлығымыз шайлығымызға жетпейді. Ипотека дегенді ауызға алмаңыз. Миллион теңге айлығын аз деп жылайтын депутаттармен салыстырғанда, шүкір, жүз мыңнан асатын айлығымыз бар, доллар деп қалмаңыз, жүрегіміз жарылып кетер, өлместің күні ғой, әйтеуір. Ал атақ-даңқымызға, орден-медальдарымызға түк те жоқ, салбыратып, кәстөміміздің жағасын жыртатыны болмаса...
– Жиі болмаса да, арагідік эссе, мақала жазып тұрасыз. Жазуыңыз тастай. Кино мен театрды таңдамағанда жазушы болар ма едіңіз, кім білсін? Ал өнерде жүргеніңізге 50 жылдан асыпты. Сахнада жүріп таяқ жеген кездеріңізде: кино мен театрдың отына күйіп, суығына тоңғанда, өнерді таңдағаныңызға өкінбейсіз бе?
– Жазушылар одағына мүше болыңыз деп, мені қарабет қылайын деген ойың жоқ шығар. Біз ата мен әже көрдік, солардың сүйікті ертегісіндей өмір сүруге талпындық, кепиеттің кетпегенін, қан сұйылып, қасиеттің қашпағанын көрдік, қымбаттың арзандағанын, тексіздіктің төрге шыққанын, аталар сөзінің ем болудан кетіп, ауыздан шыққан жел есебінде болған кезін көрмедік. Біраз кітап оқыдық, бабалар тарихын балдай сіңірдік, балауыз бозбала болып, қыздар мен өмірге ғашық болып, жыр да жаздық. Жазушы болмасақ та, сол ағайындардай сахна мен экраннан мұң шертіп, ой толғап, сыр ашып жүрміз. Оған да шүкір! Б.Пастернак: «И вечный бой! Покой нам только снится», – демекші, неге өкінем, өзім күйдім, өзім тоңдым… Өзім алдандым, өзегімнен тебілдім, өзімнен көрдім. Қысқасы, өмірде де, өнерде де ойнағам жоқ, сүрдім!