Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
18:09, 29 Тамыз 2022

Тұрақтылық кепілі – этносаралық мәдениетте

None
None

Батыс Қазақстан облысында 90-нан астам ұлт өкілі тұрады. Облыстың іргетасы 1932 жылы қаланған.

1962-1992 жылдары өңірдің аты Орал облысы болып аталғаны белгілі. Одан кейін, яғни 1992 жылы Батыс Қазақстан облысы деген атау қайтадан берілді. БАҚ-да биыл 1 шілдедегі есеп бойынша 667,8 мың адам тұрады. Оның 300 мыңы шағын қалалар мен аудан орталықтарында, ал 200 мыңы Оралдың өзінде. Тұрғындардың 445 мыңы – қазақтар, ол 71 пайыз деген сөз. 140 мыңы – орыстар, ол 22 пайызды құрайды. Украиндықтардың саны – 15 мың, ол 2,5 пайызға тең. Татарлардың саны – 10 мың, ол 1,5 пайыз. Ал өзге ұлт өкілдерінің саны бір-екі мыңнан айналады, жалпы 15 мың адам. Бұл жалпы халықтың 2,3 пайызы.

БАҚО-да бал жаласып, тату тәтті, береке-ынтымақпен ғұмыр кешіп жатқан 90-нан астам ұлт өкілінің басын қосып отырған ұйым — «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесі. Аталмыш мекеме 2014 жылы құрылыпты. Жеке баспаналары 2015 жылы пайдалануға берілген екен. Ал 2016 жылы өңірдегі Достық үйінің салтанатты ашылу рәсімі болған. Аймақтағы Достық үйі ғимаратына этномәдени бірлестіктер үшін 16 кабинет, ҚХА-ның жастар қанаты және ардагерлер Кеңесі көшіп барып қоныстанды. Бүгінгі уақытқа дейін өңірдегі Ассамблея жанынан аналар кеңесі, ғылыми-сараптамалық кеңес және қоғаммен байланыс жөніндегі кеңестер құрылып, бәрі аймақтың тұрақтылығы үшін қызмет етуде.

Үш қабатты зәулім ғимаратта 150 орындық концерт залы мен 80 орындық конференция залы және медиация кабинеті орналасқан. Достық үйінің ішінен бұдан басқа екі дайындық бөлмесі мен үш тілдер кабинеттері ашылып жұмыс жасауда. Хореография залы мен киім және грим жасау бөлмелері де аталған мекеменің сәнін кіргізіп, ажарын ашып тұр.

Қазақстан халқы Ассамблеясының БҚО бөлімі ұлтаралық татулықты сақтап, ұлтаралық қарым-қатынасты нығайту үшін аянбай еңбек етуде. Достық үйіндегі концерт залында этномәдени кештер ұйымдастырылып тұрады. Мемлекеттік мерекелердің дені осында өткізіледі. Мысалы, наурыз мерекесі, тәуелсіздік күні, жаңа жыл кештері мен сабан тойлар Достық үйінде салтанатты түрде аталып өтіп жүр.

Достық үйі ғимаратында мүмкіндігі шектеулі адамдарға да қолайлылық жасалған. Мысалы, кіреберіске жайдақ жол салынып, арнайы электронды баспалдақ қойылды. Одан бөлек, соңғы үлгідегі заманауи техникамен жабдықталған дыбыс режиссерінің кабинеті бар. Онда дыбыс жазу студиясы жабдықталып, жарық қоятын арнайы бөлме де дайындалған. Этномәдени бірлестік өнерпаздарының шығармалары осы студияда жазылып өңделеді. Бір қарағанда әртиүрлі ұлт өкілдерінің ән-күйлері осында жазылып, бәрі бір әуен құрап әдемі әуез таралып жатады.   

БҚО-да 160-тан астам қоғамдық келісім кеңесі бар. Сөйтіп, Ассамблея жұмысына екі мыңға жуық белсенді тартылып отыр. Ассамблея жұмысы мұнымен шектелмейді. БҚО-дағы кейбір мектептер мен университет, колледждерде «Достық клубтары» құрылған. Достық клубтарының әртүрлі іс-шаралары мен қоғамдық жұмыстарына 4 мыңнан астам жастар тартылған.

Қазіргі таңда БҚО көлемінде 53 этнобірлестік жұмыс істеп жатыр. Оның 16-сы Орал қаласында. Өңірдегі этнос өкілдерінің тұрақтылығы үшін саяси әрі рухани мәнге ие бірлестіктер БҚО-ның күретамырна айналып үлгергелі қашан?

БҚО-дағы Ассамблея саны жағынан да, құрамы жағынан да, тіпті мазмұнының сапасы тұрғысынан да жылдан жылға өсіп келеді. Осы күні ҚХА-ның БҚО-дағы мүшелерінің толық саны өткен жылы 21 мың адамнан асатын. Оның қатары жылдан жылға артып, жастармен толығып отыр. Батыс Қазақстан облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақовтың айтуынша, ҚХА-ның атқарып отырған іс-шаралары мен жұмыстары елдің татулығы мен тұрақтылығы және этносаралық келісімді нығайту екенін айтып отыр. Сонымен бірге, елде бейбіт өмір сүру мен этносаралық тұрақтылықты сақтауға аталмыш мекеме көп еңбек сіңіріп жатқанын айта кетейік.

Бүгінгі күнге дейін ҚХА-ның БҚО-дағы бөлімшесі 17 000-нан артық іс-шара өткізіпті. Бұл шараларға 360 мың адам жұмылдырылған. ҚХА-ның 2025 жылға дейін мақұлданған даму тұжырымдамасын бойынша осы уақытқа дейін бірқатар шаруа жасалды.

Мысалы, Ғ.Қапақовтың сөзінше, Ассамблея БҚО аумағындағы барлық қоғамдық ұйымдармен және қоғамдық бірлестіктермен, азаматтық қоғам интституттарының жұмысына ерекше мән береді. Оларға әртүрлі іс-шара ұйымдастырып, оны өткізу барысында әдістемелік көмек көрсетеді. Айталық, Алғыс күні мен Қазақстан халқы бірлігі мерекесін үлкен деңгейде атап өту – жергілікті ҚХА-ның басты міндеті. Бұл іс-шаралар мен мереке мейрамдар Достық үйіндегі әртүрлі құрылымдық бөлімдерде жоспарланып, бәрі жоспарға сай аталып өтіп тұрады.

Аймақта әр этнос өкілінің салт-дәстүрін сақтау, өнерін нәсихаттау, мәдениетін дәріптеу, тілін мен әдебиетін таныту әрі жалпыға нәсихаттап көрсету үшін жергілікті Ассамблея «Этностар апталығын» өткізуді дәстүрге айналдырған. Одан бөлек, қайырымдылық жасауда да БҚО-дағы өзге ұлт өкілдері көпке үлгі болып келеді. Мәселен, Карантин кезінде және былтыр 108 миллион теңге жинап көпшілікке көмектескен. БҚО-ның жергілікті Ассамблеясы этномәдениетті ұмыттырмау үшін, әр халықтың өзінің туған тілін сақтау жолында жексенбілік сыныптар ашқанын айта кетейік. Ол сыныптарда мектеп жасындағы балалар өз ана тілдерінде оқып-үйреніп, салт-дәстүрін, тарихын жете танып, қазақ тілін де тегін үйрене алады. Бұл ҚХА-ның этномәдениетті сақтау үшін жасап отырған жұмысы және мемлекеттік тілге деген құрмет!

Мемлекеттік тіл демекші, ҚХА-ның БҚО-дағы бөлімі қазақ тілін өзге ұлт өкілдеріне оқытып-үйрету үшін «Тіл – мұра» қозғалысын құрған болатын. Осы қозғалыс аясында бірқатар жұмыстар жасалып жатыр. Қозғалыс құрамындағы азаматтар мемлекеттік органдар мен ірі кәсіпорындарға, кейбір мекемелерге барып, мемлекеттік тілді нәсихаттап, мемлекеттік тіл саясатының дұрыс жүргізілуін және қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуді үнемі насихаттап отырады.

БҚО татар мәдени орталығының жетекшісі Ришат Хайруллин – мемлекеттік тілді ана тілінен кем қоймайтын өрелі азамат. Қазақ тілін білмейтін адамның Қазақстанда болашағы болмайтынын ашық айтады айналасына. Сол үшін де көпке сыйлы. Ол Абай тілінің қуатты, бай тіл екенін білгендіктен емес, бұл тілдің Қазақстандағы қолданыс аясының күн санап артып бара жатқаны үшін үйренгенін айтты. Мемлекеттік тілді меңгеруге зор махаббатпен құлшынып жүрген тағы бір азамат — «Вайнах» шешен-ингуш этно­бірлестігінің төрағасы Данильбек Саратов. Ол да қазақ тілінің қолданыс аясын өзге ұлт өкілдері арасында арттырып жүрген жігіт. БҚО-ның Ассамблея жанындағы жастар қанатының жетекшісі Игорь Спиридонов те қазақ тіліне құрметпен қарайтын азамат. Мемлекеттік тілді білу – әрбір Қазақстан азаматынының, әрбір этнос өкілінің міндеті екенін жақсы біледі. Әрі айналасындағы басқа этнос өкілдеріне соны айтып жүреді.  

Сонымен бірге, БҚО-да қазақ пен шешен жастары бірігіп «Вайнах» достық клубын құрған. Оның да жұмысы көпке үлгі. Осы уақытқа дейін әлгі клуб мүшелері теріс діни ағымның жетегіне түскен жастарға көмектесіп, олардың тура жолға түсуіне бағыт беріп, бастарындағы кейбір әлеуметтік-экономикалық қиындықтарына да қайырымдылық жасап, атсалысып, тығырықтан шығуға септігін тигізуде.  

Жалпы, өңірде этносаралық тұрақтылық сақталған, этносаралық мәдениет басқа аймақтарға үлгі, 90-ға жуық ұлт өкілдері өте тату-тәтті өмір сүреді. Бұл Жаңа Қазақстан саясатының жемісі десек артық болмас. 

Тегтер: