Тұрғын үй мәселесі: мемлекеттік қолдау тетіктері қаншалықты тиімді?
Тұрғын үй мәселесі кез келген мемлекет үшін әлеуметтік саясаттың негізгі бағыттарының бірі болып саналады. Әсіресе халық санының өсуі, урбанизация және ішкі көші-қон тұрғын үйге деген сұранысты арттырып отыр.
Сондықтан құрылыс саласын дамыту тек баспана мәселесін шешу ғана емес, сонымен бірге экономиканы жандандырудың маңызды құралы ретінде қарастырылады. Құрылыс саласы көптеген салаларды – өндіріс, қызмет көрсету, инженерлік инфрақұрылым, қаржы секторын қатар дамытуға ықпал етеді. Осы тұрғыдан алғанда мемлекет тарапынан құрылыс саласын қолдау, инфрақұрылымды дамыту және қолжетімді ипотекалық тетіктерді енгізу стратегиялық маңызға ие.
Соңғы жылдары Қазақстанда тұрғын үй саясатын жүйелеу бағытында бірқатар институционалдық өзгерістер жүзеге асырылып жатыр. Соның бірі – 2025 жылдың мамыр айында күшіне енген заңнамалық түзетулер. Бұл өзгерістерге сәйкес тұрғын үй кезегін жүргізу және тұрғын үйді бөлу функциялары жергілікті әкімдіктерден ұлттық даму институтына айналған «Отбасы банкке» берілді. Мұндай қадам тұрғын үйді бөлу жүйесін орталықтандыруға және процестің ашықтығын арттыруға бағытталған. Мемлекеттік деректерге сүйенсек, өткен жылы азаматтарға шамамен 8 мың жалдамалы тұрғын үй беріліп, 11 мыңнан астам жеңілдікті ипотекалық несие рәсімделген. Сонымен қатар бұрын тек жалға берілетін тұрғын үйді жекешелендіру мүмкіндігі енгізіліп, 2025 жылы бұл құқықты 15 мыңнан астам азамат пайдаланған.
Мемлекеттік қолдау шараларының ауқымы тек тұрғын үйді бөлумен шектелмейді. 2025 жылы кезекте тұрған азаматтар үшін 218 млрд теңгеге 14,5 мың жалға берілетін пәтер сатып алынған. Бұдан бөлек, 140 млрд теңгеге 14 мыңнан астам ипотекалық тұрғыда қаржыландырылатын тұрғын үй салу және сатып алу жобалары іске асырылды. Инженерлік инфрақұрылымды дамыту да назардан тыс қалған жоқ, яғни 10,5 мың жер учаскесіне қажетті инфрақұрылым жүргізілді. Мұндай шаралар құрылыс қарқынын арттырумен қатар жаңа тұрғын аудандарды игеруге мүмкіндік береді.
Тұрғын үйге қолжетімділікті арттыруда ипотекалық бағдарламалардың рөлі ерекше. Соның бірі – «Наурыз» бағдарламасы. Бағдарлама шарттарына сәйкес соңғы бес жылда өз атында тұрғын үйі болмаған азаматтар қатыса алады. Қатысушының ресми табысы болуы, соңғы алты айдағы зейнетақы жарналары төленуі және «Отбасы банкінде» белгілі бір мөлшерде жинағы болуы талап етіледі. Бағдарлама бойынша әлеуметтік санаттағы азаматтар үшін ипотекалық мөлшерлеме 7%, ал басқа қатысушылар үшін 9% деңгейінде белгіленген. Бастапқы жарна таза әрлеудегі тұрғын үй үшін 10%, ал қарапайым күйдегі пәтер үшін 20% мөлшерінде қарастырылған. Алматы мен Астанада несие сомасы 36 млн теңгеге дейін, басқа өңірлерде 30 млн теңгеге дейін беріледі, ал несие мерзімі 19 жылға дейін созылады.
2026 жылға арналған бағдарламаға өтінім қабылдау 10 наурыздан 31 наурызға дейін жалғасады. Бағдарлама талаптары бойынша депозитте кемінде 1 млн теңге болуы тиіс және үміткердің соңғы бес жылда баспанасы болмауы қажет. Сарапшылардың пікірінше, мұндай шарттар бағдарламаны әлеуметтік тұрғыдан бағытталған құралға айналдырады. Алайда бастапқы жарна мен жинақ талаптары кейбір азаматтар үшін қолжетімділікті шектей алатыны да айтылып жүр. Соған қарамастан, 2025 жылы «Наурыз» және «Наурыз-Жұмыскер» бағдарламалары аясында 233 млрд теңгеге 8,6 мың несие берілгені бұл тетіктің нақты сұранысқа ие екенін көрсетеді.
Тұрғын үй саясаты тек қаржылық қолдаумен ғана шектелмей, саланы институционалдық тұрғыдан жаңғыртуды да қамтып отыр. Осы тұрғыда жаңа Құрылыс кодексінің қабылдануы маңызды қадамдардың бірі саналады. 2025 жылдың қаңтарында қол қойылған бұл құжат 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енеді. Кодекс құрылыс өнімдерінің толық өмірлік циклін – жобалаудан бастап пайдалануға беру және кәдеге жаратуға дейін есепке алу қағидатын енгізуді көздейді. Бұл тәсіл құрылыс сапасын арттыруға және қауіпсіздік стандарттарын күшейтуге бағытталған.
Сонымен қатар салада цифрландыру үдерісі де күшейіп келеді. Құрылысты жоспарлау, сараптау және мониторинг жүйелерін біріктіретін Qportal.kz бірыңғай құрылыс порталы іске қосылған. Мұндай цифрлық платформалар құрылыс жобаларының ашықтығын арттырып, бақылау механизмдерін тиімдірек етуге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, лицензия иелерінің электрондық тізілімі енгізіліп, инженерлерді сертификаттау жүйесі кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
Жалпы алғанда, Қазақстандағы тұрғын үй саясаты соңғы жылдары жүйелі түрде жаңартылып келеді. Мемлекеттік бағдарламалар тұрғын үйге қолжетімділікті арттыруға бағытталғанымен, олардың тиімділігі көбіне азаматтардың табыс деңгейіне, жинақ мүмкіндігіне және аймақтық нарықтағы бағаға байланысты болмақ. Сондықтан алдағы кезеңде тұрғын үй құрылысын қаржыландыру тетіктерін жетілдірумен қатар инфрақұрылымды дамыту және цифрландыруды жалғастыру тұрғын үй саясатының негізгі бағыттарының бірі болып қала береді.
Қосқанат Бауыржан