Тұрғын үй сертификатына – 500 миллион
Шымкент қаласында биыл тұрғын үй сертификаты үшін жергілікті бюджеттен 500 миллион теңге қаржы қаралып отыр.
Шымкент қаласы әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, тұрғын үй сертификаты «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында несие негізінде «2-10-20», «5-10-20» бағыттары шеңберінде тұрғын үйді сатып алу кезінде ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін қайтарымсыз негізде беріледі. Аталған әлеуметтік көмек бойынша қазіргі таңда жұмыстар жүргізілуде. Өтінімдерді қабылдау әзірге басталған жоқ. Ақпараттар БАҚ-та және әлеуметтік желілерде жарияланатын болады.
Тұрғын үй сертификатының сомасы әрбір үміткер үшін 1 миллион теңгеден аспайтын бірыңғай мөлшерде айқындалған. Сертификат алушылар санатына мүгедек балалары бар немесе мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, көпбалалы отбасылар, толық емес отбасылар және Шымкент қаласының мемлекеттік мекемелері мен мемлекеттік кәсіпорындарының, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт саласының мамандары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен мемлекеттік қызметшілер жатады.
Тұрғын үй сертификаты әлеуметтік көмек ретінде өтініш берушіде және онымен үнемі бірге тұратын отбасы мүшелерінде ағымдағы қаржы жылына заңнамада белгіленген айына ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 көрсеткішінен аспайтын (2022 жылға – 37 389 теңге) соңғы алты ай ішінде орташа табысы (115 905 теңге) болған жағдайда беріледі. Зейнетақы аударымдарын, жеке табыс салығы және өзге де міндетті аударымдары бұл аталғандарға қосылмайды.
Ашық дереккөздерінде жарияланған мәліметтерге қарағанда, бүгінде үшінші мегаполисте тұрғын үй алу тізімінде түрлі санаттар бойынша 48 335 азамат тіркелген. Кезекте тұрған азаматтарға пәтерлер белгіленген тәртіппен үлестіріліп келеді. Арендалық тұрғын үйлер алдымен көпбалалы отбасыларға, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына және жұмыс істейтін жастарға қарастырылған.
Биыл азаматтарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін 1605 тұрғынжай беру жоспарланған. Олар негізінен жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, көпбалалы отбасыларға, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобына және жұмыс істейтін жастарға арналған.
Шымқалада халықтың әлеуметтік осал тобынан бөлек жастарға да ерекше көңіл бөлінуде. Биыл шаһарда 857 пәтер жұмыс істейтін жастарға табысталмақ. Қазіргі таңда бұл тұрғын үйлерде абаттандыру және инфрақұрылымдық жүйелерге қосу жұмыстары жүргізілуде. Тиісті жұмыстар аяқталған соң тұрғын үй басқармасында конкурс өтеді. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы 29 жасқа дейінгі жұмыс істейтін 300 жас жалдамалы баспанамен қамтылды. Ал 2020 жылы аталған бағдарлама бойынша – 904 азаматқа пәтер кілті табысталып еді. Тұрғын үй-коммуналдық дамудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес мұндай пәтерлер жұмыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз 5 жыл мерзімге беріледі.
Шымкент қалалық тұрғын үй басқармасының мәліметінше, өткен жылдың қорытындысы бойынша мегаполисте 1012,5 шаршы метрді құрайтын 28 тұрғын үй пайдалануға тапсырылған. Оның 6-ауы арендалық, 22-сі кредиттік негізде тұрғызылған. Сонымен қатар 440,8 мың шаршы метр тұрғын үй азаматтар игілігіне берілді. Мегаполистегі тұрғын үй құрылымының бағыттары бойынша былтыр 1437 пәтер, оның ішінде 166-сы әлеуметтік топтарға және 371-і көпбалалы отбасыларға берілген. Сонымен бірге 416 азаматқа 1 миллион теңгеге дейін әлеуметтік көмек ретінде қайтарымсыз негізде тұрғын үй сертификаты табысталған болатын.
Сонымен бірге реновация бағдарламасы аясында 2022-2025 жылдар аралығында 107 тозығы жеткен үйлер қалыпқа келтірілмек. Аталған бағдарламаны іске асыру мақсаты апатты тұрғын үй қорына жол бермеу және жаңа қалалық ортаны қалыптастыру болып табылады.