Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:12, 15 Шілде 2021

Тұрғынбаевқа түрмеден хат: «Рыжий Алмаздың» інісі министрге не айтты?

None
None

 Редакциямыздың электронды поштасына 2020 жылдың 27 мамырында заңсыз консорциалдық келісім жасау арқылы мемлекет қаражатын жымқырды деген күдікпен төрт жылға сотталған Асқар Нәсеновтен хат келді.

Ашық хат ішкі істер министрі Ерлан Тұрғынбаевқа арнап жазылған. Атақты «Рыжий Алмаздың» туған інісі қазір Алматы облысы Заречный кентіндегі ЛА-155/12 түзету мекемесінде жазасын өтеп жатыр.

Асқар Нәсенов өзінің ешқандай дәлелсіз сотталғанын айтады және түрмедегі әкімшіліктің бассыздығы, әділетсіздігі шектен шыққан дейді. Хат жазасын өтеп болған әлдебір азамат арқылы сыртқа шыққан. Оны редакцияға жолдаған – Асқар Нәсеновтің әкесі Болатбек Нәсенов. Оның айтуынша, хаттың «Жас Алашқа» шығуын Асқардың өзі қалапты.

«Жас Алаш» түрмеден келген хаттың емлелік, мағыналық қателерін түзей отырып, оқырман назарына ұсынады. Асқар айтып отырған «түрмедегі қиянаттар» Тұрғынбаевтың назарына ілігер деп сенеміз.

Лагерьдегі капитан Жанаев және басқалардың қиянаттары

Қазақстан ішкі істер

министрі Ерлан Тұрғынбаевқа

Құрметті Ерлан Заманбекұлы!

Мен, Нәсенов Асқар, «Транстелекомның» президенттігінен кеткеніме 14 жыл өткеннен кейін, ешбір қисыны жоқ жаламен қаржыны орынсыз шығындаған сылтаумен төрт жылға сотталдым.

Сот жүріп жатқан кезде экономикалық  сараптама 8,5 ай тексеру жүргізді. Оның қорытындысы бойынша «Транстелеком» басшылары ақшаны Нәсенов жүмыстан кеткеннен соң, яғни 2009 жылдың 2-ші жартысынан 2012 жылдар аралығында ысырап жасаған. Оған менің ешбір қатынасым жоқ. Өйткені мен бұл жұмыстан басқа жұмысқа  2007 жылы маусым айының екінші жартысында ауыстым. Ал осындай айдан анық көрініп тұрған фактіні Алмалы ауданының соты Ахметова Т.З. ескергісі келмеді (артында біреудің тапсырмасы тұр ғой). Ал қалалық сот тіпті ешбір  заңға сүйенген жоқ. Апелляциялық шағымды қараған кезде ғана қараған түр білдірді. Ол 125 том 22 айда жасалған жауаптар. Бар-жоғы 2-3 жиында қаралып бітті. Судья Ахметоваға оларға жеке-жеке талдап, зерттеу қажет болмады. Өйткені ол толығымен мені ақтап шыққан болар еді. Ахметованың осы қылығын қалай түсінесіз? Сотта қаншама куәлар тергеуде берген жауаптарынан бас тартты. Барлығы мені ақтап шықты. Ахметова оны керек те қылмады. Қалалық сот болды деген аты ғана. Ахметованың шешімін сол қалпында қалдырды.

Міне, енді мен солардың тырысуларының арқасында УИС ЛА 155-14 мекемесінде ескіше  103-шіде жатырмын. Мұнда болғаныма алты айдан асты. Игеру және танысуды аяқтау  дәуірі аяқталып қалды.

Міне, нақты мысал. Капитан Жанаев Асылхан Жұмаханович. Бұл салада көптен қызмет атқарады. Жас жағынан осы лагерьдегі ең үлкені. Оны қоршаған адамдар еліктеп үйренетіндей мінездері, қылықтары жеткілікті.  Ал білімділігі жағынан сауаты шамалы деген теріс баға беруге болады. Ол үш  тіл біледі екен: жабайы қазақша, шала-пұла орысша (онысын мақтаныш санайды екен), ал үшіншісі – адамдарды тұрпайы балағаттаудың шебері.

Анықтап қарасаңыз, бұл лагерь үш қабаттан биік емес. Мен сіздерге ол қабаттарға қарамай-ақ, тек дауысты тыңдауды ұсынған болар едім. Бірақ Жанаевтың даусы 4-5 қабаттарға да жетеді. Ол жерде боқтықтың ғажап маманы – Жанаевтың даусы ерекше естіледі. Оның боғауыз жағынан ісін жалғаушылар жоқ емес. Тіпті онымен бәсекеге түсетіндер де пайда болып келеді.

Ерлан Заманбекұлы!

 Сізге мынадай сұрақ қойғым келеді: «Сіз өзіңіздің қол астыңыздағы бастықтармен өткізетін жиналыстарыңызда, кездесулеріңізде  капитан Жанаев сияқты олардың  ар-намысына тиетін боқтық сөздермен қорлап өткізесіз бе? Олар өзінен төмендегі басшылармен Жанаевтың тілімен сөйлесе ме? Жанаевшылар жүрегіңді суырып алатындай боқтық айтқан кезде жастар шыдай алмай қарсы шығады. Олардың жазасын өтеу мерзімін алты айға созады. Арнаулы бөлмелерге жатқызып, қатал тәртіпте ұстайды, аяусыз жазалайды. Онда да арандатушылық тоқтамайды. Бұл әдейі жасалып жүрген қастандық. Жас адамдардың арына тиісіп, ызасын қоздыра түсетін Жанаевтар қашанға дейін сіздің мекемеде қызмет атқарады? Олар өз аналарын қасиеттілер қатарына жатқызып, сотталғандардың аналарын қорлауға болады деп есептейді.

      Енді Жанаевтың тағы бір қылмысын жеткізуге тура келеді. Бізге келетін аздаған «Чайник» деп аталатын түрмедегілерге келген сәлем-сауқатты, тағамдарды Жанаев өз үйінен келгендей көреді, бізге жеткізбейді. Бұл қалыптасқан жағдайға ұқсайды. Менің түсінігімде, Жанаевтарға ешбір жазалаусыз ол тағамдар мен нәрселеді бөлісіп алуға рұқсат берілгенге ұқсайды.

Әлде сіздер оларға еңбекақыны аз төлейсіздер ме? Әлде оларға осылай жасауға рұқсат берілген ба? Шындығын айтқанда,  осы лагерьдің жарты қызметкерлері сотталғандарға келетін тағамдар мен сәлем-сауқат арқылы өмір сүріп жатқандай.

Тағы бір жағдайды айтуға тура келеді.

Таяуда біз, сотталғандар (ұйымдастырушының бірі мен болдым), шахматтан жарыс ұйымдастырдық. Оған 47 адам қатысты. Бұрын болмаған жағдай. Қорытынды бойынша 18 адам сыйлық алды. 40 адам мақтау қағазына ие болды. Мен жүлделі орынға ие болдым. Сыйлық ретінде қолдан жасалған желкенді яхта алдым. Оны осы лагерьдегі қолөнер шеберлері жасады. Жарысты өткізуге лагерь әкімшілігі рұқсат берді. Сыйлықтарды өзіміз таптық, өзіміз ұйымдастырдық.

 Енді сәуір айында лагерь бойынша «шмон» деп аталатын жалпы тексеру жүргізілді. Бізді «локальный» деп атайтын  бірінші отрядтың бір бөлмесіне әкеліп тықты. Сырттан шақырылған әскери адамдар 6,7,8,9 -шы отрядтарда  тінту жүргізді. Біздің 3-ші отрядта өзіміздің лагерь тексерді. Тыйым салынған ештеңе табылған жоқ. Оның есесіне айқай-шудың астында Жанаевтың әдісімен менің яхтамды алып кетті. Артынан іздеп, лагерь басшыларына хабарлап едік, ештеңе шықпады.

Тінту жұмысы заттың иесінсіз неге жасалады? Ол жоқта оны қаралау үшін не болса соны салып, өтірік жала жабуы мүмкін ғой? Неге ол туралы акт жасалмайды? Келген комиссияны ебін тауып, ешқандай проблемасыз шығарып салып отырады. Міне, осындай жағдайдан кейін Жанаевтар өздерінің бойларын кең ұстайды. Осы бассыздықты тыюға болмай ма? Әкімшілік өздерін ақтауды ғана біледі. Біз не айтсақ та, дәлелдей алмайтындай сорлы жағдайдамыз.

Жанаевтар ойына не келеді – соны жасайды. Таяуда Канаров Арманның «ауыр жұмыстан босатылсын» деген дәрігерлер берген анықтама қағазын жыртып тастады. Арман балдақпен жүреді, Жанаев оны асханадан өзі тамақ алып іше алмағаны үшін асханадан қуып шықты. Ал 73 (Жүсіпов Дастан) жастағы қарт адамға жасаған қысымшылығын айтпасқа болмас.

Таяу арада мені екі рет арандатпақшы болған масқара жағдайдың куәсі болдым. Оған мынадай себептер болды. Біздің «каптеркадағы» жеке заттарымызды біздің қатысымызсыз тінту жасағандарының заңсыздығын айтып наразылық білдірдім. Соны айттың деп, маған ерегісіп, мені одан әрі ыза қылып, өте ыңғайсыз жағдайға қалдыру ниетімен төрт рет жасырын камераға түсіріп, қалайда мені қаралау жолын іздеді. Сондай ниетпен капитан Бидайбеков Нұрлан  Құрманғалиевич мені кезекшілер бөлмесіне алып барды. Ондағы бақылаушыларды біраз уақытқа өзімен бірге сыртқа алып шығып кетті. Қайтадан олармен бірге бөлмеге кірді. Осы кезде ол ертерек ойластырған ойын іске асыру үшін «концерт» көрсете бастады. Өзінен-өзі ешбір себепсіз мені боқтай бастады. Әке-шешемнен түк қоймай, боқтықтың жоғарғы дәрежесін тура Жанаев сияқты көрсетті. Бұл арандату екенін бірден түсіндім. Ертең прокурорға, басқа да басшыларға мені жағымсыз жағымнан көрсетпек. Камерадан өзінің боқтығын алып тастайды. Бірақ мен оның қақпанына түспедім. Сценарийі біткен соң,  байыпты дауыспен оның ісінің дұрыс еместігіне көңіл аудардым. Олар дәл осындай әдіспен жастарды қақпандарына оңай түсіреді.

Құрметті министр!

Осы әдіспен жастарды түрмеден шығармай ұстап отыру кімге, не үшін керек? Ал жазықсыз отырған мені арандату кімге қажет болды? Ахметоваға ма? Ал менің әкемнің Тоқаевқа да, Назарбаевқа да бара алатын мүмкіндігі бар. Оған абыройы, таныстығы жетеді. Әкемді мен жібермей жүрмін. Мен өзімді-өзім ақтап шығамын деп ойлаймын. Әділеттілік қалай десек те, бар деп есептеймін.

   Аталған арандатудан кейін екінші арандату басталды. Ол менің заңды талаптарымды жоққа шығару мақсатымен Бидайбеков менен тәртібім туралы түсінік беруді талап етті. Мен: «Түсініктемені тек қана прокурорға, онда да заңды талап болса ғана беремін», – дедім. Ол мені қорқытпақ болып: «Сенің ісіңді комиссияға беріп, жазаны өтеу мерзіміңді алты айға создырамыз. Одан кейін соттың шешімін шығартып, ауыр қылмыстылар қатарына жатқызамыз. Қашан шығатыныңды білмейсің», – деп қорқыта бастады. Мен егер оған  түсінік жазып берсем, онда әкімшілік онымен келіспеу құқығына ие болады. Сотталған адам жазаланудан бас тартты деген ұғым туғызады. Сөйтіп, «заңды бұзды» деп жаза салып, сені айыптайды. Егер сен түсінік беруден бас тартсаң, онда камераға  түсіруден де бас тартуың керек. Бұл жағдайда әкімшілік сізге екі есе жаза береді Оны «екі минус» деп атайды, «үш минусқа» іліксең, онда сен тәртіпке шақыратын изоляторға (ДИЗО) жеті күннен 30 күнге дейін түсесің, әрі оны ұзарту құқығы (тағы да сондай мерзімге) қоса беріледі. Екі рет сондай арандатуға ұшырасаң, сені арнаулы қатаң тәртіптегі отрядқа ауыстырады (СУС), тағы да алты айға кетесің. Онда да арандатудан құтыла алмайсың. Онда да айналымға түсіреді. Сот жоғарыда аталған деректер бойынша сені орта дәрежеден жоғары дәрежедегі қауіпті режимге ауыстырады. Жазаны өтеу мерзімін ұзартып жіберуі мүмкін (мұндай жағдайды қолдану соңғы 1,5 ай ішінде басталды.)

  Шындығын айтқанда, абыройымды төгіп, әсіресе марқұм анамды арсыз тілдерімен балағаттағанда, елге қадірлі әкемді боғауыз сөзбен қорлағанда өзіңді ұстау өте ауыр. Мәдениеттен жұрдай Жанаевтар мен Бидайбековтер  ешбір жазалаудан сескенбей, сотталғандардың нәрселерін тартып алып, олардың намыстарын, абыройларын қорлауда.                           

Құрметті Ерлан Заманбекұлы!

Сіздің менің жазғандарыма сенбеуіңіз мүмкін. Сондай-ақ әкімшіліктің ақталуына да сене қоймассыз немесе олар өздерін ақтау үшін өтірік айтса да, сеніп қалуыңыз мүмкін. Бірақ сіз де қызметкерлеріңіздің менің арыма, намысымды қорлағанына, әсіресе әке-шешемді жантүршігерлік боқтық сөздермен қорлағанына жауап беруіңіз керек. Әлі уақыт көрсетер, менің әкем Жанаевтар мен Бидайбековтермен кездесер. Олар арсыздықтары үшін жауап берер деймін. Бұл жазғандарым менің ғана емес, сол лагерьде жатқандардың да жанайқайы деп түсініңіз.

  Менің сізге жазып отырғаным желге ұшқан сөзбен бірдей екенін біле тұра, мен жатқан лагерьдің жағдайын сізге жеткізуге тырыстым. Бұл хат жазасын өтеп шыққан И.З. арқылы жіберілді. Оған рақмет айтып, дұғай сәлем жолдаймын.

Тегтер: