Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:34, 07 Қыркүйек 2021

Тұрғындар кен өндіруге қарсы

None
None

       «Қарағанды облысындағы  Жаңа Долинка мен Шахан елді мекені арасындағы жер телімі тендер арқылы жекеменшік иелігіне өткен» деп жұрт дабыл қағуда.

Айтуларынша, қазба байлығын игеру мақсатында жерді иемденген фирма ашық әдіспен көмір өндіруді жоспарлаған екен. Көмірі бар аумақ Шаханға 700 метрдей жерде орналасқан, ар жағында жұрттың саяжайы самсап тұр. Саяжай ұстап, күнін көріп отырған қараша халық  «жер заңсыз беріліп отыр» деп қарсылық білдіруде. Сонымен қатар көмір кеніші бар жердің көбісі төрт түлік үшін жайылымдық жер екен.       Долинка тұрғындары «егер ашық әдіспен көмір өндірсе,  жерасты суының бәрі сонда кетеді» деп қапаланып отыр. Бұл елді мекен  тұрғындарының басым бөлігінде 1977 жылдардан бері келе жатқан саяжайлары бар. Көбісі зейнет жасындағы қариялар. Олар жаз бойы еңбек етіп, бағып-қаққан көкөніс пен жеміс-жидектерін қалаға апарып сатып, шай-суын айырады. Саяжайдың барлығында өз құдықтары бар. «Енді кен орнын ашса, саяжайдан жерасты суы кетіп, ауылдың экологиясы бұзылады» дейді қараша халық.

        Алайда халық қанша шыр-пыр болғанымен, биліктегілер жерді жекеменшікке берген. Бұл жер телімі  осыдан үш жыл бұрын басқа фирма иелігіне өткен. Жұрт сол кезде министрлікке дейін барып шулатқан соң, ол фирма кетіп қалған. Енді бүгінде басқа фирма жерді алып, кен орнын ашпақшы. «Сол кезде біз адвокат жалдап, әділет органына, сотқа барып қатты қиналған едік. Сондағы  фирма «тұрғындар келісімі бар» деп жалған құжат жасатқан. Ақыр соңында біз жеңгендей болып, көңіліміз орнына түсіп еді, енді тағы бір фирма шықты. Бұл жер, әрине, ақша жасауға қолайлы майлы жер болып тұр ғой», – деп мәлімдеді Шахан  елді мекенінің белсенді тұрғыны Светлана Ержұманова.      

  Ауыл әкімдігі болса наразы болған халықты сабырға шақырып, алаңдайтын мәселе емес деп отыр. Айтуларынша, Шахтинск қаласындағы жер қатынастар бөлімі бұл жерді иемденуге рұқсат әлі  берілмеген деп хабарлаған. Алайда билікке сенуден қалған халық үкіметтен көмек сұрау үшін өзара қол жинап жатыр.

Тегтер: