Тұрғындар тұрмысы түзелуге тиіс
Елімізде алдағы үш жылда кооперацияларды дамытуға 1 триллион теңге бөлінбек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев түнеу күні Жамбылға келгенде осы қомақты қаржыны тиімді пайдалануды айтты.
Бұл арқылы елімізде кәсіпкерлік, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік дамып, жалпақ тілмен айтқанда ел тұрғындарының әл-ауқаты артып, тұрмысы түзелуге тиіс.
Мемлекет басшысы өңірге сапары кезінде Байзақ ауданы Талас ауылында орналасқан «Қостөбе-2019» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіне де барды. Облыс орталығына ең жақын, тай шаптырым қашықтықтағы аудандағы бұл кооперативке мүше Қостөбе ауылының 256 тұрғынына өткен жылы кәсіппен айналысуға 886 миллион теңгеден астам несие беріліпті.
«Қостөбе-2019» кооперативі лизинг арқылы жеңілдетілген несиеге ауыл шаруашылығы техникаларын алған. Қазір кооператив қарамағында 12 ауыл шаруашылығы техникасы мен 401 гектар жері бар. Оған 175 адам мүше. Олардың қатары біртіндеп көбейіп келеді екен. Кооператив мүшелері бақша дақылдарын өсірумен қатар, мал шаруашылығына жем-шөп әзірлеумен шұғылданады.
Жалпы, Жамбылда өткен жылы 859,8 млрд теңгенің өнімі өндіріліпті. Бұл ретте облыс орталығына ең шалғай аудан Мойынқұмдағы кәсіпорындар 94,8 млрд теңгенің өнімін өндірген. Осылайша, бұл аудан өнім өндіруде де өзге аудандардың алды болып тұр.
Айталық, 2010 жылы іске қосылған «Жамбыл цемент» зауытының жылдық қуаттылығы 1,5 млн тонна цемент өндіруге шақталған. Зауыттағы еңбек ететін 200-ден астам жұмысшының дені жергілікті тұрғындар екен. Мұнда шығарылатын цемент қазіргі таңда еліміздің қажеттілігін 20 пайызға өтеп отыр.
Өткен жылы 1,4 млн тоннадан астам өнім өндірген компанияның басшысы Пьетро Кала логистикаға қатысты мәселе бар екенін айтып, оның өнім көлемін арттыруға қолбайлау болып тұрғанын айтады.
Ал осы аудандағы балықты мұздату және өндеумен айналысатын «Компания Мың-Арал» зауыты 2014 жылы іске қосылған. Бұл балық зауыты жылына 1500 тонна балық ресурстарын өңдеуге арналған. Кәсіпорында 2021 жылы 133,6 тонна және өткен жылы 122 тонна балық өнімдері өндірілген. Өңір шенділері балық өндірісін арттыру үшін зауытқа Балқаш көлінің тағы екі учаскесін бекіту бойынша жұмыстар жүргізіп жатқандарын жеткізді. Бұл ретте Жамбылда балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасы бойынша 2025 жылға қарай тауарлы балық өндірісін 3000 тоннаға дейін жеткізу көзделіп отыр. Ол үшін 18 инвестициялық жоба дайындалыпты.
Жер көлемі бойынша облыстың 40 пайыздан астамын алып жатқан, қойны аң-құсқа, қойнауы қазынаға толы Мойынқұмның даласында бұлардан бөлек те кәсіпорындар жұмыс істейді. Мәселен, металлургия саласында «Алтын алмас» АҚ Ақбақай филиалы. Құрылыс индустриясы саласында «Жамбыл цемент өндірістік компаниясы» ЖШС, «Оргстрой» ЖШС, кен өндіру саласында «Шығыс кен басқармасы» ЖШС және т.б.
Халық саны бойынша ең аз, 30 мыңға жуық тұрғыны бар бұл ауданда 2 мыңнан астам адам өнеркәсіп саласында жұмыс істейді.