Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:48, 15 Маусым 2021

Тұрғыт Өзалдың Алтынбекке айтқан ағалық ақылы

None
None

Түркия елінің сегізінші  президенті Тұрғыт Өзал 1991  жылы  Қазақстан Республикасы   тәуелсіздігін жариялайтын күні толқып ұйқы көрмепті.

  Білетіндер солай дейді.  Тәуелсіздігін жариялаған Қазақстанды  алғашқы боп құттықтаған да осы Өзал екен. Әр сөзіне философиялық  мән беретін, сөйлегенде мірдің оғындай сөзімен осып түсетін шығыстың данагөй қарияларының бірі, осы Өзал кезінде біздің Алтекеңе (марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлына) бір ағалық ақылын айтқан екен. Жарықтық жап-жас министр Алтекең бұл кезде елде идеологияның құлағын ұстап отырған кез.

       Өзал бүй депті:  «Алтынбек інім,  сендер азаттық алдыңдар, шүкір, сан ғасыр бабалар аңсаған күнге қол жеткіздіңдер,  енді  осы  мемлекеттіліктеріңді нығайтуды ойлаңдар, орыспен қосақталып жүре бермеңдер. Сендер бөлек мемлекет болып қалыптасамыз десеңдер, олардан іргелеріңді аулақ ұстаңдар. Рас, бір кезде құдай   орыспен қосақтап қойды,  орыспен  араларыңда тарихи байланыс терең,  олармен тым астасып кеттіңдер, бірақ  алған  елдіктеріңді баянды қылғыларың келсе, сендерге осы байланысты өз қолдарыңмен үзу керек. Онсыз болмайды, інім, ол жерден қан сорғалауы мүмкін, бірақ сендер сол қанды жуып тастап, қанның тоқтағанын, ауырған жараның басылғанын күтіп, ол тамырды тағы үзулерің керек, аурудан  жандарың шығып кетсе де,  ол тамырды үзе берулерің керек, үзе берулерің керек. Сендер тек солай ғана бөлек мемлекет боп қалыптасасыңдар». «Естіген құлақта жазық жоқ» деген...

      Жанашыр адам, жанашыр елдің басшысы ретінде айтуындай айтыпты. Бұл жерде мәселе сол жүйелі сөздің қаншалықты орын тапқанында болып тұр. Яғни іске асуында.  Мен осы  фейсбуктегі  топтарда  Совет заманын аңсап, шулаған  жүздеген  қазақты көрдім.  Біздің жұрт әлі күнге шейін  совет заманын аңсайды. Ол заман туралы теріс сөйлесең,  жағаңнан алып, теріңді үйітуге  дайын. Санасыз қуқарындар отыз жыл өтсе де, «ол заманда керемет өмір сүрдік» деп, құлқын мен қарынның қамынан аспаған естеліктерін айтып дау салады.

       Екінші дүниежүзілік соғысты бұлар әлі күнге шейін  Ұлы Отан соғысы  деп атайды. Жеңіс күнін Құрбан айттай тойлайды. Біздегі тарих,  әдебиет,  идеология саласы  да тұнып тұрған Совок. Бізде қызыл комиссарлар да, Алаш зиялылары да қатар ұлықтала береді, деколонизацияның иісі де шықпайды. Бұл бір парадокс. Кеше саяси көзқарастарымен, ұстанымдарымен ат құйрығын үзісіп, бір-бірін көрместей боп кеткен жандарды қосақтап жүрген қосаяқтар да осы біз.

       Әділдігін айсақ, Тұрғыт Өзалдың көрегенділігін уақыт өзі дәлелдеп берді. Өкінішке қарай, біздің орысшыл билік тарапынан оған құлақ асқан жан болмапты. «Что вообще знают о нас эти турки,  сидят себе  умничают там далеко» деп  міңгірлеп,  өздері бұл мәселенің жігін ашып түсінбей, басын қайырып қоя салған-ау деп  шамалаймын. Олар сол қалпы орыстың жетегінен айырылмады. Оған желімдей жабысты (тіпті қазір бірге батып барады.) Оның нәтижесі әлгіндей  болды  –  біз  отарсыздандырылмаған, ажырамаған, өздігі қалыптаспаған, идеологиялық түрде адасып, дағдарған бір тобыр қоғам (қоғам ба?) болып қала бердік.

Тегтер: