Түрікменбашы тағына ұлын отырғызды!
Түрікменстанды 15 жыл басқарып, әлемге диктатураның көкесін таныстырған сабаздардың бірі – жасы 65-ке таяған атышулы Гурбангулы Бердымухамедов деген біреу бар еді.
Білдей мемлекетті сонша жыл бір өзің билеп-төстеп, бәрін басқару оңай ма, биыл ақпанда біздің бір басшымыз сықылды «қиын» шешім қабылдап, «кетем» депті: тура бір шын ниетімен «біздің елімізді жастар басқарсын, орнымды берейін, жас біреу билікке келе қойсын», деген екен. Содан президент сайлауы жарияланып, онда күтпеген жерден (бұл сәйкестік дегенді қойсаңшы, бәз-біреулердің арзан конспирологиясы шығар) халық қалауымен әділ өткен шынайы сайлауда өзіне тартқан сүйікті ұлы, сайлау учаскесіне жаман «Жигулиімен» жетіп келген түрікменнің қарапайым кедей батыры Сердар Бердымухамедов жеңіске жетіпті. Қара түнек диктатурадан көз ашпай келген бұл елдегі жеңімпаз-кандидат анау-мынау емес, бұл жолы Демократиялық партияның өкілі екен. Әрине, демократияны аңсаған түрікмен халқының 72,97 пайызы жанұшыра соны қолдап дауыс беріп жіберіпті. Біздің президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың оны жеңісімен құттықтап, ресми хабарлама жөнелткеніне қарағанда шынымен бәрі заңды сияқты, кім білген? Сердар-сұлтан, баһадүр-батыр қазір қырық жаста. Әкесінің ықпалынсыз, өз қабілетінің арқасында қызмет бабымен күрт көтеріле жөнелген талантты басшы осылай 40 жасында қамал бұзып отыр. Қамал болғанда қандай! Бірақ қаталдығы мен қарсы келгендерді жазалау жағынан әкесінен асып түсетін жауыз деген сыбыстар да жүр. Бірақ. Бірақ...
«Түркіменстанда билікті әкеден ұлға мұраға берудің әзірбайжандық сценариі жүзеге асты», деп жағасын ұстаған қазақстандық саясаттанушы Досым Сәтпаев «Келесі кезекте тәжіктің президенті тұрғанын», да ескерте кетіпті.
– Алдымен, Гурбангулы Бердымухамедов сіз бен біз ойлағандай ақымақ емес дестік. Сосын, әлде ақымақ па деп ойладық. Ол бәлкім, Қазақстандағы қаңтар оқиғасына терең үңілген болар. Билікті ұлыма тапсыру істің жартысы ғана, ең маңыздысы, менің баламның билікті қолында сақтап қалғаны маңызды деген байламға келді ол. Рас-ау, болашақта Сердарға қарсы «секіретін» элита өкілдері шықпасына кім кепіл, әсіресе оның әкесі өліп қалса, не төсек тартып, тіл мен жағынан айырылса? Сондағы анығы, ақымақтыққа ұрынған түрікменбашы Гурбангулы Бердымухамедов қателесіп, өзін түбі тығырыққа тірейтін жолды таңдады. Жалпы, Орталық Азияда адам құқығы деген нәрсе жоқ сияқты еді. Керісінше неше жыл бұрын президенттің итіне алтыннан ескерткіш қойып ел шулатқандар ештеңеден қысыла бермейтін секілді. Мұнда әдеттегі элитааралық тартыс нәтижесінде жүйеден ажырап, бар билігі мен ықпалынан айырылғанды ешбір заң да, әділ сот та, Конституция да, адам құқығы деген сандырақтар да қорғамайды. Өйткені оның бәрін ұзақ жылдар бойы өзің құртып келдің! Жұмыс істейтін шын құқықтық мемлекеттің орнына «менікі ғана заң» деген жөн-жосықсыз мемлекет орнатып, «мен деген Құдай екенмін» деген қағида мәңгі тұратынына бекер сенді ол. Құдайлар кенет ауыса салатынын ұқпады ол, – дейді саясаттанушы Досым Сәтпаев.