Туризм даму үшін инфрақұрылым жақсару керек
Туризм дамыған елдердің де, дамушы елдердің де экономикасы үшін айрықша маңызға ие. Себебі бұл сала жаңа жұмыс орындарының көптеп ашылуына, қонақ үй, тамақтандыру, көлік-тасымал бизнестерінің дамуына, құрылыс пен сәулеттің өркендеуіне оң әсер етеді.
Тіпті танымал туристік аймақтарға арналып жаңа автожолдар, әуежайлар салынады. Мұның бәрі өз кезегінде өңірдің әлеуетін арттырып, жергілікті тұрғындар үшін табыс көзіне айналады. Дәл осы себептен бүгінде Қазақстанда туризмді дамытуға, әсіресе өңірлердегі жұмысты жандандыруға көп көңіл бөлініп жатыр.
Мәселен, Алматы қаласы, Ақмола және Алматы облыстары туризмді дамыту үшін бірлескен жобалар жасамақ. Алматы өңірінде және Щучье-Бурабай курорттық аймағында туристік нысандарды дамыту туралы тапсырманы орындау үшін жергілікті жауапты органдар жұмысқа кірісіп те кеткен. Жақында ғана осы тақырыпта кеңес өткізілді. Өңіраралық ынтымақтастық мәселесі бойынша өткен кеңеске Алматы қаласының және екі облыстың жауапты мекемелері мен мамандары қатысты.
Алдымен оларға жеке-жеке тоқталып өтсек, Алматының экономикалық дамуы оның туристік тартымдылығының өсуімен тығыз байланысты екені бұрыннан белгілі. Өткен жылы Алматы ШЫҰ-ның мәдени және туристік астанасы болғаны, бұл туристер санының 2022 жылмен салыстырғанда 12,6 пайызға артуына әсер еткені де есімізде. Нақтырақ айтсақ, былтыр Алматыға 2 миллионнан астам турист келген. Соның ішінде шетелдік туристер саны 30 пайызға жуық өскен. Оңтүстік астана мұнымен тоқтамайды. Қала өз туристерін еселей бермек. Сол бағытта туризмдік инфрақұрылымды дамыту жоспарланып, оған бюджеттен бөлінетін ресурс көлемі артпақшы. Одан келетін табыс та, салық түсімі де жаман емес дейді мамандар. Жыл сайын өткізілетін «Туристің портреті» зерттеуіне сүйенсек, туристердің Алматыда тұрақтайтын уақыты – орта есеппен 5 күн, орташа чек – тәулігіне 334 доллар.
Ал Ақмола облысы – Щучье-Бурабай курорттық аймағы, Зеренді курорттық аймағы, Бурабай, Көкшетау, Бұйратау мемлекеттік ұлттық саябақтары және Қорғалжын қорығы сияқты табиғи нысандарымен танымал. Әрі өңірде емдеу-сауықтыру, рекреациялық, экологиялық және аграрлық туризм орталықтары белсенді дамып келеді. Осындай туристік нысандарды тиімді ету мақсатында әртүрлі тетіктер қарастырылып жатқан көрінеді. Мысалы, соңғы үш жылда өңірде туризм саласына салынған инвестиция екі есеге артқан.
Алматы облысы да табиғи нысандары жөнінен Ақмоладан қалыспайды. Облыс әкімінің орынбасары Р.Исатаев Қазақстанның туристік картасына енгізілген 33 аймақтың 9-ы осы өңірде шоғырланғанын айтады:
«Алматы облысында Көлсай көлдері, Шарын және Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи саябақтары сияқты бірегей табиғи нысандар бар. Халық сұранысы жақсы, келіп-кетуші туристер жылдан жылға артуда. Сол себептен де инфрақұрылымды дамыту бойынша белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Жол салу, туристерді орналастыру нысандарын құру, салу қолға алынды. Биылғы жылдың алғашқы алты айында Алматы облысына келген шетелдік қонақтар саны 73 мыңнан асты, бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есеге көп. 2024 жылы осы күнге дейін 80 мың турист Көлсай көлдерін тамашалауға келген. Алдағы жазғы маусымда бұл көрсеткіш 3 есеге ұлғаяды деп жоспарланған. Былтыр Көлсайға 250 мың адам келсе, биыл бұл сандар 400-ден асады деп күтілуде. Соған сәйкес, туризмге тартылатын инвестиция көлемін арттыру көзделген», – дейді Рустам Исатаев.
Иә, қазіргі таңда бірнеше нысанға баратын жолдар жөнделіп, инфрақұрылым мәселесі шешімін тауып, келушілерге көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстар атқарылуда. Облыстық туризм басқармасының мәліметінше, туризм және спорт министрлігі әзірлеген «50/50» бағдарламасы аясында жол салу үшін тиісті өтініштер берілген. Өтінім мақұлданған жағдайда туристер көп келетін аумақта халықаралық стандарттарға сай жолдар салынатын болады. Одан бөлек, осы жылы алғаш рет 15 туристік нысан мен ұлттық саябаққа абаттандыру жүргізіліп, танымал маршруттар бойында навигациялық жүйелер орнатылған.
Еске сала кетейік, өңірде туристік ағынды ұлғайту үшін Tengri Ultra, OCEANMEN сынды ірі жобалар өткен. Жақында QAZAQ MARATHON спорттық шарасы өтеді деп жоспарланған, оған 2 мыңға жуық адам қатыспақ. Облыс экотуризм мен агротуризмға да баса назар аударып жатыр.
Міне, енді осы үш өңір әуе компаниялармен, қонақ үй желісімен және жеңілдетілген қаржыландырумен бірлескен жобалар бойынша бастамаларды іске асыруды жоспарлауда. Кеңес қорытындысы бойынша тараптар бірыңғай туристік өнімдер құруды, халықаралық нарықтағы орнын нығайтуды, арнайы тақырыптық семинарлар өткізуді және өңірлерді дамыту үшін халықаралық көрмелерге қатысуды көздейтін серіктестік туралы меморандумға қол қойды.
Балауса Ділдәбек
Алматы облысы