Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:00, 21 Шілде 2022

Туризмді дамытуға не кедергі?

None
None

Өткен жылы жер шоқтығы атанған көрікті Көкшетаудың Бурабайына саяхаттадым. Бір-ақ күннің ішінде бұл жер жайында түсінігім қалыптасты.

Әлбетте, осыдан кейін біздегі туризмді қалай дамытуға болады деген сұрақ мазалады. Ұлттық колорид бізде де бар ғой. Туған жердің әрбір тауы мен тасы, қаласы мен даласы, шүйгіні мен орманы көненің көзіндей. Жерде жатқан қайсыбір тасын төңкере қалсаң, тарих жайында сыр шертеді. Тарих демекші, «Сыр – өркениет ордасы», «Сыр – Алаштың анасы» дейміз. Әйтсе де, соны күллі әлемге паш етіп, неге туризмді дамытпасқа?

Туризм қонақ күту деген ұғымнан басталады. Турист – қонағымыз. Оны күтіп, баптап, жағдайын жасап, шығарып салудың өзі зор мәдениет. Қазақ қонағына ат мінгізіп, шапан жауып жібереді. Бұл босқа шашылу емес, қанымызға сіңген дәстүр. Бүгінде туризмнің шыңына жеткен елдер – Грекия, Италия, Түркия. Олар да төменгі сатыдан бастап, жоғары қарай өрледі. Дәл сондай даму деңгейіне оп-оңай қол жеткізе салған жоқ. Біздің де аймағымыз ландшафт жағынан туризмге ыңғайлы. Енді туризмнің қай саласын дамыту керек деген сұраққа жауап іздеу маңызды. Грекия, Италия секілді елдерде туризм саласы теңізбен байланысты. Ал бізде экотуризмді дамыту пайдалы болмақ. Себебі, табиғаты шырайлы, керемет таулы аймағы, сарқыраған суы – барлығы да табиғи түрде өзгеріссіз жатыр. Германиядан, Швейцариядан келген саяхатшылардың өзі осындай табиғи ландшафтқа тамсана көз салады.

Биік-биік таулары, сарқырап аққан теңізі болмаса да Қармақшының тарихы тереңде. Киелі өңірді толығымен Тұран ойпаты алып жатыр. Қиыр солтүстігінен Арал қарақұмының төбелі келген Жіңішкеқұм және Көлқұдыққұм құмды алабы, орталық тұсында Алақайдың ақтақыры және Жосалы даласы, оңтүстігінде Қызылқұмның төбелі құмдары орналасқан. Аудан жерінің орта тұсынан Сырдария өзені ағып өтеді. Одан Қармақшы, Шиелі каналдары тартылған. Оң­түс­­тігінде Сырдарияның ежел­гі арналары – Жаңадария, Іңкәр­дария, Қуаңдария өтеді.

«Қармақшы» атауы сонау ХV ғасырдан бастау алады. Қараөзек арнасының Сырдария өзенімен қиылысқан жерін ежелгі тұрғындар «Қармақшы өткелі» деп атаған. Ресеймен байланыс орныға бастаған жылдардан бастап осы өткел «Қармақшы форт-2» деп аталған екен. 1904 жылы Орынбор-Ташкент теміржолының іске қосылған кезінен жергілікті жерден жоса бояуы алынатын бояулы тастардың көптеп шығып жатуына байланысты сол төбелердің атымен стансаны «Жосалы» деп атаған. Аудан аумағында Қорқыт ата мазары, «Жетіасар», «Алтынасар», «Шірік-Рабат», «Сырлытам», «Қосқала» секілді көне заманның тарихи-архитектуралық ескерткіштері бар.

Соның бірі – архитектурасы ерекше көз тартатын Қорқыт Ата кесенесі еліміздегі тарихи ескерткіштер санатына жататын бірден-бір кешен. Сыр бойында орналасқан кесененің құрылысы 1980 жылдары басталған еді. Мұнан соң кешенді қайта қалпына келтіру жұмысы жүргізіліп, оған арнайы амфитеатр, музей, қылует салынған. Жаңғыртылған баба кесенесін көруге келген туристердің қатары үш жылдың ішінде 20 мың адамнан асыпты. Десе де, сол туристке өлкеден естелік ретінде кәдесыйлар ұсынылып жүр ме? Мәселен, Бурабайға барғанда туристер қазақ мәдениетінің көне жәдігерлерін өз көзімен көріп, қолөнер шеберлерінің бұйымдарынан кәдесый алып қайтады. Тіпті қалам мен көкшенің әсем табиғаты бейнеленген кілтбауы да сыйлыққа беріледі. Біздегі «менмұндалаған» кешеннің бейнесімен брелок, блакнот, болмаса миниқобызды кәдесыйға берсе, мүмкін туристердің қызығушылығы артар ма еді? Одан бөлек, тарихы кенен Шірік-Рабаттың өзі неге тұрады? Сырлытам ше? Жалпы бізде сол қалашықтарға экскурсия жасауға маршруттар қатынай ма? Шетелде белгілі бір тарихи орындарға саяхаттауға арнайы автобустар берілген. Үлкені мен кішісі демалыс уақытында экскурсияға шығып, сол жердің тарихынан мол ақпарат ала алады. Ал бізде ше? Әлгінде айтқан жерлерді бірі білсе, бірі білмейді ғой.

Жалпы Қазақстан туризмінің дамуына түрткі болатын негізгі фактор – экотуризм. Себебі, қазақ даласында адам аяғы баспаған жерлер өте көп. Табиғи балаң қалпын сақтаған ландшафтар арнайы тәсілдермен игерілсе, жарнамасы жоғары деңгейде жасалатын болса, біздің елге қызығушылар да аз болмайды. Көненің көзі, тарихымыздың алтын діңгегі болған байлығымызды паш етсек, нұр үстіне нұр болар еді. Тіпті арнайы мамандарды шет мемлекеттерде оқытуды ойлас­тырса, бейнетаспаға түсіріп, шет тілінде ақпараттық материалдар дайындаса, ұмытылуға шақ қалған жерлер қайта жаңғырып, өңір экономикасының дамуына да үлкен пайда әкелер ме еді? Біздікі тек ой қозғау ғой.

Тегтер: