Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 16:42

Түркі әлемінің тағдырына әсер еткен бастама: А.Н.Самойловичтің 1924 жылғы баяндамасы

1

А.Н.Самойловичтің бұл баяндамасы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының 2022-2024 жылдарға арналған «Ахмет Байтұрсынұлының жазу реформасы: теориясы мен тәжірибесі» (AP 13068356) атты мемлекеттік гранты аясында Әзербайжан астанасы Баку қаласындағы «Әзербайжан ұлттық архиві» қорына Е.Маралбек пен Ә.Сейтбатқалдың 2022-жылы жүргізген архивтік зерттеуі нәтижесінде алғаш рет табылған.

Баяндаманың қазақша аудармасы ағымдағы жылдың 1-3 наурызы аралығында Баку қаласында өтетін «Бүкілодақтық түркологиялық құрылтайдың» 100 жылдығына орай алғаш рет жарияланып отыр. 

Самойлович Александр Николаевич. Доклад (1924). Әзербайжан Республикасының Ұлттық архиві. Фонд 103. Опись1. Ед., хр 14. Лист 221-222.

Баяндама

Түркі халықтары қоныстанған одақтас республикалар мен аймақтардың өміріндегі мәдени-ағартушылық маңызы бар кезек күттірмейтін практикалық мәселелерді талқылау және шешу үшін түркологиялық съезд шақыру қажеттілігі туралы.

Бейбіт құрылыс кезеңінің басталуымен КСРО құрамындағы түркі халықтары басым республикалар мен аймақтардың үкіметтері және жергілікті кеңестік мекемелері алдында бірінші кезектегі екпінді мәселелердің қатарында қалың еңбекші бұқараны ана тілінің көмегімен ағарту мәселелері туындады.

Соңғы жылдарда көршілес аймақтарда араб әліпбиін реформалау, латын әліпбиін қабылдау, ұлттық ғылыми терминология, әдеби тіл туралы күрделі және ауқымды мәселелерді шешуге талпынған көптеген аймақтық немесе жалпы педагогикалық және ғылыми құрылтайлар (съезд) болды. Соған қарамастан, жергілікті жерде бұл мәселелер бойынша біліктілігі жеткілікті қызметкерлердің жетіспеуіне байланысты, сондай-ақ, ең бастысы, түйткілдің ауқымдылық сипаты аймақтық емес, КСРО-дағы барлық туыстас тілді халықтардың өкілдері мен тиісті мамандардың қатысуымен ортақ талқылау негізінде түпкілікті шешімді талап ететіндіктен, осы және осыған ұқсас сұрақтардың ешқайсысы әлі күнге дейін түпкілікті және жалпыға бірдей танылған шешім қабылданған жоқ.

Аталған мәселелер қанағаттанарлықтай шешілмейінше, түркі тілдерінде ұлттық мектептер мен баспа жұмыстарын ұйымдастыруда жеке күш-жігер мен материалдық ресурстарды жеткілікті түрде тиімді жұмсаудың барлық мүмкіндігі жоғалатыны анық. Демек, бұл мәселелерді шешуді мүлде кейінге қалдыруға болмайды.

1

Осы жылдың 14-наурызында Ленинград Тірі шығыс тілдері институтының Кеңесіне жасаған баяндамамдағы «Бүкілодақтық Түркологиялық семинар ұйымдастыру арқылы түркі халықтары басым республикалар мен аймақтарда ана тілі, тарихы, этнографиясы, географиясы бойынша жоғары білікті мамандарды даярлау ісіне» РСФСР-дің түркітанушылары мен басқа да шығыстанушылар тарапынан көмек көрсету қажеттілігі туралы мәселені енді мен Бүкілодақтық Шығыстану ғылыми қауымдастығы (ассоциация) алдында қайта жаңарта отырып, жақын арада Бүкілодақтық түркологиялық съезд / «Құрылтай» шақыру мәселесін көтеріп отырмын. Онда Якутиядан Қырымға дейінгі аталған аймақтар мен республикалардың ғылым мен ағарту саласындағы жауапты қызметкерлері, РСФСР түркітанушылары мен басқа да шығыстанушылардың белсенді қатысуымен, өмірлік маңызы бар және өте өзекті мәселелерді бірге және бір деңгейде талқылауға мүмкіндік алады.

Съезд бағдарламасының бірінші және басты тармағы ретінде мен әліпби туралы тармақты қоямын. Анадолы түріктерін қоса алғанда, қазіргі уақытта мұсылман-түркі халықтары үшін әліпби мәселесі одан да күрделі болып барады. Якуттар мен түркі әлеміндегі өзге де мұсылман емес халықтардың ұлттық әліпбиінің негізі орыс немесе латын әліпбиінің қайсысы болуы керектігі туралы даулар мен талас-тартыстар тоқтағанға дейін, бұл ұлттық әліпби түпкілікті түрде қандай болуы керектігі, соңғы әрпіне дейін анықталғанша, мектеп жұмысын да, баспа ісін де дұрыс атқару, әрине, мүмкін емес.

Бір жағынан, жеке халықтардың араб әліпбиін реформалауға бағытталған шашыраңқы, келісілмеген талпыныстары тоқтамайды және табысқа жете алмайды, екінші жағынан, КСРО аумағы мен Түркияда араб әліпбиін латын әліпбиіне алмастыруды жақтау қозғалысы күш алып келеді, қазірдің өзінде ол Әзербайжан Республикасында ресми түрде араб әліпбиімен қатар танылды. Тиісінше дұрыс дайындалған түркологиялық съезд аса өзекті мәселелер үшін сөзсіз маңызды болады әрі оның шешімінің барлық мүмкін түрлерін (нұсқаларын) теориялық және іс жүзінде негіздейді, сондай-ақ осы шешімге ұйымдасқан сипат береді.

1

Съезд бағдарламасының екінші тармағына әдеби тіл туралы тармақты қойдым. Төңкерістен әлдеқайда бұрын пайда болған ағымдар бір-бірімен күресуді жалғастыруда және қазіргі уақытта жеке диалектілерді әдеби тіл ретінде дамыту үрдісі (ағымы) ерекше қарқын алуда: атап айтқанда, әзербайжан, қырым-татар, түрікмен және басқа да тілдерді дербес әдеби тіл ретінде қалыптастыру үрдісі күшейе түсуде. Бұл бағыт та, сондай-ақ туыстас тайпалар арасында белгілі бір бірыңғай ұлттық әдеби тілді кеңінен тарату идеясын қолдайтын бағыт та әртүрлі тілдік деректерге сүйенеді және олардың әрқайсысының өз уәждері мен қарсы дәлелдері бар. Ағымдар мен осы тұжырымдарға сәйкес келетін тәжірибелерді қалың еңбекші бұқараның ағартушылық мүдделері тұрғысынан жан-жақты және ауқымды қарастыру, сондай-ақ оларды салыстырмалы бағалау Бүкілодақтық түркологиялық съезде алғаш рет орын алады.

Съезд бағдарламасының үшінші тармағына ғылыми терминология туралы тармақты қойдым. Ана тілінде білім беруді ұйымдастырған кезде, мұғалімдер семинариялары үшін және басқа да әртүрлі пәндер бойынша екінші деңгейлі еңбек мектептеріне арналған оқулықтарды құрастыруға жауапты мекемелер алдында ғылыми терминология туралы бірнеше арнаға бағытталған өте маңызды сұрақтар туындады: еуропалық немесе араб терминологиясын қабылдауды жақтаушылар пайда болды және бұған ұлттық терминология құруды жақтаушы үшінші ағым қосылды. Соңғы ағымның бірнеше тармағы бар: бірі – әзірбайжандарда, қырғыз-қазақтарда, Еділ татарларында және т.б. халықтарда әртүрлі болып шығатын таза ұлттық терминологияны қолдайды; басқалары – аралас, яғни ұлттық-еуропалық немесе ұлттық-араб терминологиясын жақтайды. Әліпби мен әдеби тіл мәселелері шешілгеннен кейін де, ғылыми терминология мәселесі ретке келмейінше, мектеп ісі де, баспа ісі де тиісті деңгейде жолға қойылмайды. Сондықтан съезд осы мәселені жүйелеу бағытында айтарлықтай жұмыс атқаруы тиіс.

КСРО түркі халықтарының ғылым және ағарту өкілдері мен РСФСР түркітанушыларының съезі, ғылым ретінде, түркітанудың болашақ тағдырына қамқорлық жасауға, түркі халықтарының өткені мен бүгінін жан-жақты зерттеуді жоспарлы ұйымдастыру мәнінде, қазірдің өзінде аяқталған және пайда болуы мүмкін тиісті еңбектерді шығару үшін қаражат іздестіруге, бәлкім КСРО-дағы түркі және түркі емес халықтар түркітанушыларының қызметін біріктіру үшін шығыстану институттарының бірінде тұрақты арнайы бүкілодақтық орган құруға мүмкіндік береді. Жоспарланған бағдарламаны іске асыру 14 жұмыс күнін қажет етеді. Съезге қатысу үшін келесі елдердің ғылым және білім өкілдері шақырылуы тиіс: 1) Әзірбайжан КСР, 2) Дағыстан АКСР, 3) Қабарда-Балқар автономиялық облысы, 4) Қарашай-Шеркес автономиялық облысы, 5) Қырым АКСР, 6) Татар АКСР, 7) Башқұрт АКСР, 8) Чуваш АКСР, 9) Қазақ АКСР, 10) Түркістан АКСР, 11) Ойрат АКСР, 12) Енисей түркілері / Хакас/, 13) Якут АКСР.

Сонымен қатар, КСРО құрамына кірмейтін халықтық кеңестік республикалар – Бұхара мен Хорезмге съезд шақыруын (немесе съезге шақыру – Е.М.) жіберу өте қажет. Әрине, съезде соңғы кездері түркология саласында айтарлықтай жетістіктерге жеткен Түркиядан келген қонақтарды көру аса қуанышты болатыны түсінікті.

Ленинградтық түркітанушылары мен басқа да шығыстанушылардан қатысатындар: Якуттанушы Пекарский, академиктер Бартольд, Олденбург және Марр, профессорлар Владимирцов, Малов, Самойлович және оқытушы Поппе; Мәскеуліктерден – Төреқұлов, Новширванов, Длевский, Поливанов, Яковлев, Житков, Дмитриев.

Қонақтарды есептемегенде, съезге қатысушылардың жалпы саны – 70 адам деп күтіледі. Съездегі баяндамалар мен жарыссөздерде (пікірталас) түркі тілдері орыс тілімен тең құқылы.

Съезд барлығына демалыс болған күндері шақырылуы тиіс.

Егер менің ұсынысым қабылданатын болса, съезд бағдарламасының негізгі нұсқасын әзірлеуге кіріспей тұрып, мүдделі республикалармен және аймақтармен хат алмасып, оларды түзетулер мен толықтырулар енгізуге арналған бағдарлама жобасымен оларды хабардар етіп, олардың өздері белгілеген өкілдердің саны туралы сұрау қажет. Сондай-ақ, республикалардан съездің Ұйымдастыру бюросына бағдарлама мәселелері бойынша қолда бар баспа және өзге де материалдарды алдын ала жіберу туралы кері байланыс сұрау қажет.

Съезд аяқталған бойда материалдарын қаржы үнемдеу үшін мүмкін болатын формада орыс және түркі тілдерінің бірінде дереу шығару керек.

/Проф. А. С. Самойлович /

Ленинград қ., 1924 жылғы 21 наурыз.

Баяндаманың орысша түпнұсқасын қазақшаға аударған:

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы

Тіл білімі институты

Ахметтану бөлімінің меңгерушісі,

PhD Е.Маралбек

Орысша түпнұсқасын қалпына келтіруші (лингвотекстология):

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы

Тіл білімі институты

Әлеуметтік лингвистика бөлімінің ғылыми қызметкері,

PhD А.Баймырза