Түркі түгел болса...

Бұмын қаған түркі тайпасының басында тұрып Ұлы түркі қағанатының негізін қалады.
Оның мұрагері Мұқан қағанның тұсында түркілер Қытайдан Византияға дейінгі ұлан-ғайыр территорияны өз бақылауында ұстады. Сөйтіп, Түрік қағандығы Ұлы Жібек жолын өз ықпалына алып, аймақтағы бәсекелесі Иранның ықпалын әлсіретті. Осылай алғашқы дала империясы пайда болды. Орхон-Енесей – Талас түркі жазулары, «Тас кітабындағы» руникалық жазулар түркі қағанатының тарихын, мәдениетін және өркениетін дәлелдейді.
Б.з.б. ІІІ мыңжылдықта Еуразия кеңістігінде хун халқы 4 тармаққа бөлінген: Солтүстік хундар – Сібірде угорлармен бірге сіңіскен, Юебань – соғды мәдениеті қатты әсер еткен ғұндар, Хунно-сянби – тегі Халхе және Чахар араласқан, кейінірек келе түркі және моңғол тілдес тайпалар, Қытай хундары– Қытайда ассимиляциялану процесі б.з.д. V ғасырда біткен. Түркілер ұшы-қиыры жоқ жерлерді бағындырып, бүкіл Еуразия құрлығының иесіне айналды десе болады. Түркі халқының қайсарлығы туралы 1252 ж. араб тарихшысы Абу Ал-Ала Ибн Хассул еңбегінде айтқан екен: «… В мире нет людей более стойких и более настойчивых в достижении целей. В подтверждение их всесилия, величия, гордыни и неиссякающей мощи достаточно вспомнить слова благословенного посланника Аллаха: не трогайте тюрков, пока они не трогают Вас...»; «Потомки тюркских шангюев (386-550 жж. б.з.д) становясь во главе Китайских династий считали, что тюркская племена должны быть раздроблены, изолированы друг от друга, в ином случае они могли «перевернуть с ног на голову весь Китай».
XII ғасырдағы Шыңғыс ханның және ұрпақтарының іс-әрекетін еске түсіретін болсақ, расымен де, солай болған. Мысалы, Шыңғысханның немересі Құбылай хан өз ұрпақтарымен алпауыт Қытайды Сун империясымен қоса Пекинде отырып, жүз жылдан аса билеген. (1256-1360 ж.) Ол Қытайдың экономикасының гүлденуіне және өркениетіне зор үлесін қосып, жаңа қала Ұлы Астана деген атаққа ие «Тайтуды» салдырды, Вьетнам, Бирма, Камбоджаны да алды, халықты күрішпен қамтамасыз ететін арналар жүйесін құрды және т.б. Шыңғыс хан Корея мен Қытайды алуға жанқиярлық ерлік жасаған, өзінің оң қолы Мұқалиға «сен оларды вассал ретінде ұстап басқар»,– деп тапсырған.
Тарихшылардың айтуынша ұлы дала тарихында түркілердің негізгі күші бірлікте және армияда болса, оның негізін атты әскер қалады. Түркі жауынгері жастайынан қылыштасуға, садақ тартып, найза түйреуге машықтанды. Олар садақ тартуды жер бетінде бірінші болып меңгерген даңқты бабалары сақтар мен ғұндардан үйренді, олар аспаннан құйылта төнген құстар сияқты, ат үстінде құйғыта шауып келе жатып артынан да, жанынан да, алдынан да тұрған жауды, нысананы дәл көздей білген. Сонымен қатар соғыста тұтқынға түскен түркілерді Еуропаға, арабтарға сатқанда, олар ең сұлу, ең күшті болғандықтан, қымбатқа сатылатын. Олар орта ғасырлардағы ең қымбат құлдар еді. Түркілер жоғарғы жауынгерлік дайындығы мен әскери айла-тәсілдерді жете меңгергендігінің арқасында арабтардың әскер қолбасшылығына дейін көтерілген. Мысалы, кейіннен Мәмлүктер мемлекетінің ұлы билеушісіне айналып, маңдайы тасқа тимеген моңғол әскерін тоқтатқан құдіретті Сұлтан Бейбарыстың өшпес тарихы Мысырға құл болып сатылудан кейін басталған.
Түркілерде күтпеген жерден жауға тап беріп, тықсырып барып кенеттен қайта жоқ болып, қайта айналып жойқын күшпен соғатын соғыс тәсілдері күшті болды. Олар әп-сәтте қойға шапқан қасқырдай өз жауының ойран-топырын шығаратын. Егер Рим империясы (уақытысында Атиллаға салық төлеп отырған Рим) 9 ғасыр бойы соғыс жағдайында болса, 13 ғасыр бойыбес қаруын асынып, ат үстінде ойнақ салған түркі жауынгеріне, Түркі империясына қарсы тұрарлық күш әлемде болмады. Қытайдың өзі, оның императоры Цинь Ши Хуанди (221-210) түркі тегі ғұндардан қорғану үшін Ұлы Қытай қорғанын жылдар бойы тұрғызған.
Француз тарихшысы, шығыстанушы Рене Груссэ өзінің «Империя степей» кітабында жазады: «Атилла, Чингиз хан, Тамерлан… Великие Варвары, они возникали в самом сердце истории цивилизации и молниеностно, в течение нескольких лет, превращали римский, иранский, китайские миры в груду руин». Бұл жерде Рене Груссэ «Варвар» жабайылар деген сөзді шын мәнінде мақтау ретінде келтірген. Бірақ кейде еуроцентристердің көшпелі халықтарды жабайылар деп айтатыны шындыққа жатпайды. Егер тарихқа жүгінсек, сол көшпелі халықтардың мыңдаған жылдар бұрын руникалық жазуы, дінінің болғаны, Ботай мәдениеті арқылы жылқыны қолға үйреткені, метал қорытып, қару-жарақ жасағаны, қол өнері дамығаны, атты сарбаздардың теңдесі жоқ жаужүрек батыр болғаны дәлелденген.
VII ғасырдың басында Түрік қағанатында көне түркі жазуы кеңінен қолданылды. Иоллығтегін қаған тасқа қашатқан сына жазулары көне түрік өркениетінің жәдігері болып бізге жетті. Бертін келе 1875 жылы орыс ғалымы Н.М.Ядринцев Орхон өзенінің алқабынан 3 метрлік тасқа жазылған, бір-бірінен бір километрдей жерде жатқан Күлтегін (732 ж.) мен Білге (735 ж.) қағандардың ескерткіштерін, сына жазуларын тапқан. Одан кейін 1891 жылы Селенга өзенінің бойынан Тоныкөктің де (716 ж.) ескерткіші табылды. Дат ғалымы Л.Томсон сына жазудың кілтін тауып, оны оқуға мүмкіндік берген сенсациялық жаңалық ашты. Мен мұны да Тәңірінің қалауымен болған оқиға дер едім. Көшпелі түркілерде жазудан гөрі ауызекі (фольклор) қарым-қатынас (коммуникация) өте қатты дамыды. Түркілерде осыған байланысты әртүрлі көне ертегілер мен аңыздарды, лиро-эпостық жыр-дастандар мен шежірені, әдет-ғұрып пен салт-дәстүрді, атадан-балаға ауысқан тарихи жадты ұрпаққа беру жүйесі, тарихты айту дәстүрі күшті болды. Оның дәлелі ретінде әл-Фараби, ибн Сина, М.Қашқари, А.Науаи, Ұлықбектен бастап математик, астроном, дәрігерлер шықты. Археологтар VI ғ. түркі қағанатының теңгесін (монета) тапқаны сол уақыттарда ұлы Жібек жолында сауда-саттық, тауар-ақша айналымының болғанын дәлелдейді. Ал ескі түркі күнтізбесі ең күрделі күнтізбелердің бірі болды.
Түркі тегінен шыққан билеушілер Қытайдың көптеген императорлар династиясының негізін қалады, Иранды бірнеше рет басқарды, орта ғасырларда Алжир, Дамаск, Каир, Ыстамбұл, Бағдат, Пекин, Дели тағына отырды. Ал ХIV ғасырда Осман империясын құрды. Орыстың атақты армия басшылары Суворов, Кутузов, Ушаков, Ермолов, т.б. казактарды қоспағанда, бәрінің түп тамыры түркіден тарайды. Бірақ Ресейдің ресми билігі мұны айтқан жоқ. Шыңғыс хан ұрпағымен ата заң жасап, онда дінге бостандық, бір тәңірге, аспанға, Құдайға сену деп, жаулап алған жерлердегі барлық халыққа теңдік берді. Ол негізінен тәңіршілдік – түркілердің ежелгі дүниетанымынан бастау алған.
Осындай саясаттың арқасында XIII ғасырдан бастап қауіп-қатерсіз Ұлы Жібек жолында өз өмірлеріне алаңсыз саудагерлер Батыс Еуропадан Қытайға дейін сауда қатынасын емін-еркін жүргізді. Бұл жағдай өркениеттердің бірін-бірі байытып, толысуы мен дамуына үлкен септігін тигізді.
Мәңгілік ештеңе жоқ, әрине, тарих, уақыт, даму өз дегенін жасады. 13 ғасырға созылған түркілердің үстем билігінен соң, тек XVI ғасырдан бастап түркі көшпенділері Еуропа елдеріндегі ғылыми-техникалық прогрестен туған жойқын атқыш қару «артиллерияға» жол бере бастады.
Тарихи тағдыр Еуропаның дамуына жаңа арна қосуда. Себебі Таяу Шығыс, Африка елдеріндегі толқулар, болып жатқан соғыс, т.б. келеңсіздіктер миграциялық процесті үдетуде. Келешекте осы елдердің миллиондаған халқы (дені мұсылмандар) Еуропа одағының елдеріне кіріп, халықаралық интеграциялық процесті тездетеді. Әлі алдымызда не күтіп тұрғаны белгісіз.
Мынау жаһандану процесінде әлемнің даму тарихын ескеру, сонымен қоса, әрбір ел мен аймақтың рухани-мәдени құндылықтары мен шынайы отандық тарихын қолдану өте маңызды іс-шара. Түптеп келгенде осылардың барлығы әлемдік тәртіптегі жаңа ғаламдық стратегияны жасауға әсерін тигізуі керек.
Енді сұрақ туады. «Неге түркі әлемі Рим империялары сияқты осындай империялық мемлекет бола тұра шашырап кетті. Қазіргі түркітілдес елдердің қайта өрлеуге мүмкіндігі бар ма және өзінің жаңа өркениеттік спиралімен дамуға қандай әлеуеті бар?»
Бұған біржақты қарауға болмайды, себебі, тарихтан білеміз, әлемде небір империялар болды. Олар тарихта ондаған, жүздеген жылдар өз орнын алып, жалпы әлемдік өркениетке қызмет етті, дамуға серпін берді. Бірақ тарихтың дамуына байланысты әсіресе ғылыми-техникалық прогрестің тез жүруіне байланысты түркілер деформацияланып, кейде басқа жаңа біріккен ел, талай ұлттық мемлекеттерге айналды, кейде кейбір тайпалар жер бетінен құрыды. Кезінде әлемдік 6 империяның бірі болған Түрік империясында да осы тарихи логикалық үрдіс орын алды. Түркі халықтарының адамзаттың өркениеттік дамуында алатын, қосқан үлесі де мол екенін тарих дәлелдеді.
Қазір жалпы түркітілдес халықтардың саны 200 миллионнан асады. Әрине, бұлар бұрын Еуразия құрлығының әр жерінде шашырамай, бір жерге жиналғанда, қазіргі түркі елдері АҚШ пен Қытайдай аса ірі, дамыған мемлекет болар ма еді? Оларды бір-біріне айдап салды. Мүмкін олар бір-бірімен соғыспай, бірігіп, басқа елдерді алғанда басқаша болар ма еді?! Қазір бәрі өткен соң жорамалдап айта беруге болады, бірақ менің ойымша Түрік империясында көп жылға бағытталған стратегиялық жоспардың сол кезде болмағаны айқын. Қазір ежелгі Түрік қағанаты 6 мемлекет және үлкен-үлкен автономиялар (Татарстан, Башқұртстан, Сақа, Тува, Хакас, Чуваш, алтайлықтар, ұйғырлар, т.б.) болып отыр. ХХІ ғасырдағы ендігі мақсат – осы түбі бір Түркі халықтарының басын бір-бірінен алшақта жүрсе де жаңа үрдіспен қалай қосамыз, қалайша интеграциялаймыз? Міне, осыларды ойлап, іске асыру қажет деймін.
Қазіргі Түркі әлемінің экономикалық әлеуетін алсақ, жылда өтетін дүниежүзілік Давос экономикалық форумының ғаламдық бәсекелестік көрсеткіштері бойынша біздің жағдайымыздың әлі нашар екенін көруге болады. 2019 жылдың жаһандық бәсекелестік индексі бойынша алдағы 50 елдің ішіне бірде бір түркітілдес мемлекет жоқ: Қазақстан – 55, Азербайжан – 58, Түркия – 61, Қырғызстан – 96 орында болса, Өзбекстан мен Түркменстанның көрсеткіштері мүлде енбеген. Ал тереңірек қарасақ, түркітілдес елдері денсаулық, білім, ғылым мен технология, қаржы жүйесі, әсіресе бизнес, инновациялық дамудан көп артта келеміз (80-100 орындамыз). Бізге осы көрсеткіштерге, әсіресе жаңа білім, ғылым мен технологияға аса мән беру қажет.
Менің ойымша, түркі әлемі елдеріне XXI ғасырдың өркениеттік пойызының соңғы вагонына міну үшін бізге үдемелі дамудан басқа жол жоқ. Ол үшін Түркі елдерінің басын қосатын бір интеграциялық идея керек. Жаһандану процесінде әлемдік өркениетті алып қарасақ, оның ішінде G7 мемлекеттерінің дамыған жолын таңдай келе, біз олармен экономика, жаңа технология, экология, қауіпсіздік, космосты игеру салалары бойынша бәсекелестікке түсе алмаймыз және көп арттамыз. Мысалы, ғылыми-техникалық прогрестен, технологияны игеруден кем дегенде 40-50 жылға артта қалып қойдық.
Дамыған мемлекеттермен бәсекелестікке түсіп, алда болатын Түркі әлемінің бір ғана жолы бар, ол түбі тереңде жатқан рухани, тарихи-мәдени құндылықтарымызды жаңғыртып, оларды бірге көтеру.Ғалымдардың миссиясы түркі дүниесіне байланысты қазіргі әлемдік жағдайымызды саралап, жазба деректерді пайдаланып, оларды електен өткізіп, әсіресе алдағы болатын ізгілікті қоғамның дамуына өз үлесімізді, көзқарасымызды қосу. Мүмкін, тағдыр біздің замандастарымызға ХХІ ғасырда түркі әлемінің дамуына серпіліс беру арқылы дамыған мемлекеттермен бәсекелес болу үшін осы қадамды жасауға мүмкіндік берген шығар.
Түркі әлемін ХХІ ғасырда қайта жаңғырту үшін мынандай жобалар, іс-шаралар ұсынамын:
1. Түркітілдес алты мемлекет, тағы да басқа түркітілдес халықтар бірігіп, Түркі өркениетін жаңғырту туралы стратегиялық 2050 жылға дейінгі империялық концепция және нақты бағдарламалар қабылдау қажет.
2. Басымдылық ретінде арнайы «Түркі әлемінің рухани дамуына серпіліс беру» туралы (тарих, білім, ғылым, денсаулық, мәдениет, дін, тіл, т.б) нақты қаржымен қамтамасыз етілген интеграциялық біріккен бағдарламалар қажет. Нәтижесінде, Түркі әлемінің 3 мың жылдық тарихын қайта жазып шығу және мәдени-тарихи мұра атласын жасау керек. Ғұннан бастап бүгінгі тарихымызға дейін тез арада «Түркі империясы» деген 3 мың жылдық тарихты қамтып, көп сериялы тарихи, деректі, танымдық фильм жасау керек. Бұл фильм бүкіл түркі халықтарын жаңа рухта тәрбиелеуде жаңа идеология болар еді.
3. Әлемдік деңгейде «Түркістанда ғұн дәуірінен қазірге дейінгі тарихи, мәдени, географиялық панорама-музей» жасау. Мұның екі түрі болса: бірі – жабық мекемеде, ал екіншісі – Ұлы Жібек жолы бойында «көне түркі өркениетінің ашық музей – мәдени қалашығы» салынса деймін. Бұл музей қалашықта логистикалық хаб, көне тарихи жәдігерлер, тарихтан үзінділер ретінде ескі қалалар макеті (Суяб, Тәжмахал, Баласағұн, Отырар, Самарқан, Тараз, т.б), Ботай мәдениеті, пантеондар, кесенелер (Мөде, Томирис, Атилла, Бұмын, Иоллығтегін, әл Фараби, Шыңғыс хан, Әмір-Темір, Құбылай, Бейбарыс, Ұлықбек, Сүлеймен Сұлтан, Ататүрік, т.б), монументтер, ірі тарихи шайқастар. Мысалы, бұл музей қалашықта Сырдария бойында Шыңғыс ханның 700 мың атты әскерімен Хорезм сұлтаны Мұхаммедтің әскерінің, екі жақтан 1,5 миллион адамның үш күн, үш түн бойы соғысқан панорамасын салу әлемде жоқ дүние болар еді. Бұл тарихи шайқаста әскердің саны жағынан бұрын-соңды әлем көрмеген үлкен жойқын соғыс болған. Ұлы Жібек жолы, Ұлы көш карталары, т.б. салынса, мұндай теңдесі жоқ музей қалаға әлем халқы келіп тамашалар еді.
4. Түркі мемлекеттерінің жылдық экономикалық өсімі 5-6%-ға өсетіндей бағдарлама жасау керек. Жаңа технология, жасанды интеллект, роботизация, интернет ресурстарын тиімді пайдалану жобалары жасалу қажет. Әр мемлекетте Ұлы Жібек жолын жандандыруға үлкен серпіліс беретін мегажобалары, рухани – логистикалық хабтар болу керек.
5. Ауылды жаңарту, ауылшаруашылығын дамытуға басымдық беру. Түркі әлемі өзінің үлкен жер байлығымен, азық-түлік өндіру мүмкіндігімен әлемнің бірнеше елін тамақтандыра алады. Түркі әлемі келешекте азық-түлік державасына айналуы мүмкін. Ол үшін әр елде «Түркілердің ХХІ ғасырда ауыл кластері» бағдарламасын жасап, іске асыру қажет.
6. Түркі әлемінің даму жолын саралау және алдағыны жоспарлау ғылыми орталығын құру керек (Алматы, Ыстамбұлда). Әртүрлі ғылыми лабораториялар ашу. Мысалы, «Түркі әлемінің генетикалық лабораториясын ашу», т.б. жаңа өркениеттің сұранысына байланысты ғылыми орталықтар ашу. Түркі мемлекеттерінің ғалымдары бірігіп «үш мың жылдық Түркі тарихын» қайта қарап, тағы бір електен өткізіп, жазып шығып, оны бүкіл әлемге тарату керек.
7. Жоғарыда айтылғандардың бәріне бір нүкте қоятын, алтын сандықтың шегесін қағатын ол – 6 мемлекеттің және тағы басқа автономиялы республикалар басшыларының осы мәселеге арналған «саммиті» болуы керек. Оған қоса бүкіл түркі әлемі халықтарының құрылтайын өткізу қажет. Сонда бәріне ортақ «Ұлы түркі өркениетінің декларациясы» қабылданып, оны іске асыратын барлық шешімдер және іс-шаралар болуы тиіс.
8. Алдағыны болжасақ, Түркі әлемі тарихтағы өзінің терең өркениеттілігі және қазіргі бар әлеуетімен ХХІ ғасырда әлі де болса бұрынғы Мөде, Бұмын, Мұқан қағандардан бастап, т.б. ата-тегіндей, әлем тарихында екінші рет алға суырылып шыға алатын мүмкіндігі бар. Ол түркі халықтарының бірлігі мен алдағы уақытта 200 миллионнан астам адам потенциалы және жаңа технологияларды қалай тиімді пайдалануға байланысты болмақ. Оған қоса, Түркі халықтарында бұрынғы тектен келе жатқан Еуразия халықтарын интеграция жасауға қабілеті бар екенін айтқанымыз жөн. Әлем шытынап тұрғанда, біз біріге алсақ болғаны. Алдағы уақытта сен кімсің десе? Мен қазақпын, өзбекпін, түрікпін, қырғызбын, түркімен, әзербайжанмын деп айту аздық етеді. Мен Түркі-тегімін деген сөз әрқайсымыздың тілімізден шықса, әр үйде, әр адамның жүрегінде, маңдайында жазылып тұрса бірлік сол болар еді. Түркі халықтарының алдында жаңа өркениеттік спиральмен даму жолы күтіп тұр.
9. Жаһандану құбылысын ешкім тоқтата алмайды. Тек бірақ жол – ол халықтардың бірігуі. Түпкі мақсат – Еуроодақ (ЕО) сияқты бүкіл түркі халықтарын, мемлекеттерін біріктіріп, «Түркі тегі» (ТТ) деген одақ құру. Осы ТТ одағы келешекте «ЕС, НАТО, САО» сияқты түркі әлемін қорғайтын күшті өз әскері, қарулы күштері бар ұйым болу керек. Сонда ғана дамыған алпауыт мемлекеттер бізбен санасатын болады. Түркі тегі дегеніміз – Еуразиядағы түркітілдес елдерінің, халықтарының бірлігін сақтау, олардың тарихы, мәдениеті, діни, этникалық құндылықтарын жандандыру, әрі дамыту жүйесін жасау.