«Түркістан алыс». Оңтүстік жұрты жаңа облыс сұрайды
Газет пен оқырман арасында кері байланыс болған жақсы. Түркістан облысынан Есмұрат Битеміров есімді қария келіпті редакцияға.
Жасы жетпіске таяп қалған. Сарыағашта тұрады екен. Бұрын инженер-гидротехник болып жұмыс істегенін айтты. Жазып-сызып тұратын өнері де бар көрінеді. «Жас Алаштың» сарғайған ескі нөмірлерін салып алыпты сөмкесіне. Көп оқығаны, оқығанын көкейіне тоқып жүретіні әңгімесінен, сөз саптасынан байқалады. Оқырманымыз Түркістан облысының болашағына қатысты тың оймен, жаңа жобамен келген. Оның айтуынша, Түркістан облысын екіге бөлу керек. Облысты бөлуге әлеуметтік, экономикалық, геосаяси қажеттіліктер бар дейді.
Былтыр Шығыс Қазақстан облысының құрамынан бұрынғы Семей облысы бөлініп шығып, Абай облысы құрылды. Ал Қарағанды облысынан бұрынғы Жезқазған облысы отауын қайта тігіп, Ұлытау облысы құрылды. Алматы облысынан бұрынғы Талдықорған облысы бөлініп шығып, жаңа да ескі Жетісу облысы құрылды. Битеміровтің айтқан уәжі мен келтірген қисынына сенсеңіз, Түркістан облысын да бөлу қажет. Ол қандай қажеттілік? Егер, шынымен қажеттілік болса, онда облысты қалай бөлу керек? Халық саны, аудандардағы ауыл шаруашылық, экономикалық нысандар қалай бөлінеді? Донор аудандардан айырылған облыстың тіршілігі қалай болады? Осы сұрақтарды қонақтың өзіне қойдық. Есмұрат Битеміров облысты екіге бөлудің қандай қажеттіліктен туып отырғанын, қалай бөлу керектігін ашалап, түсіндіріп берді. Төмендегі ойлар диктофон жазбасынан қағазға түсірілгенін ескерте отырып, түркістандық оқырманымыздың ойларын өздеріңізге ұсынамыз.
Жол шалғай, халық көп
Түркістан облысын бөлудің астарында қордаланған бірнеше себеп бар. Біріншіден, Түркістан облысының оңтүстігіндегі 6 аудан облыс орталығынан шалғайда қалды. Олар – Жетісай, Мақтаарал, Шардара, Келес, Сарыағаш, Қазығұрт, Төле би аудандары. Осы аудандардың тұрғындары бір тал құжат үшін 350-400 шақырым жол жүріп Түркістанға баруға мәжбүр. Келес, Сарыағаш, Қазығұрттың тұрғындары Шымкент айналып барады облыс орталығына. Немесе Сарыағаштан салынған теміржол бойындағы жаңа жолмен жүреді. Екеуі де алыс. Бұл қарапайым халықтың қалтасына салмақ салып отыр. Екіншіден, халық саны. Біз атаған 6 ауданда 1 миллионнан астам адам тұрады: Сарыағашта 250 мың, Келесте 170 мың, Жетісай мен Мақтааралда осыдан 5-6 жыл бұрын 450 мың халық болған, қазір әрқайсысында кемінде 200 мың адам бар. Шардара, Қазығұрт, Төле би аудандарында 100 мыңнан халық тұрады. Бәрін қоссаңыз, миллионнан асып кетеді. Бұл өз алдына жеке облыс болуға жеткілікті көрсеткіш (Ұлытау облысында 228 мың тұрғын барын ескерте кетейік). Үшіншіден, Түркістан облысындағы халық 2 миллионнан асып кетті. Бұл қазіргі уақытта бір облысқа ауыртпалық әкеліп отыр. Төртіншіден, мен атап отырған осы аудандардағы бала туу көрсеткіші Қазақстан бойынша 1-орында. Мысалы, Сарыағаш ауданында жылына 10 мың сәби өмірге келеді. Ал Солтүстік Қазақстан облысында 1 жылда 15 мың бала дүниеге келеді екен. Салыстыра беріңіз! Жетісай, Мақтаарал, Келесте де сондай көрсеткіш.
Жалаң ұран, құрғақ патриотизм
Цивилизация деген термин бар, қазақшасын «өркениет» деп жүрміз. Қазір бүкіл әлем өркениетті қалаларға қоныс аударуда. Неге? Өйткені қалада бәрі бар. Су, жылу, медицина, білім, әлеуметтік нысандар, заң – қалалы жерде шоғырланған. Қазақстанда былтыр 200 мың адам қалаға көшіпті. Бұл үлкен көрсеткіш. Қаласақ та, қаламасақ та біз түбі қалаға ағыламыз. Қазірдің өзінде 60 пайыз қазақстандық қалада тұрады. Қала мәдениетін игеруіміз керек. Ол – жаһанданудың талабы. Қазақстанда ең жақсы өмір қалалы жерде. Ең білікті дәрігерлер қала емханаларында. Білімді мұғалімдер қаладағы мектептерде. Жақсы жол, жылу, жарық, театр, мейрамхана, спорт залдарының бәрі қалада. Ауылда жоқ. Болса да, қаладағыдай емес, саны аз, сапасыз. Оның үстіне, ешкімді ауылға байлап ұстай алмайсыз қазір. Ауылда жұмыс жоқ, ақша табатын мүмкіндік аз, жақсы өмір сүретіндей жақсы жағдай жоқ. Ауылды дамытайық деген жалаң ұран, құрғақ патриотизм тамақ болмайды.
Біз айтып отырған осы өркениет жетістіктері қалада ғана дамиды. Оны Қазақстанның ауылдарында дамытамыз деу бос әурешілік. Сондықтан қаласақ та, қаламасақ та, Қазақстанда қала көп болуы керек. АҚШ пен Батыс елдеріндегі халықтың 92 пайызы қалада, тек 7-8 пайызы ғана ауылда тұрады. Америкада 3 пайыз халық қана ауылшаруашылық саласында жұмыс істеп, табыс табады екен. Сол 3 пайыз ауылшаруашылық мамандары 700 миллион халыққа жететін азық-түлік өндіріп отыр. Өйткені олар ауылшаруашылығын инновациялық деңгейге жеткізіп алған. Бәрін ғылым мен техниканың күшімен ғана жасайды. Сондықтан Қазақстанда да қала көп болуы, халық қалада тұруы, цивилизацияның игілігін көруі керек!
Су сұрамаймыз
Әуелгі әңгімеге оралайық. Сонымен, Түркістан облысы екіге бөлініп, екінші облыстың орталығы Сарыағаш ауданының маңынан құрылуы керек. Алты ауданның орталығы сол маң. Бірақ Сарыағаш қаласының өзі облыс орталығы болуға географиялық жағынан қолайсыз. Шекараға жақын. Сарыағаштан солтүстікке қарай 15 шақырым жерде Дарбаза деген ауыл бар. Оның арғы жағында тағы 15 шақырым жерде Жылға деген елдімекен тұр. Сол екі ауылдың арасы облыс орталығына лайық, қала салуға барлық жағынан қолайлы. Қала салынса, ең басты қажеттілік – су. Бұл жерде су қоры да жеткілікті. Кеңес одағы кезінде Келес каналы қазылды. Дарбаза ауылының сыртында үлкен сай бар. Жоспар бойынша сол сайдың аузын тосып, үлкен су қойма салмақшы болған. Одақ кезіндегі жоба бойынша әлі де сол сайға су жинап, қалаға қажетті тіршілік нәрін алуға болады. Ол аз десеңіз, Қазығұрт жақтан келетін Өгем өзені бар. Қазір Өгемнің суы Өзбекстанның «Шарбақ» су электр станциясына құйылып жатыр. Сол Өгемді өзімізге қарай бұруға болады. Кеңес одағы кезінде сондай жоспар болған, әлі созылып келе жатыр.
Өзбекстан телеарнасын көріп отырмыз
Түркістан қаласы оңтүстіктегі аудандарға алыс дедік қой. Облыс орталығы аудандар мен ауылдарға жақын болса, заң жақсы жұмыс істейді. Орталық алыстаған сайын заңсыздық көбейе береді. Барлық салада солай. Облыс орталығы жақын болған сайын аудандардың дамуы тездейді. Техника, технология жақындайды. Оңтүстіктен бір облыс ашылса, ғылым-білім жақындар еді. Университеттер мен колледждер ашылып, жастардың қолы оқу-білімге жетер еді. Газет-журнал, теле-радиолар ашылар еді. Жасыратыны жоқ, қазір Жетісай, Мақтаарал, Шардара, Сарыағаш, Келес аудандары Өзбекстанның телеарналарын көріп, Ташкенттің радиосын тыңдап отыр. Бұл ақпараттық қауіпсіздікке келіп тіреледі. Оның үстіне, Сарыағаштың маңына телемұнара тұрғызылса, Ташкент, Шыршық, Бостандық аудандарындағы қазақтар Қазақстанның телеарналарын көріп, радиохабарларымызды тыңдай алатын еді…
Оңтүстік аудандар бөлінсе, Түркістанда не қалады деген сұрақ туындайды осындайда. Ең алдымен, Түркістан облысында 1 миллион халық қалады. Содан кейін, Түркістан облысы донор аудандарынан айырылып қалады деу түбірімен қате пікір. Мысалы, Сайрам ауданы облысқа ең көп салық төлеп отырған донор аудан. Қазақстан бойынша мал бордақылау жағынан Сайрамның алдына түсетін аудан жоқ. Арыс, Ордабасы, Бәйдібек, Созақ, Сауран, Түлкібас – бәрі ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығын қатар дамытып отырған аудандар. Бұл аудандарда да 1 миллион халық бар. Облыс бөлінсе, Түркістанның солтүстік аудандары ешнәрсе жоғалтпайды.
Ауылды емес, қаланы дамыту керек!
Біз солтүстіктегі облыстарға оңтүстіктегі халықты неге көшіріп апара алмай отырмыз? «Оңтүстіктен – Солтүстікке көш» мемлекеттік бағдарламасының нәтижесі неге мардымсыз? Осы сұрақты да таратып айтып берейін. Өйткені мемлекеттік бағдарламамен Түркістан облысынан қаншама отбасы көшті? Қайтып келіп алғандары қаншама? Бұл жердегі жалғыз себеп – солтүстік облыстарда цивилизация жоқ. Көшіп барғандардың көбі ауылды жерлерге қоныстанған. Олардың 95 пайызы – жастар. Жастардың көзі ашық, талғамы биік. Олар түгі жоқ ауылда емес, қалада тұрғысы келеді. Ол үшін жастарды ешкім кінәлай алмайды, айыптауға хақымыз да жоқ. «Теріскейге көш» бағдарламасы құрғақ патриотизм болмауы керек. Бұрынғы колхоз, совхоз жоқ қазір. Сондықтан жастарды теріскейге күштеп көшіріп, ауылға байлап отырғызамыз деу, о бастан түбірімен қате жоспар болатын.
Теріскейге қазақты шоғырландырудың амалы – СҚО, Қостанай, Павлодар облыстарының аумағынан тағы үш облыс ашу. Үш облыста үлкен үш қала салынады. Ал қаланың айналасындағы ауылшаруашылық жерлерге жастарды вахталық тәртіппен жұмысқа тұрғызу керек. Қалада жақсы үйде тұрады, ауылда жұмыс істейді. Сонда ғана оңтүстіктегі халық солтүстікке көшеді. Теріскейдегі ормандай орыстың ортасына осылай үш облыс құрып, 600 мың қазақты қоныстандырсақ, шекарадағы геосаяси түйткіл өздігінен шешілер еді. Вахталық әдісті ойдан шығарып отырған жоқпын, бұл Австралияның тәжірибесі. Халқының көбі қалада тұрады, бірақ алыстағы фермаларда вахталық әдіспен жұмыс жасайды.
«Ауылды дамыту керек!» деген ескі ұранды қою керек. Бізге қаланы дамыту керек. Қазақстанда ауылшаруашылығының үлесі – 7 пайыз. 93 пайызы – қала экономикасы мен өндірістер. 7 пайыз кіріске бола не үшін ауылды дамытуымыз керек? Бүкіл әлемдегі ортақ жағдай экономиканың негізгі көзі қалада. Қазақстан картасына 40 облыс салынуы керек. Иен жатқан жер жау шақырады. Соны ұмытпайық!
Атамұрат Шәменов,
экономика ғылымының докторы:
Шалғайдағы және шекарадағы облыстар мен бұрынғы аудандарды қайта ашу деген идеяны қолдаймын! Өйткені кейбір облыстарда аудан көлемінде шешілетін мәселе сағызша созылып, облыс орталығына қарап тұрады. Бұл халыққа тиімсіз. Сондықтан Түркістан облысына жаңа облыс керек. Ондай орталық билікке де қажет, меніңше. Астананың реформасы төменге әрі тез, әрі бұрмаланбай жетер еді. Халықаралық геосаяси жағдайларға байланысты шекарадағы аудандарды қайта ашып, шекарадағы облыстардың әлеуетін арттыру, қауіпсіздігін қамтамасыз ету уақыт күттірмейтін шешім. Экономикалық жағынан жаңа облыс ашу, әрине, шығын. Бірақ бұл уақытша қиындық. Халықты қоныстандыру арқылы шығынның орнын толтыруға болады. Өндіріс, зауыт ашып, жұмыссыздықты азайтып, мемлекетке кіріс кіргізуге болады. Түркістан облысында 2 миллионнан артық халық бар екен, бұл екі облыстың жан саны. Ең маңыздысы – донор болатын және дотациялық облыстарды ашу керек. Одан зиян шекпейміз. Басқару жағынан да ешқандай қиындық болмайды.
Жаңа облыс ашып қана қоймай, қаланы дамыту деген өте дұрыс мәселе. Оның өзінде аудан орталықтарын агроқалашыққа айналдыру қажет. Өндірісті дамытып, зауыт-фабрикаларды аудан орталықтарынан ашу керек. Сонда әр ауданның орталығы бір-бір қала болады. Ауылдың өнімін аудан орталығында өңдеу, өте тиімді әдіс.
Бейсенбек Зиябеков, экономист:
Бұл мәселеге жан-жақты қарау керек. Дәл қазіргі Қазақстанның жағдайында облыс ашу түгілі, жаңа аудан ашудың өзі қиын. Оның әлеуметтік, экономикалық әртүрлі түйткілдері бар. Облыс ашудан бұрын жергілікті әкімшіліктердің жұмыс тиімділігін арттырған абзал. Халық не үшін Түркістанға сабылады? Өйткені жергілікті аудан мен ауылда тұрғындардың мәселесі шешілмей отыр деген сөз. Сол үшін мемлекеттік қызметкерлердің жұмыс тәртібіне реформа қажет. Ең алдымен, мемлекеттік қызметкерлердің санын қысқарту керек. Бұл – бір. Екінші, мемлекеттік қызметкердің білімін, кісілік қасиетін, кәсібилігін, отаншылдығын арттыру тиіс. Сонда ол мемлекетке де, халыққа да адал қызмет етеді. Өкінішке қарай, біздегі мемқызметкерлер біліксіз, отаншылдық, кісілік қасиеттен жұрдай. Солай бола тұра аудан ашқысы, жаңа облыс құрғысы келе береді. Бұл – ақша жеудің амалы. Мемлекеттік қызметкердің деңгейін көтермей, жаңа облыс ашу асығыс шешім болар еді.