Түркістан қауіпсіз қала ма?
Түркістан қалалық Полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Бауыржан Селтанов қала аумағында қоғамдық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қылмысқа қарсы күрес бағытында жүргізген жұмыстар туралы есеп беру кездесуін өткізді.
Бұл туралы Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. Б.Селтановтың айтуынша, былтыр Түркістан қаласында құқық бұзушылықтардың деңгейі біршама төмендеген. Жалпы жыл бойына 864 құқық бұзушылық тіркеуге алынған. Бұзақылық қылмыстардың ашылуы 100%-ға, бөтеннің мүлкін ұрлау қылмыстары 47,9-ден 63,3%-ға, оның ішінде пәтер ұрлығы 43,3-ден 72,2%-ға, алаяқтық қылмыстарының ашылуы 93,4-тен 97,1%-ға жоғарылады. Сондай-ақ өткен жылы 102 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық жайттары анықталып, тиісті әкімшілік хаттамалар толтырылған, айыппұлдар өндірілген. Көші-қон қызметі бөлімі бойынша 11.256 шетел азаматы уақытша тіркеуге алынған»-деп атап өтті.
Одан бөлек полиция полковнигі, аталған қылмыстардың алдын алу мақсатында түнгі мезгілдерде кезекші топтар ұйымдастырылып, аптасына кемінде екі рет рейдтік іс-шаралар жүргізіліп жатқанын жеткізді. Есеп беру барысында сөз кезегін алған тұрғындар өздерінің көкейінде жүрген мәселелерін басшыға кеңірек баяндап, тұшымды жауаптар алды. Кейбір тұрғындар ізгі тілектерін білдірсе, енді біреулері сұрақтарын бейнебайланыс арқылы қойып жатты. Тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлерді түртіп отырған басшы жауапты қызметкерлеріне тапсырмалар беріп, мәселелердің шешілуін тікелей өзі бақылап отыратындығын жеткізді.