Түркістанда 10 мың волонтер бар
Түркістан облысында 10 мыңнан астам волонтер бар. Өңірдің ерікті жастары қоғамдық өмірдің барлық саласына белсене араласады.
Аудан, қалалардағы Жастар ресурстық орталықтары көптеген іс-шаралардың бастамашы болып отыр.
Еріктілер «Bilim», «Qamqor», «Úmit», «Sabaqtastyq», «Taza Álem» және «Saulyq» атты 7 салалық бағыты бойынша жұмыс істейді. Рухани, мәдени-тарихи мұраларды сақтау жұмыстарына еріктілерді тарту бағытында құрылған «Асыл Мұра» жобасы да жүзеге асырылды. 2019 жылдың маусымында Арыс қаласындағы оқ-дәрі қоймасында болған жарылыс кезінде еріктілердің көмегі көп тиді. Төтенше жағдай кезінде жедел топпен бірге мыңнан астам жедел волонтерлар жасағы құрылды. Олар халыққа алғашқы көмек көрсетіп, құжаттарды жинау және жапа шеккендерді көшіріп, азық – түлікпен қамтамасыз ету жұмыстарымен айналысты. 2020 жылдың мамырында Мақтааралдағы су тасқыны кезінде де Түркістан облысының еріктілері тынымсыз көмек көрсетті. Пандемия уақытында волонтерлар тобымен медициналық маскалар таратып, індеттің алдын алу шаралары бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Облыста әсіресе, Сайрам ауданының ерікті жастары белсенділігімен көзге түсіп жүр.
«Парасат» клубында жастар мәселесі талқыланды
Жуырда облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Сайрам ауданына жасаған жұмыс сапары барысында аудандық Жастар ресурстық орталығы жанынан құралған Еріктілер мектебі өкілдерімен кездесті. Мұнда 80-ге жуық волонтер тұрақты түрде қайырымдылық іс-шараларымен айналысады. Жастардың бастамасын оң бағалаған әкім олардың жұмысына сәттілік тіледі.
Жалпы Сайрам халқы тығыз қоныстанған, көпұлтты аудан. Ауданда «Парасат» пікірталас клубы жұмыс істейді. Клубтың негізгі мақсаты – қоғамдағы өзекті мәселелерді ашық айтып, пікірталас алаңында жан-жақты талқылау, шешу жолдарын қарастыру. Саяси партиялардың, үкіметтік емес ұйымдардың және мемлекеттік органдардың өкілдері арасында сындарлы диалогты қамтамасыз ету.
Қазіргі таңда «Парасат» пікірталас клубының құрамына сайрамдық ел ағалары, қоғам белсенділері, үкіметтік емес ұйымдардан, саяси партиялар мен БАҚ өкілдерінен, депутаттардан және жастар қауымынан 43 азамат енген. Сонымен қатар клуб отырыстарының күн тәртібіне сай жергілікті құқық қорғау органдарының басшылары да қатысып жүр.
Клубтың кезекті отырысы жақында Қарабұлақ ауылында ұйымдастырылды. Күн тәртібінде жастар тәрбиесіндегі олқылықтарды шешу жолдары және Қарабұлақ ауылдық округіндегі өзекті мәселелер талқыланды. Жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов арнайы қатысып, тақырыпқа қатысты ой-пікірін білдірді. Қоғамдық диалогты орнатуда осындай басқосулардың маңызды екеніне тоқталды. Сайрам ауданында бастау алған «Парасат» пікірталас клубының жұмысы үлгі ретінде алынып, кездесулер облыстағы барлық, аудан, қалаларда жалғасын табатындығын жеткізді.
Жиында Сайрам аудандық «Жастар ресурстық орталығының» басшысы Ж.Хамраев «Жастардың қоғамдағы рөлі, ұрпақтар сабақтастығы мен аға буын өкілдерінің ықпалы» тақырыбында баяндама жасап, жастарға елін сүю, адал қызмет ету жөнінде үндеу жасады. Сайрам ауданының әкімі Ұласбек Сәдібеков жастарды дені сау, бойы таза, рухы мықты, отаншыл етіп тәрбиелеуге әрбір азамат жауапты екенін айтты. Жиында көтерілген мәселелер назарға алынып, тиісті жұмыс атқарылатынын мәлімдеді.
Айта кетері, Сайрам ауданында жастарға арналған тәрбиелік маңызы бар-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Өткен аптада елімізге танымал айтыскер ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының кандидаты, Түркістан облысы, Бәйдібек ауданының құрметті азаматы Ақмарал Леубаева бастауымен «Анаға хат» жобасы өтті. Сайрам аудандық әкімдігінің хабарлауынша, бар уақытын ұялы телефонға телмірумен өткізетін жеткіншектерге ата-анасына хат жаздырып, ішкі жан дүниесін ақ қағаз бетіне түсіруді, баланың анасына деген айтып жеткізе алмайтын алғысын көрсету, баланың ата-ана алдындағы парызын терең сезіне білуі арқылы ұрпақ тәрбиесін ұлықтау, баланың анасына деген сағынышы мен сезімін сезіндіру, құрметтеуге үйретуді мақсат еткен жобаға 50-ге тарта оқушы өз шығармаларын тапсырды. Байқау қорытындысы жиналғандар арасында өзара қызығушылық туындатып, жас ұрпақтың рухани тұрғыдан тәрбиеленуіне үлкен үлес қосты. Байқау Қ.Жандарбеков атындағы мәдениет үйінде қорытындыланып, жеңімпаз атанғандарға арнай сый-сияпаттар табысталды.
NEET санатындағылар азайып келеді
Жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесі өткен аптада Түркістан қаласындағы Жастар ресурстық орталығында да талқыланды. Облыстағы аудан, қала Жастар ресурстық орталықтары басшылары мен мамандарына NEET санатындағы жастармен жұмыс жүргізудің жаңа алгоритімі түсіндірілді.
Алдымен NEET терминіне тоқталсақ. Бұл сөз ағылшын тіліндегі «Not in Empoloyment. Education or Training» ұғымының бас әріптерінен құралған. Ол «не жұмыс істемейтін, не оқымайтын, не өзге де істермен айналыспайтын адам» дегенді білдіреді. Бір сөзбен айтқанда өмірден өз орнын, өз жолын таппаған жастардың проблемасын сипаттайды.
NEET жастар –өткен ғасырда пайда болды. Бұл мәселе алғаш рет Еуропа елдерінде көтерілді. Бүгінде жастардың әлсіз әлеуметтік топтарының мәселесін талқылаумен Бүкілелемдік банк те айналысады.
Ресми мәліметтерге қарағанда, Қазақстанда бүгінде NEET санатында 237 мың жас бар. Яғни, олар не білім алмайды, не жұмыс та істемейді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр қыркүйек айында халыққа арнаған Жолдауында осы мәселеге арнайы тоқталып, қоғамның назар аударды. Сонымен бірге "Ұлттық рухани жаңғыру" жобасында осы санаттағы жастардың үлесін 5 пайызға дейін төмендету міндеті қойылды. NEET жастардың пайда болу себебін объективті, субъективті және жеке тұлғалық тұрғыдан қарастыруға болады. Ең басты әсер ететін фактор – өскен ортасы, отбасы, қоғам, достар, туысқандар. Сонымен қатар көп жағдайда ата-ана балаларын тым сезімталдықпен өсіреді. Баланың өз бетімен қимылдауына мүмкіндік бермейді. Тұрмыстық жағдай болса да бала оны өзі жасаса немесе ата-ана баламен бірге отырып орындаса, бала кез келген нәрсенің қадірін біліп өседі және жауапкершілік сезінгеннен кейін қоғамдық өмірге жеңіл жол түзей алады. Түркістанда өткен шараға облыстық қоғамдық даму басқармасының «Отбасы және жастармен жұмыс» бөлімінің басшысы Нүркен Бауыржанұлы мен Облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшысы Ерасыл Әшірбайұлы арнайы қатысып, жаңа жобаны жан-жақты талқылап, жүзеге асу механизіміне презентация жасады.Нәтижесінде, NEET санатындағы жастармен жұмыс жүргізудің тың әдіс-тәсілдері ойластырылып, аудан, қала басшылары мен мамандарының ұсыныс-пікірлері ескеріліп, жаңа жобаға қолдау білдірілді.Айта кетейік, Түркістан облысы бойынша NEET санатындағы жастардың көрсеткіші 2020 жыл қорытындысы бойынша 9,9 пайыз (46 105) болса, 2021 жылы 7,7 пайызды (36 429) құрады. Салыстырмалы түрде қарағанда NEET санатындағы жастардың үлесі Түркістан облысы бойынша 2 пайызға төмендеген.
Жастардың саяси белсенділігі маңызды
Өткен аптада Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Түркістан қаласына жұмыс сапарымен келіп, Жастар реурстық орталығында өңірдің белсенді жастарымен кездесті. Жиын барысында ол мемлекетті өркендетуде, саяси процестерді жүргізуде жастардың беленділігі маңызды екенін жеткізді.– Түркістан – ерекше өңір. Тарихи мәні зор аймақ. Бүгін өңірдің ел ағаларымен, белсенділерімен кездестім. Мақсатымыз – сайлау процесіне қатысты елдің ұсынысын, пікірлерін білу. Ащы пікірлер, түрлі ұсыныстар айтылды. Ал қазір жастармен, яғни, өздеріңізбен әдейі бөлек кездесуді жөн көрдім. Кейде жастар «сайлауға бармаймын» деп немқұрайдылық танытады. Дұрыс емес қадам. Керісінше сайлауға қатысып, өз ұстанымын білдіргендері жөн. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаулар ашық өтуі тиіс екенін айтып, нақты тапсырмалар жүктеді. Осы бағытта қоғам пікірін білу үшін еліміздің барлық өңірін аралап, жұртшылықпен еркін сұхбат құрып жүрмін. Әрбір сұрақ пен ұсыныс арнайы тіркеліп, тиісті сараптама жасалады, – деді төраға.Түркістан облысының жастары арнайы жүздесуге келген төрағаға ризашылықтарын білдіріп, байқаушылардың біліктілігін арттыру, құқығын қорғау, электронды дауыс беру жүйесін қолдану, сайланбалы органдарда зейнет жасындағыларға емес, орта буын мен жастарға көбірек мүмкіндік беру және өзге де мәселелерді қозғап, ұсыныстарын жеткізді.
Сондай-ақ, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Шахмардан Байманов облыстағы белсенді жастармен еркін форматта кездесу өткізді.Түркістан облыстық Жастар ресурстық орталығы ғимаратының коворкингінде өткен кездесуге журналисттер, блогерлер, белсенді жастар қатысып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.Жастар саясатындағы негізгі бағыттар бойынша: жастарды жұмыспен қамту, жас кәсіпкерлерді қолдау, ауқымды жобалар мен гранттардың санан арттыру, шағын және орта бизнеске айрықша көңіл бөлу, «Жастар ресурстық орталықтарының» жұмыс жүйесі мәселелері талқыланған жиында комитет төрағасы барлық ұсыныс-пікірлердің назарға алынып, қарқынды жұмыс жүргізетіндігін мәлімдеді.Кездесу қорытындысы бойынша, Jas Project, Тәуелсіздік ұрпақтары жобасы аясындағы гранттардың бастау алатындығын сөз етіп, жастарға ыңғайлы мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларды әзірлеу туралы шешім қабылдады.