Түркістанда балық аулауға тыйым салынды
Түркістан облысында көктем мезгілінде балық аулауға тыйым салынып, рейдтік тексерулер жүргізіледі.
Бұл шара жыл сайын 1-сәуірден 31-мамырға дейін жалғасады. Бұл туралы Түркістан облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Полицейлер осы іс-шара аясында заңсыз балық аулаушыларды ұстауда. Мәселен, браконьерлердің жолын кесу мақсатында – Келес аудандық Полиция басқармасының табиғатты қорғау тобының инспекторы полиция капитаны Жанболат Сапарбаев Сырдария өзенінде профилактикалық жұмыс жүргізген болатын. Тәртіп сақшысының жүйелі жұмысының нәтижесінде, түнгі сағат 04:00 шамасында резеңке қайықпен, электр тогын пайдаланып, заңсыз балық аулап келе жатқан 2 ер адам ұсталды. Браконьерлерден заттай дәлел ретінде 3 дана резеңке қайық, 2 дана ток күшейткіш құрылғы, балықтың бірнеше түрі алынды. Күдіктілер полицияға жеткізіліп, бүгінде сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Түркістан облысының полицейлері азаматтарды заңды бұзбауға және табиғатқа жанашырлықпен қарауға шақырады. Сондай-ақ тәртіп сақшылары браконьерлік немесе өзге де экологиялық құқық бұзушылықтар жағдайында әкімшілік қана емес, қылмыстық жауапкершілікке тартылатындығын ескертеді.