Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:23, 10 Сәуір 2022

Түркістанда кәнігі пәтер ұрысы ұсталды

None
None

Түркістан облысының полицейлері 50-ден астам пәтер ұрлығын жасаған күдіктіні ұстады.

Бұл туралы Түркістан облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

-Түркістан облысы Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері мен Қазығұрт ауданының полицейлері  50-ден астам  пәтер ұрлығына қатысы бар үй ұрысын ұстады. Анықтауымызша, күдікті жас жігіт үйлердің пластик терезесін бұзып ашып, бөлмелердегі ақша мен алтын бұйымдарды жымқырған және ұрланған бөтеннің мүлкін Шымкент қаласындағы ломбардтарға өткізіп отырған. Ал ақшасын өз қажеттілігіне жұмсаған"-деп мәлімдеді департамент бастығының орынбасары полиция подполковнигі Қ.Сахов.                                   

Нақтырақ айтсақ, Қазығұрт аудандық полициясының кезекші бөліміне жергілікті тұрғын арызданған. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, оның үйіне түнгі уақытта ұры түсіп, шкаф ішінде тұрған алтын бұйымдары мен 1 миллион теңгеден астам ақшасын жымқырған. Жалпы жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 3 миллион теңгеден асады. Аталған жайтты полиция қызметкерлері  "ұрлық" бабы бойынша тіркеп, пәтер тонаумен айналысқан белгісіз адамды іздеуге және ұстауға кіріскен. 

                                                                                      

-Осы қылмысты ашу мақсатында, Криминалдық полиция басқармасындағы тәжірибелі жедел уәкілдер мен қазығұрттық полицейлерден жедел-тергеу тобын құрдық. Пәтер ұрысын ұстау бағытында жан-жақты іздестіру шараларын іске асырдық. Қылмысты ашу бағытындағы арнайы іс-шаралар жүргізілді. Куәлардан жауап алынып, көрген-білгендерден сұрастыру жұмыстары атқарылды. Осылайша түркістандық тәртіп сақшыларының қырағылығы мен кәсіби шеберлігі нәтижесінде, күдіктінің жеке-басы анықталды. Ол бұдан алдын да пәтер ұрлығымен сотталған Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты. Яғни күдікті өзінің бұрынғы соттылығына қарамастан, қайта қылмысқа барған. Үйреніп қалған теріс әрекетін жалғастырған ұры, Түркістан облысының Қазығұрт, Келес, Сарыағаш, Ордабасы аудандарында соңғы үш жыл, яғни 2020, 2021, 2022 жылдар аралығында 50-ден астам үйге ұрлыққа түскенін мойындады. Оңай жолмен олжалы боламын деп ойлаған күдікті, аталған аудандарға түнгі уақытта барып, ешкім жоқ үйлерге терезесін бұзып ашу арқылы кіргені анықталып отыр. Содан тек алтын мен ақшаларды қолды етіп, оқиға орнынан бой тасалаған. Қазіргі уақытта аталған жайттар бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды. Айғақты зат ретінде ұрланған алтындардың бір бөлігі тәркіленіп, заңды иелеріне қайтарылды. Полиция күдіктінің басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығын және оның сыбайластарының бар-жоғын анықтайды-деп атап өтті Қ.Сахов.

 Түркістан облысының полицейлері азаматтарға сақ болуға және өз үйлері мен мүліктерін қараусыз қалдырмауға кеңес береді.

Тегтер: