Түркістанда мәслихат хатшыларының республикалық кеңесі өтті
Түркістан қаласында «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» республикалық қоғамдық бірлестігі орталық кеңесінің отырысы өтті.
Аталған жиынға Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, облыстардың және Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мәслихаттарының хатшылары, депутаттар, Түркістан облысы қалалары мен аудандары мәслихаттарының хатшылары қатысты.
«Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» республикалық қоғамдық бірлестігі және Түркістан облыстық мәслихаты ұйымдастырған жиында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру жолдары сөз болды. Жиынды «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Төлеубек Мұқашев жүргізіп отырды. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Мемлекет басшысы тарапынан өңірге жақсы көңіл бөлініп жатқанын, Түркістан – бірлік пен татулықтың орталығы ретінде дамитынын тілге тиек етті. Ел бірлігін нығайтуда Түркістан тәжірибесі жоғары бағаланғанын атап өтті. Жолдаудағы басым бағыттарға тоқталып, облыстың даму барысымен таныстырды.
– Үш жылдам астам уақыт ішінде Түркістан өңірі жақсы дамыды. Жалпы өңірлік өнім көлемі 2,5 есеге артты. Облыста мұнай өңдеу зауыты және өзге де ауқымды жобалар қолға алынып, құрылысы жүріп жатыр. Ауыл шаруашылығын әртараптандыру, жаңа технологияларды енгізу, жаңбырлатып, тамшылатып суғару арқылы өнім көлемі арта түсті. Жылына 40 мыңдай жұмыс орнын ашу межесі қойылып, бұл жүзеге асу үстінде. Тағы бір айта кетерлігі, құрылыс саласында бұрын-соңды болмаған көрсеткішке қол жеткізілді. Былтыр 700 мың шаршы метрден астам үй берілді. Бір Түркістан қаласының өзінде 15 мыңдай пәтер салынып, 100 мың тұрғынға сай пәтер мен инфрақұрылым жасақталып отыр. Түркістан қаласындағы үйлердің 90 пайызына газ берілді. Экология жақсарды. Су каналдары бетондалып, жаңа су қоймалар пайдалануға беріліп жатыр. Міне, осы жобалар арқылы Түркістанның экологиясы жақсарып, жасыл қалаға айналады деген сенім мол. Барлық саладағы жұмыстар жалғасын таба береді. Бұның бәрі – ел бірлігінің, атқарушы орган мен мәслихаттардың бірлескен жұмысының жемісі, – деген Өмірзақ Шөкеев мәслихат хатшыларымен пікір алмасып, Жолдаудағы бағыттарды саралады.
«Конгресс-холл» кешеніндегі жиында Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы Қайрат Балабиев, «Amanat» партиясы Түркістан облыстық филиалының атқарушы хатшысы Бейсен Тәжібаев және өңірлерден келген мәслихат хатшылары баяндама жасап, өз пікірлерін білдірді.
Еліміздің түкпір-түкпірінен келген мәслихат хатшылары мен депутаттары Түркістан қаласының сәулеті артып, жаңа қалаға айналғанына тоқталды. Түркістан өңіріндегі оң өзгерістерді жоғары бағалады.