Түркістанда «жұмысқа тұрғызып беретін» алаяқтар ұсталды
Түркістан облысында «мекемелерге жұмысқа тұрғызып беремін» деп бірнеше тұрғынды алдаған алаяқ ұсталды.
Бұл туралы Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. Түркістан қалалық Полиция басқармасына жергілікті екі тұрғын арызданып, алаяққа алданғанын хабарлаған. Жәбірленуші азаматтардың айтуынша, сырттай таныстары «Түркістан қаласының мекемелерінің біріне жұмысқа кіргізіп беремін» деп уәде беріп, ақысына бірінен 1 575 000 теңге, екіншісінен 200 000 теңге ақша алған. Арадан 1 жылға жуық уақыт өткенмен, жәбірленушілер жұмысқа орналаспайды, не берген ақшасын ала алмайды. Осылайша алаяққа алданғанын түсінген тұрғындар полицейлерден көмек сұрайды. Аталған жайтты тәртіп сақшылары Қылмыстық кодекстің «алаяқтық» бабы бойынша тіркеуге алды. Шұғыл-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде осы жайтқа қатысы бар күдікті тұрғылықты мекенжайынан ұсталды. Ол өз кінәсін мойындап, оған қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. Осыған ұқсас алаяқтық қылмысы бойынша полицияға тағы бір тұрғын шағым түсірді. Оның айтуынша да осындай сылтаумен алдаған күдікті ер адам одан 2 000 000 теңге ақша алған. Содан кейін ешқандай жұмысқа да кіргізбеген, ақшасын да қайтармаған, әрнәрсені сылтауратып алдап жүрген. Белгілі болғандай күдікті бұрын аталған мекемеде жұмыс істеп кеткен қызметкер болып шықты. Жәбірленушілерден алаяқтық жолмен алған ақшаларын ол өз қажеттілігіне жұмсап жіберген.