Түркістандағы қаржы пирамидасы

Түркістан облысында қаржы пирамидасына қатысты сот процесі басталды. Құзырлы органдардың таратқан статистикасының өзі біраз жайтты аңғартады.
Қылмыстық іс 1000 томға жуықтайды. Жәбірленушілердің саны 2000-нан асады. Оларға келтірілген материалдық шығынның жалпы көлемі 3 миллиард теңгеден көп. 25 сотталушы, бұған куәгерлерді қоссаңыз, бұл оңтүстік өңірінде бұрын-соңды болып көрмеген «теңдесі жоқ» сот болайын деп тұр. Сот отырысы басталмай жатып жәбірленуші тарап шу шығарды. Оның ақырының немен тынарын кім білсін.
Былтыр жазда Түркістан облысында полицияға жергілікті тұрғындардан «Индиго 24» – Evolution Corpоration компаниясының үстінен арыздар түскен. Қаржы пирамидасын ұйымдастырушыларға қатысты тергеу амалдары бір жарым жылға созылып, жуырда ол Жетісай аудандық сотына түскен болатын. Алайда сотталушы тараптың өтінімі бойынша қазан айында ол Түркістан қалалық сотына ауыстырылды. Мұнымен жәбірленуші тарап келіспей отыр.
Өткен аптаның жұмасында жәбірленушілердің бір тобы Шымкентте баспасөз мәслихатын өткізіп, өздерінің талаптарын қойды. Олардың айтуынша, іс бойынша жәбірленуші деп танылған азаматтардың 850-і Мақтаарал, 350-і Жетісай, 350-і Шардара аудандарында тұрады. Мақтаарал мен Түркістанның арасы 400 шақырымды құрайды. Сот процесіне жәбірленушілерді онлайн арқылы қатыстыру көзделгенімен, бұл іс жүзінде мүмкін емес. Ауылдық жерде интернет байланысы нашар. Осы себепті олар соттың Жетісай қаласында офлайн өтуін талап етуде. Бұған Түркістан облыстық соты басшыларының қаншалықты назар аударары белгісіз.
Жәбірленушілердің мүддесін қорғап жүрген кәсіби медиатор Гүлизат Шүкірқызының айтуынша, жауапкершілігі шектеулі серіктестік ретінде құрылған «Индиго 24» компаниясы Алматы қаласында тіркелген. Алғашқы кезде ақша аударымдарын жасайтын терминалдар қоюмен шұғылданған. Бұл қызметке Ұлттық банк тарапынан рұқсат берілген. Келісім бойынша алғашқыда салымшылар осы терминалдарды және Ташкентте өндірілген дәрумендік препараттарды алуы тиіс болған. Алайда терминалдар салымшылардың жиырмасына ғана жеткізілген. Ал дәрумендік препараттар Қазақстанда сертификатталмаған. Сонымен бірге компанияның жұмысында бірқатар қаржылық кемшіліктер болған. Бірақ бақылаушы органдар мұның бәріне көз жұмып келген. Компанияға Дәурен Қазыбекұлы деген азамат жетекшілік жасаған.
Ашық дереккөздерінен алынған мәліметтерге қарағанда, Дәурен Қазыбекұлы 2015 жылдан бастап ақпарат құралдарында ақша, төлем аударымдары және басқа да пайдалы қызметтері бар WhatsApp желісіне ұқсас мобильді қосымшаларды жасаумен айналысатын бизнесмен ретінде белгілі болған. Жәбірленушілердің айтуынша, оның жасаған дүниелері 2017 жылы елордада өткен ЭКСПО көрмесіне қазақстандық өнім ретінде қойылған көрінеді.
– 2018 жылы ол «Nur Otan» партиясынан алғыс хат алған, жас кәсіпкер ретінде президенттің алдында болған, – деді Г.Шүкірқызы. Осы мәліметке тереңірек тоқтала кетейік. Жәбірленушілердің бізге ұсынған құжаттарына қарағанда, 2018 жылы «Nur Otan» партиясының Алматы облыстық филиалы Дәурен Қазыбекұлына алғыс хат табыс еткен. Бір жапырақ қағазға бұл марапаттың партияның алға қойған бағдарламасын орындауда сіңірген еңбегі үшін берілгені жазылған. Сонымен қатар оның сол кездегі өте танымал министрмен (қазіргі уақытта басқа лауазымды қызмет атқарады) «Nur Otan» партиясының кеңсесінде қол ұстасып түскен суреттері әлеуметтік желіде жарияланған. Әрине, партия белсенділері, лауазымды шенеуніктер Дәурен Қазыбекұлының «табысты» бизнес-жобаларының ақыры осылай аяқталатынын білмеген шығар. Бірақ компанияның лидерлері билік партиясының беделін пайдаланып, осы алғыс хатты, фотоларды жарнамалық құрал ретінде шебер пайдаланған. Жұрт «Nur Otan-ның» өзі қолдап отырған компанияға ақшаны үйіп-төккен.
Компания салынған ақшаны бірнеше айдың ішінде екі есе етіп қайтаруға уәде еткен. Жәбірленушілердің бірінің айтуынша, осы бизнеске қызы екеуі 10 миллион теңге ақша салған. Компания өкілдері банктен несие шығарып берген. Алғашқыда несиені өздері жауып отырған. Кейін ай сайын 240 мың теңге несиені өзі төлеуге мәжбүр болған. Төлеуге шамасы жетпеген соң, пәтерін сатқан. Ал шымкенттік бір азаматша компанияға баспанаға жинап жүрген 6 миллион теңгесін берген. Оны «ақша 12 миллион теңге болып қайтарылады» деп сендірген. Нәтижесінде ақша да, баспана да жоқ. Құрғақ уәдеге алданғандардың алды 1,5 миллион, арты 26 миллионға дейін ақша салған.
Жоғарыда айтылғандай, компания лидерлері жоқ ақшаны банктен шығарған. Салымшыларды банкке апарып, өздері несие рәсімдеген. Жәбірленушілердің барлығы дерлік бюджеттен ақша алатын азаматтар. Мұғалімдер, дәрігерлер, зейнеткерлер, мүгедектер. Яғни тұрақты табысы барлар.
Жиынға қатысқан заңгер, «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігі Шымкент филиалының жетекшісі Айжан Тесебаеваның айтуынша, несие рәсімдеуде күдікті жайттар бар.
– Айына 50 мың теңге алатын еден жуушыға 2-3 миллион теңге несие шығарған. Қазір ол банкке айына 150 мың теңге, яғни жалақысынан үш есе көп ақша төлеуге мәжбүр. Банктер азаматтардың төлем қабілетін ескерместен несие берген. Кейбір несиелер тұрмыстық тауарларға рәсімделген. Бірақ ақша қолма-қол берілген. Яғни мұның бәрі де компания лидерлері мен банк менеджерлері арасында өзара сыбайластықтың болғанын байқатады. Біз қаржы нарығын реттеу агенттігі мен банктердің бас кеңселеріне осы несиелердің қалай берілгеніне қызметтік тексеру жүргізуді талап етіп отырмыз, – деді заңгер.
Жиында сөз алған мүгедектердің бірі айына мемлекет тарапынан 52 мың теңге жәрдемақы алатынын, ал төлейтін несиесінің 63 мың теңге екенін айтып отыр. Ең сорақысы, кейбір несиелер өте жоғары пайыздық өсіммен алынған. Яғни ертең салынған ақшаны сот арқылы өндіріп алған күннің өзінде, пайыздық өсімдер жәбірленушілердің мойындарында қалады деген сөз. Мұның бәрі де отбасылық кикілжіңге, психикалық күйзеліске апарып соққаны айтпаса да түсінікті. Талай отбасының ойраны шыққанын былай қойғанда, бірнеше жәбірленушінің суицид жасап, өмірімен қош айтысқаны да жиын барысында айтылды. Ал компания лидерлері өздерінің қызметтері үшін миллиондаған сыйақылар алған, Мальдивы аралында демалған, қымбат көліктер мініп, бриллианттар таққан. Мұндай көл-көсір дүниені, шалқыған өмірді көрген халық қаржы пирамидасының көрігін қыздыра түскен.
Қазіргі уақытта бұл іс бойынша Түркістан қалалық сотында алдын ала тыңдау өтіп жатыр. Сот процесі ұзаққа созылуы мүмкін.