Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:49, 14 Қаңтар 2022

Түркістанды ағын сумен қамтуда маңызды жобалар жүзеге асуда

None
None

Түркістан облысын ағын сумен қамту бағытында ауқымды жұмыстар жүріп жатыр. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің бастамасымен білікті ғалымдар мен мамандар арқылы зерттеу жүргізіліп, Түркістан қаласы маңында бірнеше су жобалары іске асырылуда.

Бүгін өңір басшысы аталған су нысандарының бірнешеуіне барып, жай-күйімен танысты. Жобалардың маңызы өте зор. Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспары аясында маңызды су нысандарының құрылыс-жөндеу жұмыстары аяқталған соң Түркістан қаласына 250 млн. текше метр ағын су келіп, бұл мәселе толық шешіледі. Оның біріншісі  – «Түркістан» магистралды каналын жөндеу жұмыстары жалғасуда.  145 шақырымдық каналдың фильтрациялық шығыны көп 60 шақырымын бетондау жұмысы жоспарланып, 50 шақырымы бетондалып үлгерді.

Қалған 10 шақырымы наурыз айында аяқталады. Осы арқылы 60 млн. текше метр су жиналып, аймақты көгалдандыруға қолданылмақ. Сонымен бірге ағын суды пайдалану автоматтандырылып, суды үнемдеуге мән беріледі. Өңірде қолға алынған екінші жоба – «Кеңсай-Қосқорған» су қоймасы. Оның сыйымдылығы 18 млн. текше метрден асады.  Бұрын жаңбыр мен қар суы далаға кететін, енді сол су көзі жиналып, Түркістан қаласы маңындағы азық-түлік белдеуі мен жасыл алқапқа жіберілмек. Саябақтар да сумен қамтылады. 

Облыста «Жетікөл» көлдер жүйесі де жаңғыртылып жатыр. Жұмыстар нәтижесінде көлдің суы қоры ұлғайып, экологиясы жақсарды. Отырар ауданы мен Арыс қаласының экожүйесі жақсара түседі. Бұл – Өзіндік ерекшелігі бар жоба. Өйткені, жыл сайын көлдің жағасы тарылып, экологиялық қауіп туып еді. Былтыр қалпына келтіріп, 34 шақырым ұзындыққа бөгет жасалынып, 261 млн. текше метр су көлге тасталынған.

Түркістанда «Түркістан» туристік-рекреациялық орталығы жасанды көлінің де құрылысы жүріп жатыр. Мұнда жер жұмыстары 100% аяқталған. Су келетін, су жіберетін  каналдары дайын.  №1, №2, №3 дамбалары тұрғызылған. Бүгінгі таңда №1-3 су келетін каналдардың жер жұмыстары  аяқталып, бетон құю жұмыстары жүргізілуде.

 Өмірзақ Шөкеев суармалы жер көлемін арттыру, суды үнемдеу және аймақты жасыл алқапқа айналдыру бағытындағы ізденістер мен жұмыстар жалғасатынын айтып, мердігерлерге өз жобаларын сапалы әрі уақтылы аяқтауды тапсырды. Осы жобалар арқылы ауыл шаруашылығы мен туризм дамиды және Түркістан жасыл қалаға айналып, экологиясы жақсарады. 

Тегтер: