Түркістанға – 3000 жыл
Археологтар осындай сенсациялық мәліметті жария етті
Түркі әлемінің рухани астанасы ретінде мойындалған Түркістан қаласының жасын ғалымдар бұған дейін 1500 жыл деп келген болатын. Осы тұжырымға сәйкес, 2000 жылы Түркістанның 1500 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО шеңберінде атап өтілгені белгілі. Алайда сол жылдары түркістандық археологтар қаланың көне орны болып табылатын Күлтөбедегі зерттеу жұмыстарынан кейін шаһардың кемінде осыдан 2000 жыл бұрын пайда болғанын анықтады. Енді, міне, жуырда Археология институтының директоры, белгілі археолог-ғалым Бауыржан Байтанаев Түркістанға кемінде 3000 жыл болғанын жария етті.
Алғаш рет мұндай сенсациялық мәлімдемені Б.Байтанаев осыдан бір ай бұрын Түркістанда шетел журналистерінің қатысуымен өткен медиафорумда жасады. Жуырда Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде өткен «Түркістанға – 3000 жыл» атты дөңгелек үстелде ғалым өзінің осы тұжырымына тағы бір тоқталып өтті. Айта кетері, жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов, аталған университеттің ректоры Жанар Темірбекова, Әзірбайжандағы Шығыстану институты директорының орынбасары Шайм Мұстафаев, АҚШ-тағы Вашингтон университетінің ғалымы Майкл Фрачетти, Татарстан Республикасы Ғылым академиясы Археология институтының директоры Айрат Сидиков, Герман археологиялық институтының жетекшісі Виктор Зайберт, белгілі тарихшы, археолог Қожа Мұхтар және басқа да ғалымдар қатысты.
Бауыржан Байтанаевтың айтуынша, Түркістан – Орталық Азиядағы өте көне қалалардың бірі. Қаланың тарихын ғалымдар бүгінде төрт кезеңге: ескі қола дәуірі, ескі қаңлы дәуірі, қарахандар дәуірі және моңғол-тимуридтер дәуірі деп бөліп отыр. Түркістан төңірегіндегі ескі қорымдардан 3000 жылдық тарихы бар жәдігерлер табылған. Әзірге қоныс-тұрақтар кездеспеді. Бірақ Байтанаев оның алдағы уақытта табылатынына сенімді екенін білдірді.
Тарихшылардың пікірінше, Түркістан қаласының ескі атауы Ясы, сонымен бірге деректерде Шауғар деген қала атауы да кездеседі. Байтанаев осы жиында «Шауғар қаласының орны Қарашықта жатыр» деп жазған Мұхтар Қожа пікірінің дұрыстығын атап өтті. Оның айтуынша, Шауғар топонимі соғды тілінен шыққан. Ол «Қаратау» деген мағынаны береді. Ал «Ясы» тегіс дала дегенді білдіреді. Түркістандағы урбанизацияның екінші кезеңі – ескі қаңлы дәуірінде Сырдың орта ағысынан тайпалардың осында көшіп келуімен байланысты. Түркістанның көне орны Күлтөбеден осы кезеңге тән крест тәріздес нысандар табылған. Мұндай нысандар Орталық Азияның басқа да қалаларында, Ташкент, Ферғана, Бұхара аймақтарында да кездеседі. Археолог Ерболат Смағұловтың жетекшілігімен жүргізілген қазба жұмыстары кезінде Түркістаннан көне түркі жазуы бар, ІХ ғасырға тән қыш ыдыс та шыққан. Бұл Түркістан аймағында ІХ-Х ғасырларда көне түркі жазуының қолданыста болғанын байқатады. Осы дәлелдердің бәрі Түркістанның түркі халықтары үшін қасиетті болғанын айғақтайды.
– Түркістан – ежелгі және ұлы қала, сондықтан ол қасиетті өлке. Бұл ерекше қаланың тарихы өте ежелде, көптеген ғасырлар бұрын басталған. 1990-2000 жылдары біз Түркістанның 1500 жылдығын атап өттік. Бірақ содан бері көп уақыт өтті. Біз бұл датаны атап өткен кездегі мәліметтер кеңестік және кеңес дәуірі болған, содан кейін Қазақстан тәуелсіздігінің барлық жылдарында жүргізілген іргелі зерттеулер болған жоқ. Түркістан аумағындағы археологиялық кешендерді зерттей отырып, біз екі ежелгі қорымдарды ашамыз. Мұнда табылған жерлемелер мен атрибуттар біздің дәуірімізге дейінгі XV ғасырға жататыны сөзсіз. Бұл жәдігерлер мұнда өмір сүрген тайпалар мәйіттерді осында жерлегенін және осы қаланың аумағында өмір сүргенін көрсетеді, – деді Бауыржан Байтанаев.
Жиыннан кейін ғалымдар Түркістан қаласы аумағында табылған тарихи жәдігерлердің қола дәуіріне жататынын растайтын тұжырымдамаға қол қойды. Бұл тұжырымдама ЮНЕСКО-ның Парижде орналасқан бас кеңсесіне жіберіледі. Түркістан қаласы әкімдігінің хабарлауынша, қазіргі уақытта Түркістан қаласының тарихы осыдан 3000 жыл бұрын басталғаны туралы декларацияға құжаттар әзірленуде. ЮНЕСКО комитеті мүшелері тарапынан құжаттар мақұлданған бойда, індет аяқталса, Түркістанның 3000 жылдығы аталып өтеді деп жоспарлануда.
Түркістанда көне тарихтан сыр шертетін нысандардың саны күн санап көбейіп келеді. Солардың бірі – «Farab» кітапханасы. Көпфункционалды білім кешені болып жасақталған, елімізде теңдесі жоқ жаңа білім алу мекені заманауи технологиялармен жабдықталған жастар орталығына айналуда. Орталық шығармашылық пен шабытты ұштастырып, бірегей жобаларды жүзеге асыратын кешен ретінде барша кітапқұмар қауымның сүйікті мекеніне айналмақ. Ол үшін барлық жағдай жасалған.
Түркістан облысы әкімдігінің хабарлауынша, кітапханада ескі құжаттар мен кітаптарды қайта қалпына келтіруге арналған Орталық Азиядағы жалғыз цех ашылған. 3D моделін жасауға арналған проекциялық бөлме, каллиграфия және өнер студиясы, қыш құмыра жасауға арналған шеберхана бар. Орталықта кітапқұмар қауым бір-бірімен кездесіп, бас қоса алады. Жаңа туындылардың тұсауын кесуге арналған үлкен зал жабдықталған. Кітапханада ғылыми-зерттеу орталығы, яғни негізгі кітап сақтау қоймасы орналасқан. Бұл жерде өте сирек кездесетін кітаптар мен манускриптер сақтаулы. Үшқабатты шығармашылық шаңырақ әртүрлі аймақтарға бөлінген. Оқу залдары мен кітап сөрелері іріктеліп орнатылған. Ең жоғарғы әрі жарық қабатында үлкен кітапхана жайғасқан. Онда Қазақ елінің атақты қайраткерлері мен қаламгерлерінің және әлемнің үздік ақын-жазушыларының әр жылдары жазылған туындылары, естеліктері мен күнделіктері жиналуда.
– Ғылыми-зерттеу тұрғысынан кітапхананың мақсаты – барлық құжаттарды, куәліктерді және басқа да маңызды материалдарды бір жерге жинау. Осыған дейін мұның бәрі әр жерде сақталып келген. Мысалы, 1872 жылы Түркістан туралы үлкен альбом шетел асып кеткен. Онда жергілікті шейхтер мен билеушілерден көптеген заңды құжаттар жинағы болатын. Қазір мұның бәрі Санкт-Петербургтегі шығыстану мұражайында сақтаулы. Құжаттардың үлкен көлемі Ташкентке археология орталығына жеткізілген. Олардың көпшілігі жеке тұлғалардың қолында. Жаңа кітапхананың міндеті – бұл құжаттарды бір жерге жинап, оқырмандар мен ғалымдарға қолжетімді ету. Ол үшін барлық ақпарат сандық форматқа ауыстырылады, – дейді кітапхана жобасын тұжырымдамалық әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі Айко Төкен.