Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:50, 07 Сәуір 2023

Түркістанға ерекше мәртебе беру

None
None

Тоқаевтың бастамасы қалай жүзеге асады?

2018 жылы облыс орталығы, ал 2021 жылы Түркі әлемінің рухани астанасы атанған Түркістан қаласына тағы да ерекше мәртебе беріледі. Мұны былтыр қыркүйекте киелі қалаға жасағансапарында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан болатын.

Түркістан – бәріміздің мақтанышымыз, екі дүние есігі, ер түріктің бесігі атанған бүкіл әлемге танымал қасиетті жер. Осы киелі шаһардың төл тарихымызда айрықша орны бар. Түркістан төріндегі Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – руханиятымыздың мызғымас діңгегі. Сондықтан Түркістанға, жалпы, осы облысқа ерекше мән беруіміз керек. Бұл, ең алдымен, үкіметіміздің басты міндеті. Біз киелі шаһарды рухани және тарихи елордамыз десек, дұрыс пайым болатынына күмәнім жоқ. Сондықтан үкімет таяу арада Түркістан қаласына осындай мәртебе беру мәселесіне қатысты лайықты шешім қабылдайды деп ойлаймын, деген болатын президент.

Мемлекет басшысының бастамасына байланысты атқарылып жатқан жұмыстар осы аптада Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжілісте талқыланды.

– Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру туралы заң жобасына нақты ұсыныстар енгізілуі керек. Бұл ретте Түркістанның тарихи ерекшелігі, идеологиялық бағыттары көрсетілгені жөн. Қожа Ахмет Ясауи кесенесін қорғау, индустриалды және еркін экономикалық аймақтарды дамыту мәселесі де назардан түспеуі тиіс. Түркістан туристік орталық ретінде өз ерекшелігімен даралануы қажет. Жан-жақты пысықтап, ұсыныс беріңіздер, – деді жиында Дархан Сатыбалды.

Түркістан облысы әкімі аппараты Түркістанға ерекше мәртебе беру жөніндегі заң жобасына бірқатар ұсыныс енгізіп отыр. Заң жобасына қатысты ұсыныстарға Түркістанның тарихи келбетін, ескерткіштерін сақтау, халықаралық туризм орталығы ретінде дамыту тармақтары енгізілген. Сондай-ақ қазақ халқы мен түркі елдерінің мәдени-тарихи құндылықтарына басымдық беру, мәдени-туристік жобаларды жүзеге асыру да көзделген. Сәулет және қала құрылысы, транспорт және жолдар, туризмді дамыту, абаттандыру мәселелері де қаралған.

Жиында құжат жобасы таныстырылып, ұсыныс-пікірлер айтылды. Мәдениет, жол саласы, сәулет және өзге де салаларға қатысты басқарма басшыларының да пікірлері тыңдалды. Бұл бағыттағы талқылаулар мен жұмыстар жалғасады, деп хабарлады Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Бұған дейін Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен Түркістан қаласына ерекше мәртебе беруге қатысты зерделеу жұмыстарын жүргізу жөніндегі жұмысшы тобы құрылған болатын. Оған облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев жетекшілік етеді.

Мемлекеттік орган өкілдері жұмысты үйлестіргенімен, біз бұл аса маңызды бастаманы жүзеге асырарда әрбір ұсынысты назарда ұстауымыз керек. Өйткені әр саланың өз мамандары, зерттеушілері бар. Түркістанға ерекше мәртебе беру бастамасы – тарихи шаһар үшін өте маңызды. Ал ол қалай жүзеге асуы керек? Мән-мағынасы, негізгі идеологиялық және экономикалық бағыттары қандай болады? Бұл әбден екшеліп, арнайы құжаттар арқылы ресімделуі тиіс. Ал ол үшін тарихшылар, археологтар, руханият саласының өкілдері, туризм саласының білгірлері, заңгерлер, ясауитанушылар, сәулетші-архитекторлар мен жалпы Түркістан жанашырларының, ғалымдар мен зерттеушілердің пікірі өте маңызды, деген болатын жұмысшы топтың бұған дейінгі отырысында Бейсен Тәжібаев.

Президенттің сондай-ақ Ұлттық құрылтайдың келесі отырысын Түркістанда өткізуді ұсынғаны белгілі.

Тегтер: