Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:07, 29 Желтоқсан 2021

Түркістанға миллиардтар «жауған» жыл

None
None

Түркістан мен Шымкент үш жарым жыл бұрын бір-бірінен ірге ажыратқанымен, әлі күнге еншісі бөлінбегендей күн кешіп келеді.

Қос өңірде биыл көп жаңалық болды. Өмірдің ағы мен қарасы сияқты оның жақсысы да, жаманы да бар.  Әйтеуір, қарама-қайшылығы мол, қым-қуыт тіршілік, бірде ащы, бірде тәтті ғұмыр-өзен.

 Сиыр жылы Шымкент шенеуніктерге қатысты қылмыстық істермен, соттармен есте қалды. Оның ішінде қазынаның бақандай жарты миллиард теңгесін жеп қойған атқамінерлер де кездесті. Бірі қазынаға жүз миллиондап шығын келтірген, бірі пара алған, бірі алаяқтық жасаған… Биыл қала әкімі Мұрат Әйтенов ауқымды жобаларды қолға алды. Инфрақұрылымды дамыту, құрылыс саласында айтарлықтай өзгерістер бар. Бірақ оңтүстікте биыл өзгерістің көбі Түркістанда жасалды. Әсіресе қазір Түркістанның туризмі күйіп тұрған  тақырып. 

Түркістан наурызда Түркі кеңесіне мүше мемлекеттер басшыларының онлайн саммитінде түркі әлемінің рухани астанасы мәртебесін ресми түрде иеленді. Мамырда киелі қалаға арнайы келген Нұрсұлтан Назарбаев Шөкеевтің жұмысын өте жоғары бағалады. 

Биыл Түркістанға қаржы миллиардтап «жауды». Бір ғана «Керуен сарайға» жұмсалған қаражат көлемі 87 миллиард теңгені құрайды. Тарқатыңқырап айтар болсақ,  мұның ішінде нысанның иесі – түркиялық Turkistan Silk Way Harbor серіктестігінің жеке үлесі 47 миллиард теңге (жобаның жалпы құнының 54 пайызы), ал қалған 40 миллиард теңгесі Қазақстанның Даму банкі арқылы берілген. «Қазақстандық Венеция» атанып жүрген кешен, мамандардың айтуынша, елімізде туристік нысандардың үздік ондығына кірген. Ал осыншама қаражаттың қайтарымы бола ма? «Жоқ» десеңіз, жекелеген компания пайда түспесе, мұншама ақшаны бостан-босқа шығындамайтыны айдан анық. «Бар» десеңіз, Түркістандағы қазіргі туризмнің қарқыны соншалықты мәз емес сияқты.  

 Ресми статистикаға сенсек солай. Естеріңізде болса, қарашада ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенген ақпарат құралдары биылғы алты ай ішінде Түркістанға бар-жоғы 870 шетелдік турист келгенін, Түркістандағы туризмнің әзірге нәтиже бермей тұрғанын жариялаған болатын. Рухани астанаға салынып жатқан миллиардтардың жемісі қайда? Бұл сауалға жуырда елордада өткен брифингте Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің өзі жауап берді.

– Олар туристердің санын дұрыс есептемеген. Қонақүйлердегі нөмірлердің қаншасының жалданғаны алынған. Бұл дұрыс емес. Алматының қонақүйлерінде 12 мың нөмір болса, Түркістанда 1000 ғана. Бізге келетін туристер, негізінен, зияратшылар. Олар тек бір күнге келеді. Оның үстіне пандемия кезінде шектеулер болды, шекара жабылды. Сондықтан қазір қандай да бір қорытынды жасауға болмайды, – деп жауап берген Шөкеев Түркістанда бесжұлдызды бес қонақүй салынғанын, Әзірет Сұлтан кесенесіне биыл 1,5 миллион зияратшының келгенін алға тартқан еді.

 Алайда тоғыз айдың қорытындысы бойынша да Түркістандағы сыртқы туризмнің жағдайы оңалып кетпеген. Жоғарыда аталған бюроның таратқан ресми мәліметіне тоқталсақ, сыртқы туризм бойынша Түркістан облысы тоғыз айдың қорытындысы бойынша 17 өңірдің ішінде 14-орын алды.

Бірінші орынды 95 704 шетелдік туристі қабылдаған Алматы қаласы иеленді. Екінші орында Нұр-Сұлтан (51 416),  үшінші орында Шымкент қаласы (9862) тұр. Бұдан кейін көшті  Қостанай (9805), Маңғыстау (8975), Қарағанды облыстары (6455) бастады. Тізімде соңынан санағанда төртінші болып тұрған Түркістан облысына бұл кезеңде 1151 шетелдік турист келген екен. Түркістан облысы ішкі туризм бойынша тоғыз айдың қорытындысына сәйкес, 9-орыннан көтеріле алмаған. Облысқа 151 720 турист келген. Ал Шөкеев «Әзірет Сұлтан кесенесіне 1,5 миллион адам келді» дегенді алға тартады. Қайсысына сенесіз? Әлде турист пен зияратшының аражігін ажыратып алатын кез жетті ме? Ұлттық статистика бюросы мен Түркістан облыстық әкімдігі осы мәселе төңірегінде бір мәмілеге келуі тиіс емес пе?!

 Рухани астананың тартымдылығы туралы әңгіме айтқанда бірінші кезекте тарихи туризмнің еске түсетіні бекер емес. Бұл жұмыстардың бүгінгі беталысы қалай? Біз осы жөнінде белгілі археолог-тарихшы, ғалым Мұхтар Қожаның пікірін білген едік.

– Түркістанда соңғы жылдары атқарылған құрылыс жұмыстары өте көп өзгерістер алып келді. Қаланың инфрақұрылымын дамыту, тұрғын үй, басқа да әлеуметтік, мәдени нысандары керемет. Ойын-сауық, сауда-саттық сияқты орталықтар да салынып жатыр. Ал енді туристер тартуға келгенде бізге тың идеялар жетіспей жатқан сияқты. Шетелдіктерге еуростильде әрленген ғимараттардың түк те қызығы жоқ. Олар көненің көзін, түпнұсқа дүниелерді іздейді. Жуырда бізде шетелден келген археолог ғалым жұмыс істеп кетті. Ол «Ұлы дала елі» деп аталатын орталыққа барғанын, бірақ ол жерде ешқандай түпнұсқа зат көрмегенін айтып таңғалды, – деді ғалым.

М.Қожаның айтуынша, Түркістанның тарихи орны – Күлтөбедегі жұмыстар да өз деңгейінде жүргізілген жоқ. Он шақты жыл бұрын археологтар қаланың орталығынан керемет көне ғимарат тапқан. Алайда сол нысандар лайықты деңгейде көрсетілмейді.

– Кейде тым артық кететініміз рас. Ақшаны пайдасыз нәрселерге шашуға құмармыз. Барымызды бағаламаймыз, соны лайықты дәрежеде көрсете алмаймыз. Мен Түркиядағы Айя София мұражайында болдым. Ғимаратты толық аралап шықтық. Ал бізде Әзірет Сұлтан кесенесіне келген туристерді екінші қабатына шығармайды. Сол баяғы кеңес заманынан бері қатып қалған тәртіпті бұзғылары келмейді. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі Орталық Азиядағы ең үлкен тарихи сәулет ескерткіші саналады. Оның үстіне кесенедегі жәдігерлердің көпшілігі сақталып қалған. Десек те, біраз дүниелерді орталықтағы мұражайларға алып кеткен. Уақтысында осында Орталық Азия елдеріндегі ең көне Құран кітап болған. Қазір ол Ұлттық кітапханада сақтаулы. Оны неге өзінің тарихи орнына әкеліп қоймасқа? Кесененің бір шырағданы қазір Парижде тұр, – деді ғалым.     

М.Қожа Отырар, Сауран сияқты тарихи орындардағы қалпына келтіру жұмыстарына да көңілі толмайтынын білдірді.

– Тарихи орындардың үстіне шлакоблоктан құрылыс салып, сыртын лаймен сылап тастағаннан ешқандай пайда жоқ. Тарихи нысандардың қасынан заманауи үлгідегі сәулет ғимараттарын салуды доғару керек. Бұл тарихи орынның құндылығына кері әсер етеді. Келген туристердің бәрі әулие немесе мазар араламайды. Туристік маршруттарды дұрыс ұйымдастыра білу керек. Мәселен, маған жақында шетелдік туристік компанияның өкілдері хабарласып, Бәйдібек ауданындағы Ақмешіт үңгіріне баратын саяхатшыларға жолбасшы болатын адам керегін айтты. Шетелдіктер үңгірді ғаламтордан көріп, арнайы іздеп келіпті. Үкаша ата әулиенің төңірегінде мыңжылдық тұт ағашы бар. Мен бұл туралы республикалық басылымдарға да мақала жаздым. Ол туралы 1866 жылы орыстың генералы жазып кеткен. Аңыздарға қарағанда, осы тұт ағашына Қожа Ахмет Ясауи зиярат етіп келген кезде атын байлаған дейді. Осындай бір нысан үшін келетін туристер бар, тек оның құндылығын түсіндіру, келген туристерге дұрыс анықтама беру жағы жетіспейді, – дейді М.Қожа.

Түркістанға «жауып» жатқан миллиардтар туралы тағы бір мысал –  жоғарыда шетелдік ғалым «түпнұсқа ештеңе тапқаным жоқ» деген «Ұлы дала елі» орталығы Атырау облысының жасаған сыйы. Ғимараттың құрылысы  2020 жылдың қазан айында аяқталған. Орталық биыл наурыздан бастап жұмыс істей бастады. Жалпы ауданы 6128,7 шаршы метрді қамтиды. Бас мердігер – BI Construction Turkestan, жобаны жасаушы – «NS Group» ЖШС. «Ақжайық» басылымының жазуынша, ғимаратты салуға жалпы көлемі 9 миллиард 119 миллион теңге қаржы жұмсалған. Оның 4 миллиард 200 миллион теңгесін «Теңізшевройл» ЖШС демеуқаржы ретінде бөлген. Орталық елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласын көрнекті түрде ұсынуға және «Ұлы дала елі» ұлттық брендін танымал етуге бағытталған. Ғимарат тоғыз экспозициялық аймақтан тұрады. Оның ішінде «Ұлы дала металлургиясы», «Қазақстан – түркі әлемінің қарашаңырағы», «Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы», «Болашақ Қазақстан» сияқты залдар бар. Бұл нысанның туристерді қаншалықты тарта алатынын уақытында көре жатармыз.

Түркістанның бірінші кезеңіне миллиардтар жұмсалса, екінші кезеңіне алдын ала болжам бойынша триллиондар қарастырылмақ. Рас, Түркістан облыстық әкімдігінің мәліметіне қарағанда, қаржының басым бөлігі инвесторлардың есебінен тартылатынға ұқсайды. Яғни келер жылы да Түркістанда жұртшылықты таңдандыратын құрылыс қарқыны бәсеңдемейді деген сөз. Ең бастысы, жаңа жылда еліміз аман, қазынаның ақшасы ағыл-тегіл, бюджетіміздің бүйірі тоқ болсын деп тілейік.

Тегтер: