Түркістанға тарихи елорда мәртебесі беріледі
Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне Қазақстаннан енген алғашқы нысан.
Соңғы 25 жылдың көлемінде тарихи нысанда бірнеше мәрте қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Рас, оның сапасы туралы ғалымдардың, сарапшылардың пікірі әртүрлі. Былтыр ақпарат құралдарында кесене қабырғаларының ылғалданғаны туралы фотолар жарияланды. Кейбір тарихшылар мұны ғимарат айналасында жүргізілген көгалдандыру, көріктендіру жұмыстарымен байланыстырды. Алайда бұған қарсы пікір айтушылар да бар. Қазіргі уақытта кесененің жағдайы президенттің бақылауына алынған. Президент тиісті тапсырмалар берді.
Осындай тапсырмаларға сәйкес жуырда Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссия шеңберінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесін сақтау және оның техникалық ахуалы жөнінде кеңес өткізді.
Ақорданың ресми сайтында жарияланған мәліметтерге қарағанда, жиын барысында Ерлан Қарин мемлекеттік органдар және сарапшылар қауымдастығының өкілдерімен бірге кесененің бүгінгі жай-күйімен танысып шықты.
Түркістан облысы әкімдігінің, Мәдениет және спорт министрлігінің, ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссияның өкілдері, археология және тарихи-мәдени мұраға жататын ескерткіштері сақтау бағытындағы мамандар қатысқан кеңесте кесенені сақтау және дамыту бойынша кешенді жоспарының орындалуы, 2023 жылға жоспарланған жұмыстардың жобасы, ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұра комитетінің 45-сессиясына дайындық мәселелері қаралды.
Мемлекеттік кеңесші ескерткішті дұрыс сақтау басты міндет екенін атап өтті. Осыған орай, мемлекеттік органдарға сарапшылар қауымдастығымен тығыз әрекет ете отырып, кесененің жағдайын үнемі бақылауда ұстау тапсырылды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы Түркістан қаласына ерекше мәртебе беруді тапсырды. Осыған байланысты бірқатар жұмыстар атқарылуда. Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбековтің айтуынша, бұл жөнінде тиісті құжаттар әзірленген.
– ҚР президенті былтыр Түркістан облысы тұрғындарымен кездесуінде Түркістан қаласына рухани және тарихи елорда мәртебесін беру мәселесін көтерген болатын. Президент: «Түркістан – бәріміздің мақтанышымыз, екі дүние есігі, ер түріктің бесігі атанған бүкіл әлемге танымал қасиетті жер. Осы киелі шаһардың төл тарихымызда айрықша орны бар. Түркістан төріндегі Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – руханиятымыздың мызғымас діңгегі. Сондықтан Түркістанға, жалпы, осы облысқа ерекше мән беруіміз керек» деген еді. Осыған орай, Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру туралы заңның жобасы әзірленді», – деді Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қала әкімі.
Түркістан ерекше мәртебе алған соң қала әкімдігі мен мәслихатына қосымша құзыреттер беріледі. Бұл тұрғындардың күрделі мәселелерін тез арада шешуге мүмкіндік береді. Шаһардағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, көлік және автомобиль жолдары, сәулет, қала құрылысы, сауда және қызмет көрсету мәселелері қала деңгейінде дербес шешіледі.
Таяуда президент бастамасына байланысты атқарылып жатқан жұмыстар Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжілісте талқыланған болатын. Бұл орайда, Түркістан облысы әкімі аппараты Түркістанға ерекше мәртебе беру жөніндегі заң жобасына бірқатар ұсыныстар берді. Атап айтқанда Түркістанның тарихи келбетін, ескерткіштерін сақтау, халықаралық туризм орталығы ретінде дамыту тармақтары енгізілген. Қазақ халқы мен Түркі елдерінің мәдени-тарихи құндылықтарына басымдық беру, мәдени-туристік жобаларды жүзеге асыру да көзделген. Сондай-ақ сәулет және қала құрылысы, транспорт және жолдар, туризмді дамыту, абаттандыру мәселелері де қаралған. Бұл бағыттағы талқылаулар мен жұмыстар жалғасады.
– Биыл киелі шаһарымызға облыс орталығы мәртебесі берілгеніне 5 жыл толып отыр. Бұл уақыт аралығында Түркістан құрылыс алаңына айналып, көз алдымызда түрленгеніне осындағы баршаңыз куәсіздер. Рухани астанамызда туризм әлеуетін арттыру бағытында тиянақты тірліктер атқарылды. Мемлекеттік қолдау нәтижесінде жұмыстар әлі де жалғасып келеді. Осы өзгерістердің бел ортасында жүрген түркістандықтар үшін де мол мүмкіндіктер ашылды. Қала дамуы жаңа екпін алды. Президенттің бастамасымен Түркістан ендігі кезекте рухани астана мәртебесінде өз дамуын жалғастырады. Біз сіздермен бірге осы жарқын күндердің куәсі боламыз деп сенемін, – деді брифингте Нұрбол Тұрашбеков.
Облыс орталығына айналған Түркістанға тартылған инвестицияның көлемі еселеп артқан. Бес жылда оның көлемі – 8,5 есеге өсіп, былтыр 304 млрд теңгені құрады. Биыл қала экономикасына 350 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр.
Соңғы жылдары Түркістан қаласының шекарасы 19,6 мың гектардан 22,4 мың гектарға ұлғайған. Қала тұрғындарының саны 165,4 мыңнан 220 мыңға көбейген.