Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:30, 28 Наурыз 2022

Түркістанның айналасы жасыл желекке айналады

None
None

Түркі әлемінің рухани астанасы әрі облыс орталығы мәртебесін алған Түркістанды көгалдандыру, жасыл желекке айналдыру жұмыстары қызу жүріп жатыр.

Үш жарым жылдан астам уақыттың ішінде қала аумағында көптеген көшеттер отырғызылды. Шаһардағы жасыл желекті тұрақты суару үшін қосымша ағын сумен қамтамасыз ету жобалары жүзеге асып жатыр. Келешекте Түркістанның айналасы ну орманға айналады.

Әрине, мұның бәрі дәл қазір айтуға ғана оңай. Себебі Түркістанның табиғаты құрғақ, аптап ыстық. Шіліңгір шілдеде қалада 40 градус қалыпты температура саналады. Термометрдің 43-45 граудсқа көтерілетін кезі де болады.  Бұған шөлді аймақтың аңызақ желін қосыңыз.

Мамандардың айтуынша,  климаты құрғақ аймаққа жататын Түркістанда егілген көшеттердің өзге өңірлермен салыстырғанда жерсінуі тым төмен. Әлемдегі жасыл желектің жерсіну көрсеткіші 70 пайызды құраса, Түркістанда бұл 50%-дан аспайды.

Киелі шаһарды жел эррозиясынан сақтап, экологиялық ахуалды тұрақтандыру және қолайлы климат қалыптастыру үшін қала айналасынан «жасыл» аймақ құрылған. Жасыл желекті күтіп-баптау жұмыстарына айрықша назар аударылған. «Қаланың өкпесіне» айналатын 30 мың гектар аймаққа сан түрлі ағаш отырғызылуда. Әр ағаштың түбіне тамшылатып суару жүйесі жеткізілуде. Қала аумағында ұңғымалар қазылып, су арналары жүргізіліп жатыр. Бірнеше су қоймасы салынуда. Жасыл желектің тамыр жайып, жерсінуі үшін бау баптаған бағбандар тартылған.

Ә. Бөкейхан атындағы Қазақ орман шаруашылығы және агроорманмелиорация ғылыми зерттеу институтының басқарма төрағасы Әлімжан Рахымжановтың пікірінше, «Түркістанның «жасыл» аймағы Нұр-Сұлтан қаласы «жасыл» белдеуінің аналогы ретінде жасалып отыр.

-Бүгінгі таңда елді мекендер көгалдандырылып жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес аталған жасыл аймақ құрылған. Тек климаттың қолайсыздығы кедергі. Жазда ылғал өте төмен. Жауын-шашын аз. Питомниктер құрылып жатыр. Түркістан маңында 30 мың гектар алқапта «жасыл» аймақ құрылады. Мұнда ыстыққа төзімді ағаш түрлері отырғызылады, — дейді төраға. Қазақ орман шаруашылығы және агроорман шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ормандарды молайту және орман өсіру бөлімінің бастығы Светлана Кабанованың айтуынша, «жасыл» аймақ құру көпе еңбекті қажет етеді.  

 -Қалалардың айналасында «жасыл» белдеу құру — өте маңызды іс. Біз Қазақстан қалаларының айналасында «жасыл» белдеу құру және сақтау жөнінде ғылыми негізделген ұсыныстар бере аламыз. Түркістанның айналасында атқарылған жұмыс — аса қажырлы еңбек. Себебі осындай климат жағдайында «жасыл» аймақ» құру өте қиын. Ауа температурасы өте жоғары, құрғақшылық. Бұл жайттар кері әсерін тигізері сөзсіз. Көгалдандыру жұмысында барлық қажетті нормалар сақталған. Сондықтан бұл үлкен еңбек өз жемісін береді, — дейді Светлана Кабанова.

Түркістан облысы әкімдігінің таратқан мәліметіне қарағанда, 2019 жылдан бергі аралықта «жасыл» белдеу аумағындағы 3020 гектар жер телімдеріне 9 млн дана сексеуіл көшеттері отырғызылып, 2500 гектар жерге сексеуіл тұқымы себілді. Жалпы бүгінгі күнге дейін «жасыл» белдеудің аумағы сексеуіл ормандарын қоса есептегенде екі есе ұлғайып, 13 220 гектарға жетті. Орман алқабында 21 489 008 көшет өсіп-жетілуде.

Жаңа әуежай жолының бойы 268 га жер телімі толықтай тамшылатып суару жүйесіне қосылды. Қалған учаскелердегі отырғызылған ағаш көшеттердің 63 % ұңғымалардан, 25% каналдармен, 12% сорғылар арқылы суарылуда.

Орман алқабында отырғызылған мәдени екпелердің өсу жағдайына түгендеу жұмыстары жүргізіліп зерделенді. 7700 гектар аумақтың 51,2% жерінде көшеттердің көнімділігі жақсы, орташа және қанағаттанарлық жағдайда екенін көрсетті. Жасанды орман алқабын кеңейту ең алдымен тұқымбақтардың жұмысына байланысты. Сондықтан «Жасыл аймақ» КММ Түркістанның тұқымбағын дамытып, ағаш-бұта көшеттерін көбейтуде.

Көгалдандыру жұмыстары Түркістан қаласында да қарқынды жүргізіліп келеді.  Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбековтың айтуынша, қала аумағында көгалдандыру, ағаштарды күту және саябақтар, скверлер мен аллеялардың тазалығын сақтау мақсатында сапалы техникалар алынған. Бұл бағытта арнайы мамандар 25 түрлі, 200 дана техникамен жұмыс істейді. Әр техниканың өз міндеті, ерекшелігі бар. Біреуі ағашты күтіп-баптауға арналса, көгал, гүл мен бұтаны сәндеуге, қырқуға арналған техникалар да бар. Сала мамандарының хабарлауынша, облыс орталығында көпжылдық гүлдер егіліп, осы өңірдің табиғатына бейім ағаштарды отырғызуға басымдық берілген.

Түркістан қаласындағы «Тұран» саябағы мен Қызылорда тас жолы бойына гидрантты суғару жүйесі жүргізіліп, саябақ пен Төле би көшесі бойы және "Әлқожа ата" кесенесі аумағы абаттандырылады. Сонымен бірге Майкөтов көшесі бойына желілік саябақ салу жоспарлануда. Абаттандырылатын көшелерде балалар ойын алаңшалары мен демалатын орындардың саны артып, қала көркін ашатын сәулет мүсіндері орнатылады деп күтілуде. Жуырда Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ұлан Тәжібаев пен қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков шаһар аумағындағы жоспарланған жұмыстар барысын бақылады. Облыс әкімінің орынбасары Түркістанды абаттандыру мен көгалдандыру бағытында жүзеге асырылатын жобаларға қатысты оң пікір білдіріп, ұсыныстардың сараланатынын және оңтайлы шешілуіне жұмыс жүргізілетінін жеткізді.

Бүгінде Түркістан қаласында 400 гектар жерге жайғасқан 11 саябақ, 5 жасыл аймақ, 25 аллея мен гүлзар және 100-ге жуық көше бар. Әр саябақ креативті әрі ерекше үлгіде салынды. Демалыс аумақтары жарықтандырылып, көпжылдық және гүлді ағаштар егілген. Сонымен бірге қоршаған ортаны жақсарту мақсатында Түркістан облысының елді мекендерінде тұрақты негізде жасыл желек отырғызу бойынша акция өткізіліп тұрады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылы  «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында республика аумағында экологиялық жағдайды жақсарту үшін 2 млрд түрлі ағаш көшетін отырғызу белгіленген болатын. Осыған сәйкес облыс әкімдігі  Экология министрлігімен бірлесіп, кешенді жоспар қабылдады. Онда 5 жыл ішінде 110 210 га аумақты көгалдандыруға 170 млн көшет отырғызу бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Сапалы және толық орындау үшін қосымша штат пен техника сатып алынады.

Сонымен бірге Түркістан мен оның айналасындағы жасыл желекті ағын сумен қамтамасы ету үшін ауқымды жобалар жүзеге асуда.  Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспары аясында маңызды су нысандарының құрылыс-жөндеу жұмыстары аяқталған соң Түркістан қаласына 250 млн. текше метр ағын су келіп, бұл мәселе толық шешіледі. Оның біріншісі  – «Түркістан» магистралды каналын жөндеу жұмыстары жалғасуда.  145 шақырымдық каналдың фильтрациялық шығыны көп 60 шақырымын бетондау жұмысы жоспарланып, қазірдің өзінде  50 шақырымы бетондалды. Қалған 10 шақырымы жақында аяқталады. Осы арқылы 60 млн. текше метр су жиналып, аймақты көгалдандыруға қолданылмақ. Сонымен бірге ағын суды пайдалану автоматтандырылып, суды үнемдеуге мән беріледі.

Өңірде қолға алынған екінші жоба – «Кеңсай-Қосқорған» су қоймасы. Оның сыйымдылығы 18 млн. текше метрден асады.  Бұрын жаңбыр мен қар суы далаға кететін, енді сол су көзі жиналып, Түркістан қаласы маңындағы азық-түлік белдеуі мен жасыл алқапқа жіберілмек. Сонымен бірге саябақтар да сумен қамтылады.

Облыста «Жетікөл» көлдер жүйесі де жаңғыртылып жатыр. Осы жұмыстардың нәтижесінде көлдегі суы қоры ұлғайып, экологиясы оңалды. Отырар ауданы мен Арыс қаласының экожүйесі де жақсара түседі. Бұл – өзіндік ерекшелігі бар жоба. Өйткені, жыл сайын көлдің жағасы тарылып, экологиялық қауіп туындаған болатын. Былтыр 34 шақырым ұзындыққа бөгет жасалынып, 261 млн. текше метр су көлге тасталды.

Түркістанда «Түркістан» туристік-рекреациялық орталығы жасанды көлінің де құрылысы жүріп жатыр. Қазір су келетін, су жіберетін  каналдар дайын. 

Түркістанды түлетуге аудандар мен басқармалар да атсалысып жатыр. Қала 32 секторға бөлініп, оған бекітілген тиісті әкімдіктер мен басқармалар абаттандыру жұмыстарымен айналысып келеді.

Тегтер: