«Түркістанның азаматы деп қуанып қалдық» - Облыс әкімі Қырғыз президенті ат мінгізген ақын туралы
Қырғыз президенті Садыр Жапаровтың қолынан ат мініп, мерейі үстем болған, сол үшін талай ақынның ішін күйдіріп, қызғанышын оятқан түркістандық ақын Біржан Қалдыбаевтың атақ-даңқы тағы да дүркіреп кетті.
Дүркірегенде енді сұмдық. Мұндай абырой-атақ осы уақытқа дейін ешқандай қазақ ақынының маңдайына жазылмаған шығар, сірә. Ол бұл жолы Түркістан облысының әкіміне мақтау жыр арнап, кейін алғыс хатпен мапаратталды.
Қайбір күні Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Қазығұрт ауданы тұрғындарымен кездесті. Ұзақ уақыт бойы оқылған баяндамадан кейін кезек сұрақ-жауапқа ойысқан. Бірақ сұрақтан гөрі әкім Дархан Сатыбалдыға мақтау, рахмет айтқандар көп болды. Жиын аяқталуға жақындап қалған кез. Бәрі сценарий бойынша ғой. Топ арасынан «Ассалаумағалейкум» деп, суырылып шыққан Біржан ақын микрофонды қолға алды. Алды да, «айтып-айтып тастады».
Ә дегеннен облыс басшысына өзінің анау-мынау емес, Президентпен табақтас болған ақын екендігін еске салды.
-Кеше ғана қырғыз елінде, көкбөріден Қырғызстан президентінің үлкен кубогы өткен. Сонда өзім болып, Қырғызстан Республикасы президенті… арнайы арғымақ… жүз мың доллар… өзінің резиденциясында жеке қабылдап мені, шәй беріп, сол жерде Қазығұрт ауданын, Түркістан облысы, өзіңізді, президент Қасым-Жомарт Кемелұлын мақтап, еліміздің бірлігін, ынтымағын жоғарылатсақ деп… Қазығұрт ауданының қоғам белсендісімін, осында елім үшін жерім үшін… — деген сөздерді айтқан ақын бұдан әрі әлі сиясы кеппеген жыр жолдарын түйдек-түйдегімен топырлатты-ай келіп:
Қасиетті Түркістан ұранымсың
Мақтанып айтып жүрер жыр-әнімсің
Осы өлкеде туғаныма қуанамын,
Сылдырап өзен мөлдір бұлағымсың
Дархандай алып тұлға келді елге
Хал сұрап, Қазығұрттай туған жерге
Тыңдайық жоспарларын ағамыздың
Шығарап Қазығұрттың төрлеріне
Айналайын Дархан, алтын ағам
Алтыннан қымбат парқың маған
Халқың үшін еңбек етіп аянбастан
Сіз жүрсіз бар еңбекті сарқып ағам, — деген ақын шабытының ауыздығын тартыңқырап барып, одан әрі қара сөздерді төпелетті.
Сөз арасында:
Ассалаумағалейкум, ақтан келдім
Күн шығып, айы туған жақтан келдім,
Мені айтсам, өлең жырды әдеп ғұрып
Қазақтың жолын қуған жақтан келдім, — деп, Қырғыз президентіне айтқан шумағын да қосып жіберді. Тап бір батырлардың жырын тыңдағандай, залдағы жұртшылық ақынның «керемет» сөздеріне «ұйып» отыр. Екі езуі екі құлағына жеткен Дархан Сатыбалды да өзі туралы жырға бойы балқығандай, «айта бер, айта түс» дегендей әсерде тұрып қалған.
-Дархан ағамызды облыстың әкімі деп есіттік,
Мен сізге ән шығарып берейін, бір алғыс хат бересіз бе, келістік?
Мынау сізге ән шығарған менде арман жоқ,
Тыңдап тұрған, ағатай, сізде арман жоқ,
Арманымыз орындалсын десеңіз, бір алғыс хатта тұрған ештеңе жоқ, деп, сіздей… білдей президенттен ат ап жатсақ, сізден алғыс алу біз үшін мәртебе, — деп, Сатыбалдыны Қырғыздың президентінен де жоғары бағалайтынын көрсетіп, президенттен алған атты әкімнен алғыс хаттан онша жоғары бағаламайтындай кейіп танытты.
Өз басымыз, бұған дейін арамызда халықаралық деңгейдегі, президенттің қолынан тұлпар мінген осындай бір таланттың барын білмеген едік. Бәлкім жергілікті атқамінерлер Қазақ елінде президенттердің өздері жырына ауыздарын ашып, көздерін жұматын ақынның барын және оның осы Қазығұрттың қиясында тұратынын білдіру үшін Біржан ақынды жиынға арнайы алдыртты ма екен?!
Осыдан кейін сахнада тұрған Дархан Сатыбалды «елші мен ақынға өлім жоқ» деген президент Садыр Жапаровтың сөзін қайталап:
-Рахмет, оны көрдік, видео таратылды, мақтаныш тұтам, біздің түркістанның азаматы деп қуанып қалдық, — деген кезде қатты толқып кеттік.
Осыдан кейін бір ақсақал «бата» беріп, жиын мәресіне жетті. Сыртқа қарай шығып бара жатқан көпшіліктің көкейінде «Ақыны соншалықты қиылып сұрап тұрған кезде әкімі бір алғыс хатты бере салса қайтер еді, кімге бұйырмай жатқан бір жапырақ қағаз еді?!» деген сөздің тұрғаны анық еді.
Біз ақынға өзі сұраған алғыс хаттың берген-бермегенін білу үшін кешегі күні Қазығұрт ауданы әкімдігінің баспасөз қызметімен хабарласқан едік. Алайда мерекелік демалыс күні болғандықтан шығар, шенеуніктер телефон тұтқасын көтермеді. Кейінірек Қазығұрт ауданы әкімдігінің әлеуметтік желі арқылы таратқан ақпаратын көріп, кәдімгідей марқайып қалдық.
Жоқ, елдің көкейіндегісін дөп басатын «алтындай, алып тұлға» Дархан әкім кетерінде ақынды құр қол қалдырмау қажеттігін аудан әкімі Әзизхан Исмайыловқа мықтап тұрып тапсырып кеткен екен. 29 тамызда Қазығұрт ауданында Конституция күніне орай өткен мерекелік шарада аудан басшысы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін бірқатар азаматтарды алғыс хатпен марапаттаған. Олардың қатарында біздің айтулы ақынымыз Біржан Қалдыбаевтың да фотосы жүр.
Әкімді ақын мақтамағанда кім мақтайды, ақынды әкім құрметтемегенде кім құрметтейді, қазір?! Енді өзіне жыр арнаған ақынымен мақтанатын Дархан Сатыбалдыны да бір жапырақ алғыс хатпен марапаттап қойса, қандай жарасар еді.