Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
07:26, 27 Қаңтар 2023

Түркістанның бас мұғалімі күдікке ілікті

None
None

Түркістан облысында білім саласының сыбайлас жемқорлықтан көз ашпай тұрғаны бұған дейін де талай айтылған, талай жазылған.

Былтыр сәуірде облыстық білім басқармасының басшысы болып, осы салада жинаған тәжірибесі мол Дінислам Болатханұлы тағайындалды. Жемқорлықты ауыздықтау үшін жаңа әдіс-тәсілдер қолға алынып еді. Бірақ асқынған дерттің беті бері қарайды ма дегенде, одан да сорақы жағдайға кез болған сияқтымыз.  

  Былтыр жыл соңында қылмыстық істер жөніндегі сот кісі өліміне тапсырыс берген Сарыағаш аудандық білім бөлімінің басшысы қызметін атқарған Бауыржан Майриховты 11 жыл 3 айға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Мұның алдында пара алды деген айып бойынша Сайрам аудандық білім бөлімінің басшысы Құралай Шадиева ірі көлемде айыппұл төлеуге сотталған. Қазір сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген айып тағылған Шардара мен Төле би аудандық білім бөлімінің бұрынғы басшыларына қатысты  сот отырыстары өтіп жатыр. Төрт бірдей білім бөлімі басшысының бір мезгілде қылмыс жасады деген айыптармен құрыққа ілігуін немен түсіндіруге болады? Білім бөлімдерінің жергілікті әкімдіктердің құзырынан шығып, тікелей облыстық білім басқармасына бағынғанымен бе? Әлде білім саласындағы жемқорлықты әшкерелеу шараларының күшейтілгенімен бе?  

Былтыржелтоқсанда әкімдікте облыс басшысы Дархан Сатыбалдының төрағалығымен жиын өтіп, білім саласындағы жемқорлық мәселесі талқыланған-ды. Осы басқосуда білім басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы мектеп пен балабақшадағы жемқорлықтың алдын алу үшін атқарылып жатқан жұмыстарды, қолға алынған бастамаларды жария етті.

–  Жемқорлық фактілеріне әкелетін тәуекелдерге талдау жұмысы тұрақты жалғасын тауып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бағытындағы жұмыстар жандандырылатын болады, – деген еді бас мұғалім. Масқара болғанда арада бір ай өткенде коррупциямен күресуге білек сыбана кіріскен Дінислам Болатханұлының өзі жемқорлық қылмыс жасады деген күдікке іліккенге ұқсайды.  

Басқарма басшысы екі орынбасарымен және бөлім басшысымен пара алды деген күдікпен ұсталғаны туралы ақпарат қаңтардың басында алдымен әлеуметтік желіде жарияланды. Екі ортадағы параның көлемін кейбіреулер 11 миллион теңге деп көрсетті. Алайда ел ішінде өршіп бара жатқан жайсыз әңгімелерге не құзырлы органдар, не білім басқармасы, не Дінислам Болатханұлының өзі түсінік берген жоқ.

Біз алдымен, мән-жайды білу үшін Түркістан облыстық білім басқармасының баспасөз қызметімен хабарласқанымызда, ондағылар басқарманың қалыпты режимде жұмыс істеп жатқанын, барлық қызметкерлердің жұмыс орындарында екендігін, ал ұсталу, тұтқындалуға қатысты мәселені антикордан сұрау қажеттігін айтумен шектелді. Артынша, Дінислам Болатханұлының басқармада үшінші тоқсанның басталуына орай арнайы жиын өткізгені туралы ақпарат облыстық әкімдіктің ресми сайты арқылы таратылды. Сонда елдің аузындағы әңгіме негізсіз болғаны ма?

Жоқ, негізсіз емес сияқты. Түркістан облыстық соты осы күндері білім басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы мен оның екі орынбасарына және бір бөлім басшысына қатысты санкциялар берілгенін мәлім етті. Бірақ санкциялар қамауға алумен байланысты емес. Ол жедел-іздестіру шараларымен, дәлірегі, күдіктілердің үй-жайларын, көліктерін тінтуді санкциялауға қатысты болып шықты.

Ал антикор, дәлірегі, Түркістан облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментіндегілер ресми мәліметтерді тек агенттіктің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі) тарататынын хабарлады. Содан бергі аралықта екі аптадан астам уақыт өтті. Осы аптада кейбір ақпарат құралдары Түркістан облыстық білім басқармасындағы лауазымды шенеуніктердің үстерінен пара алды деген күдікпен қылмыстық іс қозғалғанын жариялауға көшті. Дегенмен антикор бұл мәліметті не растамайды, не жоққа шығармайды. Ал ұсталды деген Дінислам Болатханұлы мен оның орынбасарлары қызметтерін ың-шыңсыз атқарып жатыр. Мұны енді немен түсіндіруге болады?

Антикордың Түркістандағы жемқорлық қылмысты жұрттан жасырып, жарияламауының астарында не сыр бар?

Тегтер: