Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:20, 31 Наурыз 2022

Түркістанның бас полицейі халыққа есеп берді

None
None

«Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп». Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Мұрат Қабденов, 2021 жылда жеке құраммен атқарылған жұмыстарды қорытындылап, халыққа онлайн режимде есеп берді.

Бұл туралы аталған департаменттің баспасөз қызметі хабарлады. Ең алдымен қызметке тағайындалған сәттен бастап жылы шыраймен қабылдаған облыс тұрғындарына алғыс айтқан генерал М.Қабденов: «Өткен жылы облыста онша ауыр емес және орташа ауыр қылмыстар саны 2869-ды құрап, 11,0%-ға төмендеді. Бөтен мүлікті ұрлау қылмыстары 26,4%-ға азайып, ашылуы 61,8%-ға көтерілді. Пәтер ұрлығы 17,2%-ға, мал ұрлығына байланысты қылмыстар 16,3%-ға азайды. Аса ауыр қылмыстардың ашылымы 96,6%-ға жоғарылады. Полицейлермен үнемі есірткінің зияны жайлы сабақтар өткізіліп, брошюралар таратылып, билбордтар ілінуде. Брифингтер өтуде. Соның нәтижесінде 2021 жылы есірткінің заңсыз айналымына қатысты 409 дерек тіркеліп, 5 тонна 506 килограмм есірткі заттары алынды. Аса қауіпті саналатын есірткінің синтетикалық түрін сақтаған 10 адам ұсталды. 187 сайтқа «Кибернадзор» бағдарламасы арқылы шектеу қойылып, бұғатталды.Оған қоса есірткі түрлерін жарнамалаған 2 тұлға анықталып, оларға қатысты ҚК-нің  299-1-бабымен  қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ жол-көлік оқиғаларының алдын алу, болдырмау шаралары да біздің назардан тыс қалып жатқан жоқ. Десек те, жыл ішінде 712 жол-көлік оқиғасы болған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 31,7% — ға аз. Ал осы өкінішті жайттардың салдарынан 319 адам қаза тауып, 743 адам жарақат алған. 1 жыл ішінже 710 мың 330 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Оның ішінде жол қозғалысы  бойынша – 611 мың 546 құқықбұзушылық. Ал көлікті мас күйде басқарған 1037 жүргізуші анықталды. Облыс көлемінде біздің бақылауымызда 56 бейнекамера мен 70 фиксатор бар. Олардың көмегімен 281 мыңнан астам құқықбұзушылық анықталды»-деп атап өтті.Сонымен қатар полиция генерал-майоры Мұрат Қабденов, алаяқтық қылмысының өзектілігіне, яғни бұл қылмыстың тіркелуі 2 есеге көбейгенін жеткізді. Және облыс тұрғындарын алаяқтарға алданбауға, өзіне ғана белгілі құпия деректерін ешкімге айтпауға кеңес берді. Мұрат Қабденов қызметке тағайындалған сәттен сервистік полиция моделін енгізу бойынша жұмысты қолға алды. Осыны байқаған түркістандық тұрғын есеп беру кезінде азаматтарды қабылдау бөлмесіне келіп, осы тақырып аясында сұрағын қойды. Яғни Түркістан қаласының тұрғыны Әсел Бейсенбекқызы есімді тұрғын, жалпы сервистік полицияны құрудағы оның мақсаты, маңыздылығы, тиімділігі туралы айтып беруін өтінді. Генерал мұндағы негізгі мақсат – полицияның халыққа қолжетімділігін, жұртқа жақындығын, ашықтығын қамтамасыз ету екендігіне тоқталды.  Онлайн режимде өткізілген есеп беру жиыны департаменттің әлеуметтік желідегі ресми парақшаларында тікелей эфирде жүргізілді. Өз кезегінде 500-ден астам тұрғын өздерінің ұсыныс-пікірлерін, сауалдарын жолдады. Соның арасында қала тұрғыны Гүлмира Баймұратова «Отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық» турасында сұрағын қойды. Бұл бойынша департамент бастығының бірінші орынбасары А.Сейдуалиев: «Осы санаттағы қылмыстар өткен жылы 4,8 пайызға өсті. Сондықтан осы жылы отбасындағы зорлық әрекеттерін азайту шаралары атқарылуда. Кешегі Президентіміздің Жолдауында қоғамдағы зорлық-зомбылық деңгейін төмендету үшін жүйелі шаралар қабылдануы айтылды. Демек бұл ретте, біз отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтармен күресуіміз тоқтамайды және жұмыс күшейтілді» -деп жауап берді. Тікелей эфир арқылы кадр, тергеу, әкімшілік полиция, жергілікті полиция саласына қатысты жүздеген сұрақтар қойылды. Сауалдардың басым көпшілігіне сол арада нақты жауаптар берілсе, кейбіріне жазбаша түрде жауап қайтарылатын болды.Есеп беру соңында облыстың бас полицейі М.Қабденов: «Жалпы Түркістан облысында криминогендік жағдай тұрақты. Қылмыс саны ең аз аймақ! Осы орайда сіздерге полицейлер атынан алғысымды білдіремін. Қоғамдық қауіпсіздік пен сіздердің тыныштықтарыңыз үшін, жеке құраммен бірге қызмет атқарамыз. Және полицияға қатысты арыз-шағымыңыз болса есігіміз ашық, келіңіз. Болмаса әлеуметтік желідегі менің жеке парақшама жазыңыз. Мен өз тарапымнан қылмысты азайту, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлықты болдырмау мақсатында жұмыстарды атқаруда барымды саламын»-деп өзінің ризашылығын жеткізді.

Тегтер: