Түркістанның тарихи құндылығын сақтап қалу маңызды
Түркістанда "Әзірет Сұлтан" музей-қорығының жүлдесі үшін ЮНЕСКО-ға енген ұлттық ойындардан жарыс өтті.
Бұл туралы аталған музей-қорығының баспасөз қызметі хабарлады.
Түркістан қаласындағы этноауылда «Ұлыстың ұлы күні – Наурыз» мерекесіне орай ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енген асық ату, тоғызқұмалақ сынды ұлттық ойындардан жарыс өтті.
Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитеті «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» және Түркістан қаласы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі ұйымдастырған сайыстың мақсаты — «2022 жылды — Балалар жылы» деп жариялауына орай ұлттық ойын түрлеріне жас спортшылар мен студенттерді, мектеп оқушыларын тарта отырып насихаттау, спорт саласына қатысты тарихи сананы жаңғырту, патриоттық сезім қалыптастыру және Наурыз мерекесін ұлықтау.
Мерекелік іс-шараны "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы директорының міндетін атқарушы Ерсін Тәжібаев ашып, алғаш рет ұйымдастырылған спорттық сайыста бас қосқан қатысушыларға сәттілік тіледі.
-Ұлыстың ұлы күнін ең бірінші ұлттық спорттан бастап отырмыз. Біздің басты мақсатымыз-ата-бабадан бүгінге жеткен ұлттық ойындарымызды Түркістан қаласына келген қонақтарға дәріптеп, бүгінгі шараға қатысқан жанкүйер жастарға кеңінен насихаттау, елдігіміздің іргелі қасиетін, үлгі-өнегесін таныту. Жас спортшылар мен жеңімпаздарға "Әзірет Сұлтан" музей-қорығы арнайы сыйлықтар тағайындады. Сонымен қатар, бүгінгі сайыс барысында жоғары оқу орындарының ұстаздары мен музей қызметкерлері де бақ сынасады. Баршаңызға сәттілік тілеймін. "Әзірет Сұлтан" қорық-музейінің бастамасымен ұлттық спортты насихаттаудан басталған шара келесі күндері ұлттық тағамдар мен ұлттық киімдерді, салт-дәстүрлерді насихаттауға, республикалық ақындар айтысына ұласады,-деді, Ерсін Ботабайұлы.
Жарысқа қалалық Ұлттық спорт мектебінің спортшылары мен мектеп оқушылар қатысып, бақ сынады. Сонымен қатар, студенттер мен ересектер арасында гір тасын көтеру, командалық арқан тарту, жебе тарту сайысы бойынша да жарыстар ұйымдастырылды. Спорттық сайысқа Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің «Алғашқы әскери дайындық», «Спорт және денешықтыру» факультеттерінің студенттері, Халықаралық туризм және меймандостық университетінің «Спорт және денешынықтыру», «Туризм» факультеттерінің студенттері, басқа да оқу орындарының шәкірттері қатысты. Жеңімпаздарға "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы атынан арнайы ақшалай сыйлықтар мен мен диплом берілді.
Айта кетері, 1978 жылдың 30 қыркүйегінде Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің қаулысы бойынша Қожа Ахмет кесенесі негізінде «Республикалық Ахмет Ясауи сәулет кешені музейі» ашылып 1989 жылдың 28 тамызындағы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің № 265 қаулысы бойынша «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейі болып қайта құрылды. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі Бүкіләлемдік мұралар тізіміне (ЮНЕСКО) алынған тарихи ескерткіш. Бұл мәртебеге ол 2003 жылдың маусымында ие болды.
Жуырда Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Түркияның вице-президенті Фуат Октай Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне арнайы ат басын бұрды. Рухани орталықта жерленген ұлы тұлғалар рухына тағзым еткен соң кесене ішіндегі қазандық, кітапхана, үлкен ақсарай және кіші ақсарай, асхана бөлмелері және сегіз қырлы кесене, қылует жерасты мешіттерінің тарихымен танысты. Осы орайда Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев вице-президентке сәттілік тілеп, Қожа Ахмет Ясауидің мөрі таңбаланған кәдесыйды табыс етті.
Осы сапары барысында Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Түркістанда туризмді дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға пікір білдірді. Оның айтуынша, Түркістанның тарихи құндылығын сақтап қалу маңызды.
-Біздің міндет — шаһарды адам танымастай өзгерту емес, керісінше, тарихы бай мұраларды сақтап қалу. Туристік инфрақұрылымды дамытуда қаланың мәдениеті және тарихымен қаланың көркі біте қайнасып жатуы аса маңызды,-деді министр.
Қазіргі уақытта Түркістанда туристерге арналған бірнеше нысандар салынып жатыр. Туристерге қызмет көрсететін қонақ үйлер мен мейрамханалардың саны көбейді. Соңғы жылдары Әзірет Сұлтан кесенесіне келушілердің саны күрт артқан.