Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:28, 30 Қараша 2024

Түркия асқан миллиардтардың есебін кім береді?

1
Фото: ашық дереккөз

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі биыл жыл басынан бері спорт саласындағы бірнеше былықтың бетін ашты.

Антикор спорт федерациялары мен клубтарда еңбекақы төлеу, спорт тауарлары мен жабдықтарын сатып алу, клубты қаржыландыру, оқу-жаттығу жиынын ұйымдастыру сияқты тәсілдермен ақша жымқыру қаупі бар екенін анықтады.

Мысалы, оқу-жаттығу жиынын өткізу жемқорлыққа оңай жол ашады. Антикор спорт ұйымдары жалған оқу-жаттығу жиынын өткізіп, спорттық нысандарды жалға алуға қаражат бөлетінін айтады. Спортшыларды оқу-жаттығу жиынына шынымен апарған күннің өзінде керекті құрал-жабдық пен жаттығу алаңын қымбат етіп көрсету, 5 жұлдызды қонақүйге ақша бөлу сияқты жолдармен қаржыны қалтаға басуға болады. Жаттығу жиыны шетелде өтсе, мұндай қулық тіптен оңай жүзеге асуы мүмкін.

Жақында футболдан Қазақстан чемпионаты аяқталып, клубтар демалысқа кетті. Бір айдан кейін олар қайта жиналып, шетелге жаңа маусым алдындағы оқу-жаттығу жиынына аттанады. Елдегі кәсіпқой футбол клубтарының бәрін мемлекет қаржыландыратындықтан (алматылық «Қайрат» қана жекеменшікте), 14 командадағы бірнеше жүз адамның Түркия және БАӘ-ге барып жаттығу өткізуіне бюджеттен мол қаржы бөлінеді. 2018 жылдан бері футбол клубтары осы мақсатта 6,4 млрд теңге алды.

Біздің клубтардың көбі жаңа маусым алдында Түркияда жаттығу жиынын өткізеді. Кейінгі жылдары елордалық «Астана» Дубайда дайындалып жүр. Бұл «Астанаға» өзге клубтарға қарағанда көбірек қаржы бөлінетініне байланысты болса керек.

Жаттығу жиыны неге шетелде өтеді?

Мұның бірнеше себебі бар. Ең маңыздысы, елде жаттығу жиынын өткізетін жасыл алаңдар жоқ. Көп командада спорттық база түгіл, жеке стадион жоқ. Бар стадиондарды қыста қар басып қалады, оның кейбірі – сәуір мен мамырда, кейбірі тіпті чемпионаттың тең жартысы өткен соң, шілдеде ғана доп тебуге жарайды.

Яғни Қазақстан клубтарында қыста өз жерінде жаттығу өткізетін мүмкіндік жоқ. Бірақ олар бұл олқылықтың орнын толтырып, қажетті инфрақұрылым дайындауға құлшынбайды. Солтүстікте болмаса да, оңтүстік және батыс облыстарда Түркиядағыдай жайлы жасыл алаңдар мен футбол манежін салып, жаттығуды өз елімізде өткізсек болады.

Мұны алматылық «Қайрат» дәлелдеп отыр. Елдегі жалғыз жеке клуб саналатын «Қайраттың» өз базасы мен академиясы бар. Соның арқасында алматылық клуб кейінгі бірнеше жылда шетелге оқу-жаттығу жиынына барған жоқ. Соған қарамастан, олар биыл Қазақстан чемпионы атанып отыр. Осының өзі шетелге барып, жаттығу жасамай да жаңа маусымға жақсы дайындалуға болатынын көрсетеді.

Бірақ өзге клубтар база салып «шаршамай», шетелге бара салғанды жөн көреді. Мысалы, Елдегі ең бай клуб – «Астананың» өзінде жеке стадион мен спорттық база жоқ. Тіпті жеке кеңсесі де жоқ деген ақпарат бар, клуб басшылары әр жерде офис жалдап отыратын көрінеді. Антикордың есебінше, «Астана» 2018 жылдан бері Түркия мен Дубайда жаттығу жиынын өткізуге 1 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсапты.

Сондай-ақ антикор Қазақстан спорт инфрақұрылымы бойынша көрші елдерден едәуір артта қалғанын айтып отыр. Елдегі стадиондар UEFA және FIFA талаптарына сәйкес келмейді, ал жаттығу залдары жөндеу көрмегеніне көп жыл болған.

Біздің клубтар Түркияға шапқылайтын тағы бір себеп – Жерорта теңізінің жағасы шетелдік командалармен жолдастық кездесу өткізуге және легионерлерді сынақтан өткізуге қолайлы. Қазақстанда клуб басшылары жыл сайын ауысады, олардың қызметі облыс әкіміне тікелей байланысты. Сондықтан көп команда легионерлермен 1 жылға ғана келісімшартқа отырады да, жыл сайын жаңа футболшы іздейді.

Шетелдік ойыншыны Қазақстанға шақырып, сынақтан өткізу қиын, ал Түркияда олар өздері команда іздеп жүреді. Іздегенге сұраған деген – осы. Алдағы бір жылда Қазақстанда доп теуіп, миллиондаған жалақы алатын легионерлердің іріктелетіні осы кез.

Бұл жерде клуб пен футболшы арасында делдал қызметін атқаратын агенттердің де қалтасы қампаяды. Олар әрбір келісімшарттан өте көп үлес алады. Антикордың есебінше, «Астана» кейінгі 5 жылда делдал-агенттерге футболшы тауып бергені үшін 4,5 млрд теңге төлепті. Агентіне мол сыйақы, өзіне елде жоқ жалақыны беріп жүріп алған легионер сапалы болса, ақшаның аз да болса ақталғаны. Жыл бойы құр салпақтап жүріп, бірде-бір гол соқпай, келісімшарттағы гонорарын алып, келген жағына кететін сапасыз легионерлер де жетерлік.

«Каспийдің» түркиялықтарды «лақтырып» кеткені рас па?

Ақтаулық «Каспий» футбол клубы халықаралық жанжалға себеп болды. 2023 жылдың басында ақтаулық футболшылар Түркияның Анталия қаласындағы 5 жұлдызды қонақүйде 2 апта тұрып, оқу-жаттығу жиынын өткізген. Кейін қонақүйге ақша төлемей кетіп қалыпты. Ал түрік компаниясы клубты сотқа беріп, жеңіп шықты.

Түркияның Arena Sports & Travel агенттігі «Каспий» футбол клубынан 230 521 еуро (шамамен 122 млн теңге) қарызын ала алмай жүргеніне 2 жылға жуықтаған. Жалпы жағдай былай болған: клуб басшылары Arena Sports & Travel-мен келісімшарт жасайды. Ол бойынша агенттік «Каспийдің» Анталиядағы 2 апталық оқу-жаттығу жиынын ұйымдастырып, көлік, жатар орын және жасыл алаңмен қамтамасыз етеді. Ал клуб осы қызметі үшін компанияға 230 мың еуро төлеуі керек.

Агенттік өз жұмысын атқарған. «Каспий» ойыншылары люкс курортта жаттығу жасап, жаңа маусымға дайындалады. Үш мейрамханасы, теннис корты, гольф алаңы, футбол алаңы, ашық және жабық бассейні бар 5 жұлдызды Spice Hotel & Spa қонақүйінде жатады.

Бірақ есеп айырысатын кезде біздің тарап қоян бұлтаққа салады. 2023 жылғы 27 ақпанда «Каспий» футбол клубы директорының міндетін атқарушы Е.Жамбиров 230 521 еуро қарызды 2023 жылғы 30 наурызға дейін төлейтінін айтып, кепілхат жазып береді. Бірақ чемпионат басталғанда «Каспий» нашар өнер көрсетіп, сәуір айының басында Ержан Жамбиров клуб директоры қызметінен кетеді. Сол кезде Arena Sports & Travel ақтаулықтардан ақша ала алмайтынын түсініп, сотқа жүгінген.

2023 жылғы желтоқсанда өткен сотта түрік тарапы жеңіліп қалады. Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты «Каспий» мен Arena Sports & Travel арасындағы келісім «мемлекеттік сатып алулар туралы» заңға сәйкес келмейтінін, түрік компаниясы мемлекеттік сатып алуға қатыспағанын айтып, клубтың еш қарызы жоқ деген шешімге келеді. Оның үстіне сотта шетелдік агенттікпен келісім жасалғанын ешкім растай алмады, өйткені келісімшартқа қол қойған адам жұмыстан шығып кеткен.

Сот шешіміне наразы болған Arena Sports & Travel биыл қаңтарда апелляцияға береді. Бұл жолы олар ФИФА мен УЕФА-ға шағым түсіріп, ақтаулық клубқа санкция салуды талап ететінін хабарлайды. 2024 жылғы сәуірде Маңғыстау облыстық соты бірінші сатыдағы соттың шешімін жойып, клубты қарызды төлеуге міндеттейді.

Енді бұл шешіммен «Каспий» клубы келіспей, Жоғарғы сотқа шағым түсірген. Жоғарғы сот 2024 жылғы қазан айының аяғында істі қарады. Кассациялық алқа футбол клубы өтініш беру мерзімін өткізіп алғанын айтып, шағымды кері қайтарды. Енді «Каспий» 5 жұлдызды қонақүйдегі 2 апталық «демалыстың» құнын төлеуі керек.

Ең өкініштісі, осыншалық қиынға түскен Түркиядағы оқу-жаттығу жиыны ақтаулық командаға еш пайдасын тигізген жоқ. «Каспий» 2023 жылы Қазақстан чемпионатының турнирлік кестесінде ең соңғы, 14-орынға ие болып, Премьер-лигадан «ұшып» кетті.

Мұндай жағдай қазақ футболына абырой әпермейді. Ең алдымен, шетелдік компаниялар алдында сенімнен айырыламыз. «Каспийге» қатысты жағдайдан кейін Түркияда Қазақстаннан келген шенділерге, олар қол қойған құжатқа сенуге болмайды, өйткені бүгін қызметте отырған адам, ертең жоқ болуы мүмкін деген сөз тарапты-мыс. Екіншіден, мұндай әрекет ФИФА мен УЕФА тарапынан салынатын санкцияға себеп болады.

Антикордың адам шошырлық есебі

Спорт саласындағы былық жайлы бұған дейін қарапайым жұрт сөз етсе, қазір антикор айтып жүр. Агенттік жалған спортшыларға жоғары жалақы мен жөнсіз сыйақы тағайындалатыны және спорт федерациялары мен кәсіпқой клуб басшылары өздеріне жоғары жалақы бекітіп алатыны жайлы да айтқан. Биыл көктемде антикор спорт саласында 39 қылмыстық іс тіркелгенін хабарлады.

Сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік спорттағы легионер мәселесіне де назар аударып отыр. Олардың есебінше, тәуелсіздік жылдары Қазақстан олимпиадалық спорт түрлеріне 126 шетелдік спортшыны сатып алыпты. Олардың бәрі кейін өз еліне оралған. Ақша өз таланттарымызды тәрбиелеуге емес, басқа елдердің ойыншыларына жұмсалған.

«Спорт кешендері мен футбол академиясын салудың орнына спорттық ұйымдар легионерлерді ұстауға көп ақша жұмсаған. Мысалы, ең үлкен бюджетке ие «Астана» футбол клубының (2018-2023 жылдары 50 млрд теңге бөлінген, құрылтайшысы – Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің «Қазспортинвест» АҚ «Туризм және спорт индустриясын қолдау қоры» корпоративтік қоры және ҰОК) өзінің футбол академиясы мен инфрақұрылымы жоқ. 6 жылда (2018-2023 жылдары) клуб футбол алаңдары мен үй-жайды жалға алуға 1,4 млрд теңге жұмсаған», – делінген антикор талдауында.

Агенттік ақпараты бойынша кейінгі 6 жылда спорт саласына 1,4 триллион теңге бөлінген (2018 жылы – 165 млрд, 2019 жылы – 204 млрд, 2020 жылы – 177 млрд, 2021 жылы – 223 млрд, 2022 жылы – 296 млрд, 2023 жылы – 340 млрд теңге). Сондай-ақ биыл және алдағы екі жылға бюджеттен тағы 1,3 триллион теңге бөлу жоспарланып отыр. Қазақстанның спортқа бөлетін қаржысы Орталық Азия және алыс шет елдердің (Канада, Норвегия, Нидерланды) бюджетінен бірнеше есе көп.

Билік кәсіпқой спортқа бөлінетін қаржыны азайтып, саланы жемқорлықтан тазарту жайлы жиі айтып жүр. Біздің ойымызша, футболдағы жемқорлықпен күресті маусым алдындағы оқу-жаттығу жиынынан бастау керек. Қазақстан клубтары қаңтар мен ақпан айында Түркия мен БАӘ-ге 2 немесе 3 рет жаттығу жиынына барады. Әр сапардың есебі ашық түрде жариялануы қажет.

Үкімет кәсіпқой футбол клубына бөлінетін қаржы жылына 1,2 млрд теңгеден аспау керек деген шешім шығарған. Бірақ бұл стандарт сақталмай отыр. Биыл «Ордабасы», «Ақтөбе» сияқты клубтардың бюджеті 4-5 млрд теңгеден асты. Қазақстан чемпионатына қатысқан 13 клубтың екеуі ғана үкімет белгілеген шектен төмен қаржы алған. Ал қалғаны әлі мемлекет бөлетін майшелпектен айырылған жоқ. Бұл да тез арада шешуді талап ететін мәселе екені анық.

Қуаныш Қаппас