Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:00

Түркия ресейлік мұнайдан бас тартып, Қазақстаннан сатып алу көлемін арттырды

Мұнай
Фото: ашық дереккөз

Түркия ресейлік мұнай импортының көлемін азайтып, оның орнын Қазақстан мен Ирактан жеткізілетін шикізатпен алмастырып жатыр.

 Бұл туралы Reuters агенттігі жазды.

Батыстың Ресей мұнайына қарсы жаңа санкциялары Анкараны шикізат жеткізушілерді қайта қарауға итермелеген. Нәтижесінде түрік мұнай өңдеу зауыттары ресейлік мұнайды белсенді түрде басқа елдердің өнімімен алмастыруға кіріскен.

SOCAR және Tupras жаңа бағытқа бет бұрды

Reuters дерегінше, Түркиядағы ең ірі мұнай өңдеу кәсіпорны – SOCAR Turkey Aegean Refinery (Әзербайжанның SOCAR компаниясына тиесілі) желтоқсан айында Қазақстан, Ирак және өзге де елдерден төрт партия шикі мұнай сатып алған.

Болжам бойынша, жеткізілім көлемі тәулігіне 77 мыңнан 129 мың баррельге дейін жетпек. Ал бұған дейін, яғни қыркүйек пен қазан айларында, зауытқа келетін шикізаттың басым бөлігі ресейлік мұнай болған (тәулігіне 210 мың баррель).

Екінші ірі өңдеуші компания – Tupras – де ресейлік мұнайды азайтып, Ирак және басқа елдердің ұқсас сорттарын көбірек сатып ала бастаған. Агенттіктің мәліметінше, Tupras компаниясы санкциялық тәуекелдерден сақтану және өз өнімін Еуропаға еркін экспорттау үшін кейбір зауыттарында ресейлік мұнайдан толық бас тартуды жоспарлап отыр.

Қазақстан үшін жаңа мүмкіндік

Бұл өзгеріс Қазақстан үшін тиімді жағдай туғызды. Түркия – Каспий аймағындағы қазақстандық мұнайдың басты экспорттық бағыттарының бірі. Түрік жағалауындағы мұнай терминалдары арқылы біздің елдің шикізаты Жерорта теңізі нарығына шығарылады.

Сарапшылардың айтуынша, Түркия нарығындағы ресейлік үлестің азаюы Қазақстанға экспорт көлемін арттырып қана қоймай, геосаяси тұрғыда да бәсекелік артықшылық береді. Себебі түрік бағытындағы тасымал Баку–Тбилиси–Жейхан құбыры арқылы өтеді және ол Батыс санкцияларына тәуелсіз балама дәліз ретінде қарастырылады.