Түркия СІМ басшысы: ХАМАС Газа секторын басқаруды тапсыруға дайын
ХАМАС қозғалысы Газа секторын басқаруды палестиналық комитетке беруге дайын.
Бұл туралы Түркияның сыртқы істер министрі Хакан Фидан Катардағы форумда мәлімдеді. Оның айтуынша, сектордың жаңа әкімшілігі мен полициясы ХАМАС толық қарусыздандырылмай тұрып-ақ жұмысын бастауы тиіс.
Фиданның пікірінше, сенімге ие әкімшілікті құру және кәсіби дайындықтан өткен қауіпсіздік күштерін қалыптастырмай ХАМАС-ты қарусыздандыру ықтимал емес. Полицияның жұмысын халықаралық тұрақтандыру күштері қолдайды, алайда министр бұл миссияға қандай елдер қатысатынын нақтылаған жоқ.
Министр сонымен бірге ХАМАС жасақтары жаңа полиция құрылымына кірмейтінін атап өтті. Оның сөзінше, егер ХАМАС пен Израиль атысты тоқтату келісімінің келесі кезеңіне өтпесе, «бұл бүкіл әлем үшін, әсіресе АҚШ үшін үлкен сәтсіздік болады».
Атысты тоқтату келісімі және келесі қадамдар
ХАМАС пен Израиль арасындағы атысты тоқтату туралы келісім қазан айында жасалған. Оның алғашқы кезеңі 2023 жылғы 7 қазанда тұтқындалған израильдік 20 адамды босатуды, оған жауап ретінде Израиль түрмелеріндегі палестиналық тұтқындарды айырбастауды көздеді.
Axios басылымының хабарлауынша, АҚШ президенті Дональд Трамп тараптардың Рождество мейрамына (25 желтоқсан) дейін реттеудің екінші кезеңіне өтеді деп күтеді.
Екінші кезеңнің негізгі тармақтары:
Израиль әскерінің басым бөлігін Газа секторынан шығару;
Халықаралық тұрақтандыру күштерін енгізу;
Жаңа әкімшілік құру.
АҚШ жоспары бойынша жаңа басқару органы — «Бейбітшілік кеңесі» — Араб және Батыс елдерінің шамамен 10 жетекшісінен тұрады.