Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:50

Түркияда Ердоғанның басты саяси қарсыласына қатысты сот процесі басталады

Экрем Имамоғлу
Фото: Ekrem İmamoğlu / Х

Түркияда Стамбул мэрі Экрем Имамоғлына қатысты резонансты сот процесі басталмақ. Бір жылға жуық уақыттан бері қамауда отырған саясаткер 9 наурыз күні сыбайлас жемқорлық ісі бойынша сот алдына келеді.

 Бұл процесс оның саяси болашағына және алдағы президенттік сайлауға қатысу мүмкіндігіне елеулі әсер етуі мүмкін. Бұл туралы Reuters жазды.

55 жастағы Имамоғлы Стамбул әкімдігіне қатысты 400-ден астам адам фигурант болып отырған іс бойынша басты күдікті саналады. Тергеу оларды жемқорлық пен пара алу бойынша айыптап отыр.

Алайда мэрдің өзі және оның партиясы – Республикалық халық партиясы бұл айыптауларды толық жоққа шығарады. Егер кінәлі деп танылса, айыпталушыларға ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.

Сот отырысы Стамбул маңындағы Силиври түрме кешенінде өтеді. Имамоғлы осы жерде бір жылға жуық уақыттан бері қамауда отыр.

Саяси қысым

Бақылаушылардың пікірінше, бұл іс Түркиядағы ең ірі оппозициялық партияға қысым жасау әрекеттерінің бірі болуы мүмкін. Өйткені елде алдағы сайлаулар алдында саяси бәсеке күшейіп келеді.

Reuters агенттігіне берген сұхбатында Имамоғлы күресті тоқтатпайтынын айтып, президент Реджеп Тайип Ердоғанды мерзімінен бұрын сайлау жариялауға шақырды. Дегенмен сот процестеріне байланысты оның президенттік сайлауға қатысу мүмкіндігі бұрынғыдан да күмәнді болып отыр.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары да бұл іске алаңдаушылық білдірді. Human Rights Watch ұйымының Еуропа және Орталық Азия бойынша директорының орынбасары Бенджамин Уордтың айтуынша, прокуратура әрекеттерін Имамоғлыны саясаттан шеттету әрекеті ретінде бағалауға болады.

Биліктің жауабы

Түркия билігі бұл айыптауларды жоққа шығарып, елдің сот жүйесі тәуелсіз жұмыс істейтінін мәлімдеді.

Түркияның әділет министрі Акин Гюрлек (бұған дейін Стамбулдың бас прокуроры ретінде Имамоғлыға қатысты тергеуді басқарған) журналистерге:

«Мен прокурор ретінде өз жұмысымды ғана атқардым. Ар-ұжданым таза», – деді.

Президенттік сайлауға қатысу мәселесі

Имамоғлы үшін тағы бір маңызды кедергі бар. Қаңтар айында сот оның университет дипломының күшін жою туралы шешімге қарсы берген шағымын қабылдамады. Ал Түркия заңнамасы бойынша президенттік сайлауға қатысу үшін жоғары білім туралы диплом міндетті.

Реджеп Тайип Ердоған Түркияны 20 жылдан астам уақыт басқарып келеді. Алдымен премьер-министр, кейін президент қызметін атқарды.

Келесі президенттік және парламенттік сайлау 2028 жылға жоспарланған. Егер Ердоған үшінші мерзімге қайта түскісі келсе, сайлау мерзімінен бұрын өткізілуі немесе Конституциядағы шектеулер өзгертілуі тиіс.

Экрем Имамоғлы 2019 жылы Стамбул мэрі болып сайланып, билік партиясының кандидатын шамамен 12 пайыз айырмашылықпен жеңген. 2024 жылы ол қайтадан осы қызметке сайланған.