Түркияда қонақүйдегі өрттен қаза тапқандар саны 76-ға жетті
Түркияның солтүстік-батысында 12 қабатты ағаш қонақүйде түнде өрт шығып, ішінде 200-ден астам адам болған. Өрт 10 сағаттан соң ауыздықталды. Тоғыз адам ұсталды.
Түркияның солтүстік-батысындағы Карталкая тау шаңғысы курортындағы қонақүйде болған өрттен қаза тапқандар саны 76-ға жетті. Қазірдің өзінде 52 адамның мәйіті анықталды, деп хабарлады Түркия ішкі істер министрі Али Йерликая.
Бұған дейін 66 адамның қаза тауып, 51-інің жараланғаны хабарланған болатын. Өрт 12 қабатты ағаш ғимараттың төртінші қабатынан шыққан. Министрдің айтуынша, өрт шыққан кезде Болу провинциясындағы Гранд Картал қонақүйінде барлығы 238 қонақ болған.
Өрт басталғаннан кейін кейбір қонақтар қонақүй терезелерінен секіріп, кем дегенде екі адам қаза тапты. Басқалары байланған жаймалар мен көрпелерді пайдаланып жерге түсуге тырысты. Өрт орнына ондаған өрт сөндіру көлігі мен 38 жедел жәрдем көлігі жіберілді. Қонақүйдің таудың баурайында орналасуы құтқару жұмыстарын қиындатқан.
Өрт 10 сағаттан соң ғана ауыздықталды. Өртті сөндіруге 200-ден астам адам қатысты. Болу провинциясының губернаторы Абдулализ Айдын өрттің дерлік бақылауға алынғанын айтты. Оның айтуынша, өрттің шығу себебі әлі белгісіз.
Қайғылы оқиғаның себептеріне қатысты тергеу басталып, бұл мақсатқа алты прокурор тағайындалды. Қонақ үй иесін қосқанда тоғыз адам ұсталды, деп хабарлады Ішкі істер министрлігінің басшысы. Олардың қандай айып тағылғаны әзірге белгісіз. Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған 22 қаңтарды ұлттық аза тұту күні деп жариялады.