Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:40

Түркияда Ливия армиясының бас штабы басшысы мінген ұшақ апатқа ұшырады

В
Фото: ашық дереккөз

Түркия астанасы Анкара маңында Ливия қарулы күштері бас штабының басшысы Мұхаммад әл‑Хаддад мінген бизнес-джет апатқа ұшырады. 

Ұшақ бортындағы бес адамның барлығы қаза тапты. Бұл туралы Түркияның ішкі істер министрі Али Ерликая X (бұрынғы Twitter) әлеуметтік желісінде хабарлады.

Министрдің мәліметінше, Анкарадағы Эсенбоға әуежайынан Ливия астанасы Триполиге бағыт алған Falcon 50 ұшағының сынықтары Хаймана ауданына қарасты Кесиккавак ауылынан оңтүстікке қарай шамамен екі шақырым жерден табылған.

«Ұшақ әуеге көтерілгеннен кейін шамамен 40 минут өткен соң байланыс үзілді», – деп жазды Ерликая.

Ұшақ бортында Ливия армиясының бас штаб басшысынан бөлек тағы төрт жолаушы болған. Ливия бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, олардың барлығы жоғары лауазымды әскери шенеуніктер.

Ливия премьер-министрі Абдулхамид Дбейба бұл оқиғаны «қайғылы авиациялық апат» деп атап, Ливия делегациясы Анкарада өткен ресми сапардан елге қайтып келе жатқан сәтте болғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бес адамның қазасы ел үшін «өте ауыр шығын».

Associated Press агенттігінің жазуынша, Мұхаммад әл-Хаддад Ливияның батыс бөлігіндегі қарулы күштердің жоғарғы қолбасшысы болған. Ол ұзақ жылдар бойы бөлшектеніп кеткен Ливия армиясын қайта біріктіру бағытындағы әрекеттерде маңызды рөл атқарған тұлға ретінде танылған.