Түркияда мигранттар мінген қайық пен жағалау күзеті катері соғысып, 14 адам қаза тапты
Түркияның Анталья провинциясындағы Демре ауданы жағалауында заңсыз мигранттарды тасымалдаған қайық пен жағалау күзеті катерінің соғысуы салдарынан 14 адам қаза тапты.
Бұл туралы Anadolu Ajansı хабарлады.
Анталья губернаторы Хулуси Шахиннің 9 наурыз, дүйсенбі күні өткен брифингте айтуынша, таңғы сағат 06:00 шамасында Демре ауданына қарасты Беймелек шағын ауданы жағалауында заңсыз мигранттар отырған кеме анықталған. Олардың арасында Ауғанстаннан келген әйелдер мен балалар да болған.
Губернатордың сөзінше, тоқтау туралы талапқа бағынбай, қашуға тырысқан қайық жоғары жылдамдықпен маневр жасап, нәтижесінде жағалау күзеті катерімен соғысқан.
"Қақтығыс кезінде мигранттардың бір бөлігі теңізге құлап кеткен. Қайықта қалғандардың кейбірі ауыр халде жағалауға жетті. Жағалауға шыққан 14 заңсыз мигрантты жандармерия бөлімшелері ұстады, – деді Хулуси Шахин.
Сонымен қатар тағы 7 мигрант жағалау күзеті қызметкерлері тарапынан құтқарылып, оларға жедел медициналық көмек көрсетілген.
Аймақ басшысының айтуынша, оқиға салдарынан суға батып кеткен 14 адамның мәйіті табылған.
Қазіргі уақытта жағалау күзеті мен жандармерия бөлімшелері құрлықтан, теңізден және әуеден іздестіру-құтқару жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Бұған дейін Италия заңсыз көші-қон ағынын шектеу үшін миграциялық саясатты қатаңдатып, теңіз блокадасын енгізу мәселесін қарастырып жатқаны хабарланған еді.